26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құраншылар жолы Исламның дәстүрлі ұстанымына қайшы

Құраншылар жолы Исламның дәстүрлі ұстанымына қайшы (1)

Ақида
Жарнама

Құраншылар бағыты жалпы Исламның дәстүрлі ұстанымдары мен ережелеріне жауап бермейтіндігімен ерекшеленеді. Себебі, Ислам тарихының әу басынан бері мұсылман қауымы Пайғамбар (ﷺ) сүннетін ерекше бағалап, ұстанумен келеді.

Құраншылардың ең негізгі дәстүрлі ұстаным мен идеологияғ ақайшы келетін пікірі: «Дін мен шариғаттың үкімдерін баяндап, бекіту үшін сүннеттің ешқандай керегі жоқ. Құранның жалғыз өзі жетіп артады». Құраншы ғалымдардың өз сөзімен келтіретін болсақ, олар былай дейді:  «Құраншы дегеніміз шариғат заңдарын бекіту үшін Құранның өзі ғана жеткілікті болады деп сенетін кісі. Ол өз сөзін Алла Тағаланың мына аяттарына негіздейді: «Міне, осы кітапта ешбір күмән жоқ, тақуаларға тура жол болған кітап» [1, 2/2]. «Саған оқылатын кітап түсіргеніміз олар үшін жеткілікті емес пе?» [1, 29/51]. Осылай, жазғыра айтылған сұрақты естіген құраншы: «Иә, Раббым құлың, әрі Елшің Мұхаммедке (ﷺ) оқу үшін түсірген кітабың жетіп артылады», - деп жауап берді» [2].

Демек, жоғарыдағы айтылған пікір бойынша Құран Кәрім үкімдерінің баршасын баяндайды. Жалпы және арнайы үкімдерді, сондай-ақ, әрбір мәселені бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп айтып түсіндіріп өткен. «Шариғат үкімдерінің барлығы толықтай Құранда баяндалған. Себебі, Құран еш нәрсені тастаған әрі қалдырған емес. Сондықтан, Құранның жалғыз өзі ғана бізге, басқа ешқандай түпнұсқаға мұқтаж болмай, жеткілікті болды. Сүннет деген дүниеге еш қандай қажеттілік жоқ. Ислам шариғатында оның алар орны да жоқ»,  -  деп, жоғарыда айтқанымыздай бұл пікірге Алланың кітабынан өз пайымдауларынша дәлелдер келтіреді.

Мысалы олар: «Біз кітапта еш нәрсені қалдырмадық»[1,  6/38]; «Бұл кітап жалғаннан айтыла салар сөз емес, бірақ одан (Пайғамбардан) алдыңғыны растаушы, барлық нәрсенің толық баяны, иман келтірген қауымға тура жол және рақымдылық болған кітап» [1, 12/111], - деген аяттарды негізге алды.

Сол  сияқты, Құранды «ашық баяндаушы» деп сипаттаған аятты негізге ала отырып, «Құран барлық жағдайды бізге айтып өткен, еш нәрсені қалдырған емес» деді.  Сондай-ақ: «Алла Тағала бұл кітапта діннің ісі болсын, үлкен немесе кішкентай мәселе болсын, адамдардың сеніміне немесе құлшылығына қатысты шариғаттың қандай үкімі болсын толықтай баяндап берген. Олай болса, біз неге басқа жақтан дәлел мен негіз іздеуіміз керек? Құраннан басқа қосымша түп нұсқаның бізге қажеті қанша? Бұл деген Алла Тағаланың дініне қосымша, оған қатысы жоқ нәрсені енгізу болып есептеледі. Алланың шариғатын басқа нәрсемен араластыру болып табылады. Демек, бұл жағдай мүлде дұрыс емес, харам іс. Себебі, біз олай ететін болсақ, Алланың кітабы барлық жағдайды баяндамаған, жеткіліксіз деп кемсіткен боламыз. Әрине, олай ету дінге де, Аллаға да қарсы іс екені анық», - деп олар өз ұстанымдарын негіздейді.

 Әһлі-сүнна ғалымдарының Құран мен сүннетке негіздей отырып, бекіткен үкімдеріне сәйкес, олардың мұндай адасқан пікірлеріне былай деп жауап беруге болады:  «Құраншылардың бұл пікірі  –  Құранды толықтай түсінбеген, меңгермеген және аяттардың түсу тарихынан еш хабары жоқ немесе ниеті дұрыс емес екендігінің айқын дәлелі. Ислам үмметі Құран аяттары көптеген аспектілерінде және үкімдеріне қатысты жалпылама (мужмал [3]) әңгімелеп өтеді деген пікірге тарихтың таңынан бері бір ауыздан келісіп (ижмағ үкімі) бекіткен.

Міне, осындай мужмал аяттардың мақсаты мен мағынасын Пайғамбар (ﷺ) сүннеті бізге түсіндіріп және толықтай баяндап нақтылап береді.

Алла Елшісі (ﷺ) бұл мәселеде тек Алланың әмірін ғана орындайтын еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Раббысының әмірінен ешқашан да тыс әрекетке бармаған. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Сен адамдарға оларға не нәрсе түскенін баяндап беруің үшін Саған зікірді түсірдік, олар осыны пікірлейтін шығар», - дейді» [1, 16/44]. Демек, Құран Кәрім дін мәселелері мен шариғат үкімдерінің негіздерін айтып өтеді. Ал, шариғат мәселелерінің кейбірін толықтай баяндайды және көпшілігін мужмал етеді. Әрине, шариғат мәселелерінің көпшілігінің мужмал әдіспен келуі АллаТағаланың даналығы болатын. Құран өмірлік ережелердің жиынтығы. Адам баласына сол негізгі ережелердің барлығын көрсетіп, енді қалғанын осы ережелер мен негіздерге сала отырып талдай бер деген кітап. Егер Құран ұсақ-түйек мәселелердің барлығын қамтитын кітап десек, қатты қателесеміз. Шариғаттың тарауындағы үкімдерді, яғни мужмал сипатта келген ережелерді Алла Тағала өзінің сүйікті Елшісі Мұхаммедке (ﷺ) баяндап жеткізуді тапсырған. Өйткені, хазреті Мұхаммед (ﷺ) Құранды адамзатқа жеткізуші жай дәнекер ғана емес, оны егжей-тегжейлі түсіндіруші, жалпысын жалқылайтын, кесек айтылған үкімдер мен жалпы айтылған ереже-қағидаларды таратып талдайтын ұлы ұстаз ретінде жіберілген. Сондай-ақ, дінді Пайғамбар мен оның сахабалары түсінгендей түсіну  –  мұсылмандардың адасып кетпеуінің негізгі кепілі. Осындай пікірді Ислам үмметінің ғұламалары ғасырлар бойы ижмағпен қабылдап, өмір сүріп келеді.

"Құраншылар деген кімдер?" атты кітаптан

 


1.Алтай Х. Құран Кәрім қазақша мағынасы және түсінігі – Мадина: Екі Харамның қызметкері Фаһд патшаның Құран Шариф басымкомбинаты. 1990 ж. – 604 б.

2.http://www.ahl-alquran.com/arabic/show_article.php?main_id=346

3.Имам Сарахси: Мақсаты айтылған тарап өзі түсіндіріп бермегенше, түсініксіз болатын сөз –дейді.

Бөлісу: