26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иман және амал

Ақида
Жарнама

Ислам мазхабтары арасында иман мен амалды бір ұғым ретінде немесе керісінше екеуінің екі басқа ұғым ретінде түсінілуі жайлы пікірталас бар. Муғтазила, Харижит, Зайдия мазхабтары мен кейбір ғалымдар амалды иманның ажырамас бөлігі ретінде қабылдап, амалды тәрк еткен кісіні мұсылман ретінде санамайтын да жағдайға барды. Ал Әхлу сунна ғалымдарының басым көпшілігінің көзқарастары амал иманның бір бөлігі емес дегенге саяды.

Амал мен иман екеуі екі нәрсе болғандықтан, жүрегінде иманы бар және оны тілімен айтқан кісі мұсылман болады. Мұндай жағдайда, әлгі кісі амалды тәрк еткендігі үшін кәпір болмайды, тек күнәхар мумин болады. Қайталап айтамыз, соңғысы әхлу сунна ғалымдарының пәтуасы. Ақылға қонымдысы да осы.

Ендігі жерде амалды иманның бір бөлігі деп санаған мазхабтардың дәлелдеріне  тоқталайық.

а) Амал иманның бір бөлігі дегендердің дәлелдері

Амал иманның бір бөлігі деген Харижит, Муғтазила, Зайдия және Сәләф ғалымдары өздерінің дәлелдерін аят пен хадистен келтіреді.

  • Құран Кәрімнің көптеген жерінде иман мен амал бірге айтылған (Иннәлләзина әмәну уә амилус салихат). Осылай бірге айтылуы ол екеуінің бір нәрсе екендігіне дәлел болады. Яғни, бұл екі ұғым ет пен сүйек секілді бір-бірінен ажырамайды.
  • Мұсылмандар алғашқыда құбыла ретінде Масжидул Ақсаға бет бұрып намаз оқитын. Кейіннен «Бақара» сүресінің 144-аяты түскеннен соң құбыла қағбаға ауысады. Осы оқиғадан кейін кейбір мұсылмандар Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Бастапқыда Мәсжидул Ақсаға қарап намаз оқып, құбыла өзгерместен дүниеден өтіп кеткен бауырларымыздың намаздары қалай болар екен?»–деп сұрайды. Бұған жауап ретінде аят түседі: «Алла имандарыңды жоймайды» (Бақара 143) осы аяттағы иман сөзі намаз орнында қолданылып тұр, сондықтан намазды, яғни амалды иманмен теңегендіктен амал мен иман екеуі бір нәрсе болады. Кім амалды тәрк етсе, иманы жарамсыз болып қалады.
  • Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Мұнафықтар мен біздің арамыздағы уәде, парық – намаз. Кім оны тәрк ететін болса, кәпір болады,» (Тирмизи)–деген. Амал иманнан бөлек нәрсе болғанда намазды тәрк еткен кісі тек қана күнәхар болуы тиыс еді. Бірақ, бұл жерде кәпір деп нақты айтылып тұрғандықтан, амал иманның бір бөлігі екендігіне дәлел болады.
  • Басқа бір хадис шарифте: «Зина еткен кісі мумин бола тұрып зина етпейді. Ұрлық істеген кісі де мумин бола тұра ұрламайды. Ішкілік ішкен кісі де мумин бола тұра ішпейді» (Муслим) делінеді. Бұл хадис –иман мен амалдың бір екендігін білдіреді. Егер иман мен амал бөлек нәрсе болғанда адамның зина еткен, ұрлық жасаған және ішімдік ішкен кезінде мумин болуы керек еді. Бірақ бұл амалдарды жасаған кезінде адам мумин ретінде жасамайды деп түсіндіріледі.

ә) Амал мен иман екеуі екі бөлек ұғым дегендердің пікірі жайлы

Матуриди мен Ашғари кәләмшылары мен Ханафи ғұламалары бойынша, амал иманның бір бөлігі болып есептелмейді. Адам иман негіздерін жүрегімен қуаттап, сенгендерін тілімен айтса, бірақ амалдардың біреуін немесе бірнешеуін орындамаса, имансыз болмайды, тек күнәхар деген үкім беріледі. Ондай кісі о дүнииеде Алланың рахметіне бөленіп кешіріледі, не азапқа түседі. Дегенмен, жүрегінде иманы болып, тасдиқ еткендіктен соңында жаннатқа кіретіндігін қабыл етеді. Мәселе, осылай болғандықтан, суннит кәләмшылар иман мен амалды екі нәрсе деп есептеп, бұл пікірлерін нақтылау үшін аят пен хадистен дәлел келтіреді. Әхлу сунна ақидасы бойынша адам исламның қандай да бір әмірі немесе тыйымын қабыл етпеген жағдайда ғана кәпір болады. Әмір мен тыйымдарды қабыл етіп орындамаса немесе амал етпеген кезде кәпір емес күнәхар мумин болады. Себебі, амал иманның бір бөлігі емес, екеуі екі түрлі нәрсе. Мұның дәлелі төмендегідей болып келеді:

  • Құран Кәрімде: «Иннәлләзина әмәну уа амилус-салихат – иман еткендер және ізгі іс істегендер...» деп басталатын көптеген аят бар. Міне осы аяттарда иман еткендер мен ізгі іс істегендер деп бөлек-бөлек айтуда. Егер амал иманның бір бөлігі болғанда тек қана «иман еткендер» деп айтылып, қосымша «салих амал істегендер» деп айтылмайтын еді. Бұны былай да түсінуге болады: «Ахмет келді» десек дұрыс бола ма? Әлде «Ахмет екі қол, екі аяғымен келді» деген дұрыс болады ма? Әрине «Ахмет келді» дегеніміз дұрыс болады. Себебі, Ахмет келген кезде оның мүшелері де өзімен бірге келгендіктен мүшелерін жеке-жеке айтудың керегі жоқ. Өйткені, оның мүшелері денесінің, яғни Ахметтің бір бөлшегі, одан ажырамас нәрсе болып табылады. Ал егер Ахмет сөмке ұстап келсе, онда біз «Ахмет сөмкемен келді» деп айтар едік. Неге десеңіз, сөмке Ахметтің бір мүшесі емес, одан тыс, бөлек нәрсе болғандықтан оның атын атап айтамыз. Міне, сол сияқты амал да иманның бір бөлігі емес. Егер амал иманның бір бөлігі болғанда «Ахмет келді» деген секілді «Иман еткендер» деп айтылу керек еді де, салих амал соның ішіне кіріп кетуі тиіс болатын. Олай болса, амал иманнан бөлек. Себебі, Алла Құранда «иман еткендер және салих амал жасағандар» деп ашып көрсетуде.
  • Кейбір аяттарда иман амалдың қабыл болуы үшін шарт ретінде көрсетілді. Мына аяттың мағынасынан әлгіндей ұғым шығады: «Ал кім иман келтірген түрде түзу іс істесе, сонда ол жамандықтардың артуынан жақсылықтарының кемуінен қорықпайды» (Таха 112). Сонда бұл аят бойынша иман амалдың шарты болып тұр. Егер де амал мен иман бір нәрсе болғанда, немесе амал иманның бір бөлігі болғанда екеуін бөлек-бөлек айтпас еді.
  • Кей аяттарда үлкен күнә мен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болатын болса, үлкен күнә істеген мұсылман кісі кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен» деп айтылмас еді. Мысалы аятта былай дейді: «Егер муминдерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар» (Хужурат 9). Ислам діні бойынша, адам өлтіру – үлкен күнә. Міне сол күнәні иман еткен кісілер жасайтын болса да, оларға «муминдер» деп айтып отыр. Бұл да амалдың иманнан бөлек екендігін білдіреді.
  • Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадис шарифте былай дейді: «Әрбір абзал және күнәхар муминның артында тұрып (иқтида етіп деген сөз) намаз оқыңдар» (Байхақи, Файдул қадир). Егер күнәхар болу, әмір етілген нәрсені жасамай немесе тыйым салынған істерді жасау діннен шығаратын амалдар болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күнәхар кісінің артында ұйып намаз оқуға рұқсат етпес еді. Өйткені, мумин емес кісінің артында оған ұйып намаз оқылмайды.
  • Адамзатқа жіберілген барлық пайғамбарлардың (а.с) таблиғ еткен иман негіздері үнемі бірдей болып жалғасып отырды. Алайда кейбір амалдармен байланысты бөлімдер өзгеріп тұрды. Егер амал иманның ажырамас бір бөлігі болғанда, амалдарда да ешқандай өзгеріс болмау керек еді. Иман негіздерінде өзгеріс болмай амалдарда өзгерістің болуы да екеуінің екі бөлек нәрсе екендігін көрсетеді.
  • Амалдардың көпшілігі уақытқа байланысты орындалады. Мәселен, намаз өзінің бекітілген уақытынан бұрын оқылмайды. Рамазан айының оразасы да басқа бір айда ұсталмайды. Сондай-ақ, қалаған уақытыңызда қажылыққа бара алмайсыз. Ал иман болса, ешқандай уақытқа тәуелді емес. Иман ету үшін арнайы бір уақыт жоқ, қалаған уақытыңызда иман келтіруіңізге болады.
  • Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезеңінен бастап, әйгілі дін ғалымдарымыз жүрегінде иманы болған және иманын тілімен айтқан, бірақ амалдарды орындамай, тыйымдарды аяқ асты еткен кісілерді мумин деп есептеген. Ондай жандар өлгенде жаназалары шығарылып, дұға етіліп, оларға Алладан жарылқау тіленген. Асылында, мұсылман емес кісілердің жаназасын шығаруға, артынан дұға етіп, Алладан ол үшін жарылқау тілеуге болмайды. Себебі Алла мына аятпен бұған тыйым салған: «Олардан біреу өлсе әсте жаназа оқыма да, қабірінің басында тұрма. Өйткені олар Аллаға, Пайғамбарына қарсы келді. Сондай-ақ олар бұзық күйінде өлді.» (Тәубе 84)

«Пайғамбарға және муминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды.» (Тәубе 113)

б) Амалдың қажеттілігі

Әхлу сунна ғалымдары амалды иманның бір бөлігі деп есептемегенімен екеуінің арасындағы ажырамас байланыстың бар екендігін жоққа шығармайды. Себебі, амалсыз иманның ақыретте пайда беруі екіталай. Иманның кәміл болуы, жетілуі, қуатты болуы амалға байланысты. Амал болған жағдайда иман қуатты болады. Ал иман қуатты, күшті болса, адамның ықыласы соншалықты артады. Иман жанып тұрған шам секілді, амал сол шамды қалқалап, жарығын күшейтетін шыны іспетті.

Иман ету Алла Тағаланың әмірі болса, амал ету де сол әмір арқылы жүзеге асады. Бұйырылған әмірдің біреуін жасап, екіншісін орындамау адамды адасушылыққа, қала берсе күпірлікке апарады.

Пенделердің жаннатқа иманымен кіретіндігі, иманына, амалына қарап мәртебелерімен баратын жаннат орындары болатындығы Құранда баян етілгендігі белгілі. Бұған, жаннатта Райян деген есіктен тек қана ораза ұстағандар ғана кіретіні секілді жағдаяттар толықтай мысал бола алады.

Ислам дініне кіру тек иман етумен ғана шектелмейді. Мумин сипатын алған пенде Жаратқанның алдында өзінің шын мәнінде, әлсіз құл екендігін, Алланың жаратуымен өмірге келгендігін терең ұғынып, соның шүкіршілігімен мойнындағы қарыздарын ең алдымен, амал ету арқылы өтейді.

Иман жүрекпен ғана шектеліп, амалдар орындалмаған жағдайда адам жеміссіз қуарған ағаштың кейпіне түседі. Немесе қол-аяғы кем адам секілді болады. Адам кеудедегі шыбын жанының арқасында қол, аяқсыз өмір сүре береді. Ол адам болғанымен кемтар, яки шолақ адам атаныды. Сол сияқты амалсыз адам да кемтар. Алла Тағала Асыр сүресінде: «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бірі-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескедер, олар зиянға ұшырамайды.» (Асыр 1-3) – деп, о дүниеде зиянға ұшырамайтындар қатарында иман етіп, ізгі (салих) амал жасағандар ғана болатындығын білдіреді.

Сондықтан біз иман етсем болғаны, әйтеуір жаннатқа барады екенмін деген түсініктен арылуымыз керек. Тек иман етумен ешқайда бара алмаймыз, ізгі амалсыз Алланың ризалығына бөлене алмаймыз. Біздің мәртебемізді көтеретін де ең алдымен сол салих амалдарымыз.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: