25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ең жақсы тәубе қандай болуы керек?

Ең жақсы тәубе қандай болуы керек?

Ғибратнама
Жарнама

Алты бірдей жақсы нәрсе (қасиет) бар, алайда сол алты нәрсе алты түрлі адамның бойынан табылса, өте жақсы:

Әділдік – жақсы қасиет, бірақ, ол басшылардың бойында болса, тіптен жақсы. Жомарттық – жақсы қасиет, бірақ ол байлардың бойында болса, жақсы. Тақуалық – жақсы қасиет, бірақ ол ғалымдардың бойында болса, өте жақсы. Сабырлылық – жақсы қасиет, бірақ ол кедейлердің бойынан табылса, өте жақсы. Тәубешілдік – жақсы қасиет, бірақ ол жастардың бойынан табылса, өте жақсы. Ұяттылық – жақсы қасиет, бірақ ол әйелдердің бойынан табылса, өте жақсы. (Әзірет Али (р.а.) жеткізген, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал, 15-1349, 1353, 16-175. Мүнәуи, Фәйзул-Қадир, 4-378. Суюти, Жәмиғу-сағир, 8292-хадис).

Хадиске түсіндірме:
Бұл хадисте бірқатар асыл қасиеттер тілге тиек етілуде. Расында, осынау қасиеттер белгілі бір адамдардың бойынан табылып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Соның бірі – жастардағы тәубешілдік қасиеті.

«Тәубе» сөзінің тілдік мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдіреді. Ал діндегі мағынасы күнәға батып, тура жолдан таю арқылы Алладан алшақтап кеткеннен кейін, пенденің істеген күнәсі үшін өкініш білдіріп, Раббысына қайта оралуы, жүрегіне дақ түсіріп, жан-дүниесін шайқалтқан күнәсін жуып-шаюы дегенді білдіреді. Ал тәубе етудің маңызды-лығына келсек, Құран кәрімде тәубе етудің өте маңызды екенін білдіретін әрі тәубешіл жандардың артықшылығын баяндайтын көптеген аяттар бар. Соның бірі – «Шүбәсіз, Алла тәубешіл жандарды және (тәндік һәм рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді» деген аят. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Құлы тәубеге келгендегі Алла Тағаланың қуанышы қайсыбіреуіңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде кезіктірген сәттегі қуанышынан әлдеқайда артық», – деп, пендесі тәубеге келгенде, Алла Тағаланың қатты қуанатындығын жеткізген. Енді бір хадисінде пенде қанша жерден күнәға батса да, шыбын жаны алқымына келіп тірелмейінше, Алланың мейіріміне үміт арартып, шын ниетімен тәубе еткен жағдайда тәубесі қабыл болатындығын шегелеп айтқан. Иә, мұның бәрі бізге тәубенің адам баласы үшін қаншалықты маңызды әрі баға жетпес мүмкіндік екенін көрсетеді. Өйткені Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Барлық адам күнә-қателік жасайды. Ал қателік жасап, күнәға ұрынғандардың жақсылары – уақыт оздырмай тәубе еткендері», – деген. Осы орайда, әсіресе, алды-артын аңдамайтын албырт жастардың шалыс басып, күнәға бату ықтималы анағұрлым басым. Тіпті жастардың егде адамдарға қарағанда күнә-қателікке жиі ұрынуы таңғаларлық жайт емес. Өйткені албырт шақта арыны күшті нәпсіні құмарлық атаулының бәрінен бірдей тыя білу кімге болса да оңайға соқпасы белгілі. Міне, сондықтан жоғарыдағы хадисте егде тартып, құмары мен күш-қуаты кеміген адамның тәубесіне қарағанда, жастардың тәубесінің Алланың дәргейінде алар орны алабөтен екендігі айтылуда. Ендеше, шын көңілден иман еткен әрбір жас асау нәпсіге жеңіліп, күнәға батқан бойда бірден есін жиып, істеген күнәсі үшін аһ ұрып, өзіне кешірім тілеуі керек.

Кешірім тілеп қана қоймай, нәпіл намаз оқу, нәпіл ораза ұстау, қайыр-садақа беру және өзін Алланың мейіріміне бөлейтін басқа да игі істер істеу арқылы күнәсін жуып-шайғаны, сөйтіп, жүрегіне түскен дақтан дер кезінде арылғаны дұрыс. Мұны істеген жастың рухани жан дүниесі ұдайы тірі болып қала бермек. Ал істеген күнәсі үшін титтей де қынжылмайтын парықсыз, ғапыл пенденің тәні тірі болса да, рухы тірі деуге келмейді. Осыған байланысты «Фурқан» сүресінде былай делінген: «Кімде-кім (істеген күнәсі үшін) аһ ұрып, тәубеге келсе, әрі иман етіп, (өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа (күнәларын сауапқа) айналдырады. Алла өте кешірімді, (әсіресе, тәубе етіп, Өзіне жан-тәнімен бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді». Иә, бұл аятта күнә жасағаннан кейін дереу тәубеге келіп, игілікті істер істегендердің тәубесі қабыл болатындығы, тіпті күнәлары сауапқа айналатындығы баяндалуда. Осы орайда, әзірет Омар (р.а.) халифа болған кезеңде орын алған мына бір оқиғаны айта кетсек артық болмас.

Бір күні әзірет Омар (р.а.) Мәдина көшелерінің бірінде келе жатып, қойнына бөтелке тығып алған бір жас жігітті кезіктіреді. Әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?» – деп сұрайды. Қапелімде әзірет Омармен ұшырасам деп ойламаған әлгі жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Алла Тағала, мені мына кісінің алдында масқара ете көрме! Күнәмді жасыра көр, сөз берем, енді шарап ішпеймін», – деп, ішінен тәубе етіп, жалбарынады. Ақыры тілге келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі, қойнымдағы сірке суы», – деп қалай айтқанын өзі де аңдамай қалады. Әзірет Омар оған: «Қане, көрсетші», – деп, қойнындағы бөтелкені алып қарағанда, ішіндегісі шынымен сірке суы болып шығады. Иә, мейірімі шексіз Алла Тағала құлы шын ниетімен тәубе еткендіктен, харам шарапты адал сірке суына қалай айналдырса, күнәға белшесінен батқан күнәһар құлдары күнәлары үшін шынымен өкініп, тәубеге келсе, Алла олардың күнә шарабын құлшылық сіркесіне айналдырары сөзсіз.

Иә, Ислам тарихында үлкен күнәні былай қойғанда, харамға көзі түсіп кеткені үшін аһ ұрып, сәждеге бас қойған, күнәсін жуып-шаю үшін мұқтаж жандарға қайыр-садақа беруге асыққан, күндіз-түні өзіне кешірім тілеп, жүрекке түскен қара дақты көз жасымен жуып-шайған қаншама тәубешіл жандар, соның ішінде қаншама тәубешіл жастар болды десеңші. Жүректі шайтанның улы оқтарынан қорғау әрі шалыс басып, күнәға батқан бойда бірден аһ ұрып, тәубе ету олардың өмірдегі ең басты ұстанымы еді десек артық айтқандық емес.

Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім. Қазақта осынау ақиқатты меңзейтін хадиспен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» деген аталы сөз бар. Біздің сенімімізде күнәдан пәктік тек періштелер мен пайғамбарларға ғана тән қасиет. Ендеше, мәселе періштедей күнә атаулыдан пәк болу емес, нәпсіге еріп немесе қателесіп күнә жасап қойған жағдайда бірден тәубе етіп, Алладан кешірім тілеуде жатыр. Ал тәубе сөз жүзінде ғана болмауы керек. Тәубенің қабыл болуының басты шарты – өкініш. Өйткені өкініш – жасалған күнәнің парқына жеткендікті білдіреді. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Өкініштің өзі тәубе», – деген. Шынайы тәубенің бұдан басқа да маңызды шарттары бар, соның бірі – жасап қойған күнәні екінші мәрте қайталамауға бел буу болса, енді бірі – күнәнің артынан уақыт оздырмай бірден тәубеге келу. Сондай-ақ, егер жасалған күнә кісі ақысына қатысты болса, ақысы кеткен адамнан кешірім сұрап, көңілін алу да тәубенің маңызды шарттарының біріне жатады.

Құранда Жаратушыға серік қосудан өзге күнә атаулының кешірілетіндігіне уәде берілген. Алла берген уәдесінен әсте таймайды. Олай болса, Жаратушыға серік қосудан өзге қандай үлкен күнәға батсақ та, күнәларымыз қанша жерден көп болса да, Алланың «Ғафур», «Ғаффар», «Тәууәб» деген есімдеріне, бізге берген хақ уағдасы мен шексіз мейіріміне үміт арта отырып, біліп-білмей, жасырын-жария жасаған әрбір күнәнің артынан ұдайы тәубеге келіп отыруымыз керек. Сонда көктегі періштелердің дұғасына еніп, Хақ Тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосыламыз.

материал «Жастарға арналған 30 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: