26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Абайдың христиан миссионеріне жауабы

Абайдың христиан миссионеріне жауабы

Ақида
Жарнама

Сәдуақас қажы Ғылманиды «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабын төтешеден қазіргі қазақ харпіне аудару барысында бірқатар мәліметтерге ие болған едік. Соның бірі – Абай хакімнің христиан миссионеріне жауабы.

С.Токжигитов[1] Зұлқарнайын туралы өз кітабында «Кәһф» сүресінің 84 және 89 аяттырын келтіріп «…Күн шыққан, батқан орындарына барып сасық қара балшыққа батты» және «Аспан мен жерді Құдайға ұстатып қойды» деп Құранды мінемек болады. Сәдуақас қажы, «Абай ақсақал мен миссионер сұрақ-жауабын келтірсек артық болмас» деп 1860 жылдары[2] Семей өңірінде болған Абай Құнанбайұлы мен христиандық миссионер ортасындағы тартысты жазады. Хәкім жайлы ғұлама келтірген дерек мені де бей-жай қалдырмады. «Аманның да өз сәті болады» демекші, кеш те болса, қолжазбадан көрген деректі харпін өзгертпеген күйінде оқырманмен, Абайтанушы, Сәдуақастанушы, дінтанушы ғылым жолындағылармен бөліскенді жөн көрдім.

Бұл дерек, «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабының қолжазбасында 97-бетінде «Жерді көтеріп тұрған көк өгіз» деген бөлімінде баяндалады.

Бұл жерде С.Ғылмани ақсақал да қалай болса солай беруді жөн көрдім. Мәтін[3] былай:

«Жердің қандай екенін адам білмегенмен Құдай біледі. Ендеше, аптор Зұлқарнайын туралы аятты 18-с, 84-аят, тағы сол сүре 89-аят мәнілерін жазыб күн шыққан, батқан оырындарына барып сасық қара балшыққа батты деп және аспан мен жерді Құдайға ұстатып қойды деп мінейді. Бұлай күнді батты деп мәні беру теріс. Оның түзу мәнісі; батар табты. Батты мен батар табты екі мәні болыб, екі арасы сонша қашық.

Бұл туралы Абай ақсақал мен месионер сұрақ-жауабын келтірсек артық болмас. Ол уақиға былай:

Ресей патшалығы тұсында. Шамасы 1860-жылдарда патша жанынан мұсылмандармен оның ішінде қазақбен дін жайында айтысыб прауслауной дінге тартыб соқындырмақ болыб, Самипалатнск қаласына месионрдің бастығы келеді. Келген Семей қаласында он екі мешіт болатын. Он екісін де жабтырыб бекіттіреді. Кімде-кімнің менің сұрағыма ақыл қанағат қылатындай жауаб берсе ғана ашатын болады. Мұсылмандардың ғалымдары ақылдасыб, бұған жауаб беретін Құнамбайф Ебарһым, одан басқа жауаб бере алмайды деб ат шабтырыб Абайды алдырады. Ол келіб танысыб, білісіб ахрында жауаб беретін болыб дагауыр жасасыб мұсылман жағынан Абай мен үш кісі, хрстиан жағынан жиырмаға тарта адамдар болады. Абай жағындағы Әріб ақын, татардың бір адамы. Жұрттың сөйлесуден қорқуы патшалық заңы бойынша қарсы болған адамды месионр жер аударуға прабалы дегеннен қорқысқан болуы керек.

Сесионр мен Абай ортасында бригауар; екі жағы да ойлағанын айтуға, брабалы ақылға қонымды болған сөзді мақұлдауға, екі жақтың отырғаны сөз қоспауға, жауаб түзу берілсе мешітті ашыб беруге, сол сықылдыларға жасасқан. Көп сұрақ болса керек, бірақ содан екі сұрақ оның жауабы ғана айтылады.

Бірінші сұрақ. Месионер; «Хұдай қаһар қылса бар халықты тарының қауызына сиғызады дейді. Осы ақылға сия ма»?

Абай; «Сияды. Оған мисал адам далаға шығып көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине соның бәрін көрген көздің титтей бір жанары. Махлұқ көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Хұдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай», - депті.

Екінші сұрақ. زوالقارناين (Зұлқарнайын. –ауд.) күннің жерге кіргенін көрді. Күн жерден әлде неше хесса үлкен. Ол қалай? Кірді деу ақылға сия ма? Абай; «Құран تَغْرُبُ деб батар көрді деді. تَدْخُلُ болса жерге кірген деуге сияды. Міне, қараңызшы, күн қай жерден батты десе, біз айтбаймыз ба, «ана Семей таудың ар жағына батты» дейміз. Сол сияқты айтылған сөз» дегенде «Бұл да ақылға сиятын сөз» деп месионер қабылдабты.

Сол сөзді өзі оқыған адам бола тұрып аптор сасық қара балшыққа батты деуі үстірт сөз екені анық. Ендеше, Құранды мінеу орынсыз. Түзу мәні бере алмаған кісіні мінеу керек.

Ал Зұлқарнайын мұсылман. Сол мұсылман ішінде Пайғамбар де кейбіреулер әулие деб кейбіреулер талас қылады. Өзі Ебраһым Пайғамбар тұсында болған адам. Жыл санаудан екі мың жылдан артық уақытта өмір сүрген адам. Оны Ескендір Макидони деушілер болса да, ол тіпті дұрыс емес. Оның аты Әбу Кәріб Шәміс Ғамири деген Яменнен шыққан адам. Ескендір Макидони заманынан қанша ұзақ бұрын болған. Жалғыз-ақ, сондай ұзақ шығыс батысқа барғаннен, екі шетке барды деб Зұлқарнайын аталған. Және Ескендір Макидони арсту мәзһабында, бұл кісі мұсылман.

Жүрген жерлері шығыс-батыс дегеннен басқа айтылмаған. Жалғыз-ақ, екі тау арасын бекітуі анық. Ол қай тау? Көпірек ғалымдар Капказ дейді».

Бүкіл қазақ даласын аузына қаратқан дуалы ауыз, абыз ақсақалдың келтірген деректері қисынсыз деп айта алмаймыз. Себебі, бұл туралы Хакімнің қасында ширек ғасыр бірге жүрген Көкбай Жанатайұлы өз естеліктерінде[4] де қысқаша баян етеді. Онда Көкбай келген миссионердің атының Сергей екенін,жауаптасарлық адам іздегенде тамам халықтың «Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей өз дінінің абиұрын аман сақтап шығуына мешітке жиылып мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жіберткенін» айта келіп, өз жадында қалған естелікті былай жеткізеді:

«Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен үлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. Абай барғанда Сергей де дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана артынан жай әнгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын толық білмеймін. Бірақ, артынан Абайдың өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны:

Сергей: «Мұсылман дінінде құдай күш иесі, қорқытушы. Сондықтан құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты», - деді.

Оған мен: «Біздің Құдай, «Рахман Рахим» қуат иесі қана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты  әке мен баланың арасы сияқты, әке, сүюші ие», - дедім дейді.

Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерін кейінгі уақытта қаланың жатақтары мен шала молдалары ертек қылып әкетті. Соның ішінде Сергей «үй» депті, Абай «бүй» депті деген талай ұйқасты, ұйқассыз сөздер толып жатыр. Бірақ мұның бір де бірін де біз Абайдың өз аузынан естігеніміз жоқ»[5].

Міне, осы екі деректе кейбір қайшылықтар болғанымен біздің тақырыпқа қатысты еш кереғарлық жоқ. Екеуінде де Абай христиандық миссионермен болған дауда нақли дәлелдерін ортаға салады. Ал, ендеше? Бүгінгіде Абайдың діні турасында әртүрлі лақаптар айтып, қисынсыз бұрмалау жасап жүргендер не дер екен?

Ақылды жоққа шығарып немесе ақли дәлелдерді теріс көрушілер ші?

Бұл дерек, Абайдың діни тұрғыда кім болғанын айқындай түссе керек. Ол жағы исламтанушы болмағасын, менің мәселем бола қоймас деп ойлаймын. Өйткені, жөнге жығылып, ақылға тоқтаған, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақтың қарапайым азаматы ғанамын. Ал, пәтуалы сөзді имамдар мен исламтанушылар айта жатар.

Оразбек САПАРХАН


 

[1] Құран мен Ислам құндылықтарын күстаналап, «Құран туралы ақиқаттар» деген кітап жазған автор. Ал, С.Ғылмаин 1970-жылы «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабын осы кітапқа тойтарыс беру мақсатында жазған.

[2] Ғылмани ақсақалдың көрсеткен уақыты.

[3] Мәтінде автордың жазу үлгісі мен стильі сол күйінде сақталды.

[4] Қ. Мұхамедханов. Абайдың ақын шәкірттері (екінші кітап), Алматы: 1994. 134-б

[5] Сонда.

Бөлісу: