26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дұға оқылғанда «әмин» дейтін періштелер жайлы білесіз бе?

Дұға оқылғанда «әмин» дейтін періштелер жайлы білесіз бе?

Ақида
Жарнама

Періштелердің кейбірі жер бетін шарлап құлшылық мекендерін аралайды. Бұл жердегі «таууафун» сөзі шарлайтын деген мағынаны білдіреді.

Жер бетін шарлаған періштелер Аллаға құлшылық жасап жатқан құлдарын көріп Ұлы Жаратушыға былай деп дұға етеді: «Я, Раббым! Дәл қазір сенің құлдарыңның жанындамын. Олар сенің кітабыңды оқуда. Сенің елшіңе салауат айтып Сені ұлықтауда» – дейді. Сонда Ұлы Жаратушы: «Оларды мейіріміме бөлеңдер, олармен бірге болғандар да жаманшылыққа ұшырамайды»,[1] – дейді. Періштелер мүміндердің жасаған дұғаларына да «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деп тұрады.

Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде былай дейді: «Мұсылман адамның бауырына жасаған дұғасы өзі үшін де қабыл. Өйткені ол жерде періште болады. Ол адам дұға еткенде «Cен үшін де әмин» дейді».[2] Ия, хадистің мағынасына бойласақ, әрбір айтылған сөздің дұға ретінде қабыл болып қалу ықтималы бар деген тұжырым шығаруға болады. Сол себепті «Тұқымың құрығыр! Жер жастанғыр! Үнің өшкір!» деген тәрізді қарғыстардан барынша абай болған жөн. Пайғамбарымыз ﷺ: «Сіздер өздеріңізге тек жақсылық үшін дұға етіңіздер. Өйткені періштелер сіздің жасаған дұғаларыңызға «әмин» деп тұрады»,[3] – деп ескерткен еді.

Халықтың бата бергенде «періштенің құлағына шалынсын» деп жататындығы да бекер болмаса керек. Яғни, бұл халық арасында періштеге деген сенімнің берік болғанын, әрі олардың кісінің жасаған дұғасына «әмин» деп тұратынын жақсы білгендігін аңғартса керек. Бұған қоса «Фатиха» сүресінің аяғын ала «әмин» дегенде[4] қосыла «әмин» дейтін періштелер де бар. Бұл жайында мына хадисте былай делінеді: Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың ﷺ бір хадисін былай риуаят етеді: «Имам «ғайрил-мағдууби ‘аләйһим уәладаал-лин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер. Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе (періштелердің дауысымен араласып Мәлаи ағлаға көтерілсе) Алла оның жасаған күнәларын кешіреді».[5] «Имам «самиаллаһу лиман һамидаһ» (Алла Тағала Өзіне мақтау айтқан пендесін естиді) деген уақытта «Аллаһумма Раббәна ләка-л һамд» (Я, Раббым! Барлық мақтау Өзіңе тән) деңіз. Кімнің сөзі періштелердің сөзіне дәл келсе, оның жасаған күнәлары кешіріледі»,[6] – дейді. Яғни адам баласынан бір сәт ажырамайтын бұл періштелер үнемі Алланы ұлықтаумен қатар пенденің жасаған күнәларының кешірілуіне себепкер болады.

Басқа бір хадисте: «Бірде біз пайғамбарымызбен бірге намаз оқып тұр едік. Пайғамбарымыз ﷺ басын рүкүғден көтеріп «самиаллаһу лимән һамидаһ» (Алла Тағала Өзіне мақтау айтқан пендесін естиді) деген кезде артта тұрған саптағылардың бірі «Раббәна уә ләка-л һамд, һамдән кәсирән таиибән мубарәкән фиһ» (Я, Раббы! Саған мол, игі және берекелі мақтау болсын) деді. Намаз оқып болғаннан кейін Алланың Елшісі ﷺ «Я, Раббы! Саған мол, игі және берекелі мақтау болсын» – деген кім? деп сұрады. Біреу «Мен» – деді. Сонда Алланың Елшісі ﷺ «Сен сол сөзді айтқан кезіңде отыздан астам періштенің сол сөзді жарысып жазғанын көрдім»,[7] – деді.

Періштелердің тағы бір тобы күндіз-түні мүміндердің араларында болады. Олар мүміннің құлшылығын қадағалап, есебін Алла Тағала белгілеген мақамға алып шығады. Бұл жайлы Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Жер бетін аралап Алла Тағаланы зікір еткендерді іздейтін періштелер де бар. Бұл періштелер Алла Тағаланы зікір етіп жатқан бір жамағатқа кездессе «Іздегендерің мына жақта» деп бір-бірін шақырады. Барлығы жиналып, Жаратушыны пәктеп мадақтауға, тек Соған ғана құлшылық етіп ұлықтауға жиналған қауымды қанаттарымен бүркеп көк әлеміне дейінгі аралықты толтырады. Алла Тағала оларды жақсы білсе де періштелерінен: «Құлдарым не деп жатыр?», – деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сені тәсбих етіп, Сенің жаратылыс атаулыдан мүлдем пәк екендігіңді паш етуде. Саған тәкбір айтып, ұлықтап, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның теңдессіз екендігін жариялауда. Әрі Сенің берген нығметтеріңе шүкір етіп, мадақтауда. Саған тағзым етіп, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның алдында өздерінің қауқарсыздығын танытуда», – дейді.

Алла Тағала сұрағын жалғастырып былай дейді: – Олар Мені көріп пе еді?

 – Жоқ!

– Көрсе не істер еді?

– Егер Сені көргенде бұрынғыдан да терең құлшылыққа беріліп, шексіз тәсбих етіп, Өзіңді ұлықтай түсер еді.

– Олар не тілейді?

– Олар Сенен Жәннатты тілейді.

– Жәннатты көріп пе еді?

 – Жоқ, Раббымыз! Олар Жәннатты көрмеген.

– Көрсе не істер еді?

– Егер Олар жәннатты көргенде оған естері кетіп, құмартып «Бізге Жәннатты нәсіп ете гөр!» деген тілектері телегей теңіз болып тербетілер еді.  Алла Тағала:

– Олар не нәрседен үрейленеді?

– Әрине, олар Жәһаннамнан үрейленеді.

– Олар Жәһаннамды көріп пе еді?

– Жоқ, Раббымыз олар Жәһаннамды көрмеген.

– Көрсе не істер еді?

– Жәһаннамды көргенде бұрынғыдан бетер қорқып, түршігіп, одан бойын аулақ салуға тырысар еді.   

Осы кезде Алла Тағала: «Ендеше, барлығыңды куә ете отырып, Мен оларды кешірдім!», – дейді. Сонда бір періште: «Олардың арасында пәленше деген күнәһар бір құл бар. Ол – бөлек адам. Оларға жатпайды. Басқа ниетпен барып, қастарына тізе бүккен», – дейді. Сонда рақымы шексіз Алла Тағала: «Оны да кешірдім! Мұндай жамағаттың қасында отырған адам да солардың арқасында бақытқа қол жеткізеді»,[8] – дейді. Яғни Алла Тағала періште дәнекерлігімен адам баласын еш жалғыз қалдырмайды.

Басқа бір хадисте: «Күн шықпай және күн батпай тұрып намаз оқыған адам отқа түспейді»,[9] – делінген. Бұл жерде таң намазы мен екінді намазы айтылып тұр. Ертеңгілік кез ұйқының ең бір тәтті кезі болса, намазшам уақыты жұмыстың нағыз қызып жатқан шағы. Осындай уақытта Алланың разылығы үшін намазын оқыған адамға періштелердің де куәлік ететінін көрудеміз. Адам баласы қай жерде болмасын Ұлы Жаратушыны ойлап, мадақтап, шүкір етіп, Оны ұлықтаса, сол жерде қасынан періштелердің табылатыны анық.

Сонымен қатар хадистерде адамның жүрегіне ақиқатты сездіретін,[10] Құран оқылғанда жер бетіне түсетін,[11] құлшылық, зікір және ғылым мәжілістерін аралап жүретін,[12] күнде таң намазымен намазшамда мүміндермен бірге болып ауысып тұратын таууафун періштелерінің болатындығы айтылады. Ибн Мәжаның риуаяты бойынша пайғамбарымыз ﷺ: «Жұма күні маған көп салауат айтыңдар. Өйткені ол күні періштелердің дайын тұратын күні...»[13]; Әбу Һурайраның риуаяты бойынша Пайғамбарымыздың ﷺ  бір хадисінде: «Періштелер жұма күні мешіттің есігінің алдында тұрады. Әуелгі саптағыларды есепке алады.  Имам хұтпа оқу үшін мінберге шыққанда сапқа тұрып хұтпаны тыңдайды»[14]; «Жер бетін аралайтын Алланың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді»,[15] – деп, мешітке барған адамның сауапқа кенелетінін және біздің айтқан салауаттарымызды Пайғамбарымыздың ﷺ қасиетті рухына жеткізіп, Оның қабыл алған сәлемін біздің жүрегімізге жеткізу борышын өтеуге міндеттелген періштелердің бар екендігін айтады.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Бухари, Даауат, 67; Муслим, Зікір, 35; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/382

[2] Бухари, Зікір, 87; Әбу Дәуд, Уитр, 29

[3] Муслим, Жәнаиз, 7; Ибн Мәжа, Жәнаиз, 6; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 6/297

[4] Бухари, Азан, 11

[5] Бухари, Азан, 111-112, Дауаат, 64; Муслим, Салат, 72; Тирмизи, Салат, 71, Айта кететін жайт ханафи ғалымдары бұл хадистегі «имам да әмин дейді» сөзін негізге алып, «әминді» іштей айту сүннет деген. Себебі, «әмин» сөзін егер имам дауыстап айтатын болғанда пайғамбарымыздың «имам да әмин дейді» деп, имамның да «әмин» дейтіндігін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның әмин деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп, олардың да «әмин» деп айтатындығын анық білдіріп тұр. Қараңыз: М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, А., 2008, 137-138

[6] Бухари, Азан, 125; Бәдул-халқ, 7

[7] Бухари, Азан, 126; Муслим, Мәсажид, 149; Әбу Дәуд, Салат, 119

[8] Бухари, Даауат, 66, Тирмизи, Даауат, 129

[9] Муслим, Мәсажид, 213, Әбу Дәуд, Салат, 9

[10] Тирмизи, Тафсир, 3

[11] Муслим, Фәзайлул-Қуран, 15; Муслим, Мусафирин, 36

[12] Бухари, Даауат, 66; Муслим, Зікір, 25; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 2/252-359

[13] Ибн Мәжа, Жәнаиз, 65

[14] Бухари, Жұма, 31, Бәдул-халқ, 6; Муслим, Жұма, 24-25

[15] Нәсаи, Сәһу, 55

Бөлісу: