26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұшқан құсты торға, жүгірген аңды орға түсіретін не?

Ұшқан құсты торға, жүгірген аңды орға түсіретін не?

Ғибратнама
Жарнама

Имам Ғазали: «Барлық құмарлық пен қалаулардың қайнар көзі – азқазан», – дейді. Оның айтуынша, Адам пайғамбар да осы бір қалауының себебінен тыйым салынған ағаштың жемісін жеп, Жәннаттан шығарылған.

Асқазан асқа толғанда, адамның шәһуат сезімдері іске қосылып, үйлену керек болады. Үйленген соң дүние-мүлік пен ақшаға қажеттілік туындайды.

Сөйтіп, ол адам ақша жинай бастайды. Бұл өз кезегінде адамның дүниеге деген құмарлығы мен құштарлығын арттырады. Ал дүниеге қол жеткізу үшін адамға мансап керек болады. Бұл оның бойында мансапқорлық сезімін туғызады. Мансапқа қол жеткізген соң, бұл мансабын қорғауы үшін адамдармен бәсекелестікке түсе бастайды. Бұдан қызғаныш, дұшпандық, кекшілдік, рияқорлық, қыңырлық секілді небір жағымсыз мінездер туады. Міне, осылайша артық ас пен харам асқа толған асқазан барша күнәнің бастауына айналады. Бәлкім, сол үшін де қазақ «тамақ – арсыз» деген болар.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Табиғат ғибраты» атты жазбасында: «Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін – тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі «Адаммын!» деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. «Ол жауы не?» десеңіз, жұтқын тамақ! Жалғанда мазаққа, ақыретте азапқа түсіретін – тамақ. Тамақтан тартылған – бәрінен де халас болады», – дейді.

Бұған мысал ретінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мына бір құстардан үлгі алуға шақырады: «Байғыз деген құс бар: кәріплік, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған жай болса, сонда жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Аузына көлденең тістеген қылдан жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: «Тұрымтай екеш тұрымтай да тайлы биенің етін жейді», – деген. Бір тауыққа һәм дән керек, һәм дафа (дене) керек», – деген. «Бір нәрсені қорек қылып жейтұрғын болсам, соның тірәддінде болып (яғни, соның соңынан кетіп), бейнетке қалсам керек», – деп. Сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді.

Сүлеймен Пайғамбарға барша құстар қызметкер, құл болғанда, байғыз келмеген екен. Сонда Сүлеймен патша:

– Не үшін маған келмейсің? – дегенде,

– Менің жалған дүниеден еш арызым жоқ, «Ішсем, жесем!» деген, ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін?! – дегенде, бұл сөзбенен құлдықтан халас болған (яғни, құлдықтан азат болған, құтылған)».

Бұл мысалдардан кейін тағы бірдеңе деудің өзі артық шығар.
Ақиқатында да, қомағай, ашкөз, ашқарақ, тойымсыз, қанағатсыз болған осынау бір құлқын тесік үшін, яғни жұтқыншақ тамақ үшін адамдардың көбі Аллаға құлшылық қылудан, оны зікір етуден, оның әміріне бойұсынудан, ғибадат етуден, намаз оқудан қалып жүр.

ummet.kz

Бөлісу: