27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

АУЫРЛЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР

АУЫРЛЫҚПЕН БІРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР

Ғибратнама
Жарнама

Өмірден алынған оқиға

        Абдолла Дамаск қаласында көпшілік жастар сияқты жалақысы жоғары, әрі адал жолынан болатын кәсіп іздеп жүрген діндар жігіт еді. Ол мешітте ғалым-ұстаздардан діни білім алып, дәрістерден қалмай қатысып жүретін. Сөйтіп жүргенде, Абдолла көп ақша табуға болатын бір кәсіпке қызығып, оның шариғаттағы үкімін білу үшін мешіттегі сабақ алып жүрген ұстазына сұрағымен келеді. Мәселенің мән-жайын білген ғалым-ұстаз, бұл істің шариғаттағы үкімін, яғни дұрыс еместігін түсіндіріп береді. Ал, Абдолла болса, шариғаттың үкіміне тоқталып, арам кәсіптен, арам ақшадан бас тартып, адал нәпақаны іздеуін жалғастыратын. Дәл осы көрініс Абдолла мен ұстазы арасында бірнеше мәрте қайталанады.

       Күндердің бір күнінде Абдолла кәсіпке қатысты кезекті мазалаған сұрағымен ұстазының алдына келеді. Сонда ұстаз шәкіртінің қатты қиналып кеткенін байқап, арам болса да, кәсібіне рұқсат бермекші болады. Алайда, Алладан шынайы қорыққан Алланың құлы ондай әрекетке бармайтыны ақиқат. Сол себепті, ұстаз оған дұрыс үкімді айтып, әлгі кәсіптің арам екендігін ескертіп айтады. Еш шарасыз қалған Абдолла Алланың үкіміне қарсы келмей, тағдыр сынына мойымай, сабырлықпен адал кәсіп табу мүмкіндіктерін іздеуді одан әрі жалғастырады. Сондай-ақ мешіттегі дәрістерін, құлшылығын бір сәтке болсын тоқтатпайды.

«Кім Алла жолында ауа көшсе, көптеген кең қоныс

және кеңшілік табады»[1]

Көптеген мүмкіндіктерді қарастырып, адал кәсіп іздеген Абдолла бір күні Алла Тағаланың нәсіп етуімен діттегеніне жетті. Алла оған мол ризыққа кенелетін жұмыс береді. Сөйтіп ол жұмыс бабымен Мәдина қаласына көшіп, сол жерде үйленіп, балалы-шағалы болады. Көп уақыт ұзамай туған жеріне Дамаск қаласына қайтып келіп, үлкен үй сатып алып, отбасымен бақытты ғұмыр кешеді.

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар.

Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар»[2]

         Алынатын ғибрат. Мұсылман адамның дүние тіршілігінде әр түрлі сынықтар әлбетте болады. Өмірде көптеген қызықтармен көмкерілген, Алла тыйым салған, арам саналатын нәрселер кездеседі. Алайда, қандай да болсын қиындықтарға қарамастан, сабыр сақтап, адал жолда жүруді қалаған, әрі соған тырмысып, әрекет еткен момынға берілетін сый-сыяпат та ерекше болатыны сөзсіз.

Берікбол ЖАНАҚ

 


[1] «Ниса» сүресі, 100-аят.

[2] «Инширах» сүресі, 5-6 аяттар.

Бөлісу: