26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иманның артып-кемуі

Ақида
Жарнама

Амалды иманның бір бөлігі деп есептеген Харижиттер, Муғтазила, Зәйдия мазхабтарымен бірге кейбір ғалымдардың көзқарастары бойынша иман сан жағынан да, сапа жағынан да артады, кемиді. Иманның артуы жақсы амал істеумен жүзеге асса, кемуі жаман амал істеумен болады деп сенеді. Бұл мәселеде олар төмендегі аяттарға сүйенеді:

 

«Егер бір сүре түсірілген кезде олардың арасында: «Бұл сендердің қайсыларыңның иманыңа иман қосты?»–дейтіндер бар. Ал муминдер туралы айтсақ, бұл сүре олардың имандарын нығайта түсті де, бұған олар қуанды.» (Тәубе 124)

«Ол сондай Алла муминдердің иманын арттыра түсу үшін олардың жүректеріне тоқтау салды.» (Фатх 4)

«Сөзсіз муминдер Алла еске алынса, жүректері қобалжиді да, оларға Алланың аяттары оқылса, сенімдері артып, Раббыларына тәуекел етеді.» (Әнфал 2)

Бұл айтылған аяттар жайында Матуриди ғалымдарының бірі Нуруддин әс-Сабуни «әл Бидая фи усулид-дин» деген еңбегінде: «Имандарын арттырады мағынасындағы аяттарға келетін болсақ, бұл бапта айтылған аяттардың бірнеше мағынаны қамтуы мүмкін. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с) дәуірінде иман маселелерінің жан-жақтылығы тұрғысынан иманның арту ықтималы болуы мүмкін. Яғни, Пайғамбар (с.ғ.с) дәуірінде жиі-жиі жаңа аяттар, жаңа үкімдер түсіп отырды. Ал сахабалар ижмали имандарына қосымша келіп жатқан осы тектегі аяттар мен үкімдерге жеке-жеке иман етуі керек еді. Сондықтан иман мәселесінде оларда ұдайы арту болатын. Демек иманның артуы оның кемелденуі, әрі әсерлі болу тұрғысына және нұрының жарқырауы мағынасына келуі де мүмкін»–дейді. (Әл-Бидая фи усулиддин)

Ал әхлу сунна сенімі бойынша иманның артып-кемуін екі тұрғыдан түсіндіруге болады:

1)Иман–сенілуі керек болған мәселелер тұрғысынан артпайды және кемімейді. Өйткені әрбір мумин мен мұсылман кісі үшін иман негіздері алтау: «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне сену.» бұлар артпайды да, кемімейді де. Ешкім басқаларға қарағанда өзгеше иман ете алмайды. Бұлай болғанда, жаңадан иман еткен кісі мен өмірі бойынша мумин болған адамның иманы бір болады.

Имам Ағзам Абу Ханифа (р.а) бұл жайында былай дейді: «Иман артпайды да, кемімейді де. Өйткені, иманның артуы тек күпірдің кемуімен, имманның кемуі де тек күпірдің артуымен жүзеге асады. Бір кісінің бір уақытта әрі мумин, әрі кәпір болуы мүмкін емес, бұл қате түсінік.»

2)Ал енді сапа жағынан алатын болса, иман әрі артады, әрі кемиді. Кейбір кісілердің иманы берік, бірінікі кәміл, келесі бірінікі әлсіз болып келуі де сондықтан. Жоғарыда иманның артатындығын баян еткен аяттар да негізінен иманның сапа жағынан әрі артып, әрі кемитіндігін білдіреді. Мысалы, Хазіреті Омардың, Алидің өзге де сазабалардың (р.а) иманы мен біздің иманымызды сапа тұрғысынан алғанда біздердікі төмен. Ол кісілердің иманымен өзіміздің иманымызды салыстыра алмаймыз. Хазіреті Абу Бәкір мен қатардағы бір мұсылманның иманын бір деп айта алмайтынымыз түсінікті. Себебі, сахабалар иманы кәміл, әрі берік болатын.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: