26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Иман түрлері

Ақида
Жарнама

а) Ижмали иман

Ижмали иман дегеніміз – бір ауыз сөзбен Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Алла тарапынан әкелген барлық нәрселеріне сену деген сөз. Бұл иман ететін ең қысқа жолы болып саналады. Ижмали иман кәлима таухид және кәлима шахадаттан тұрады.

  • Кәлима таухид: Лә иләһә иллаллаһу Мухаммадур Расулулла, яғни Алладан басқа тәңір жоқ, Мухаммед Оның елшісі.
  • Кәлима шахада: Әшһәду ән лә иләһә Иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уа расулуһу, яғни Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне, Мұхаммед Оның құлы және елшісі екендігіне куәлік етемін.

Ислам дінінің негізгі тірегі осы айтылған кәлима болып есептеледі. Себебі, Алланы тек жаратушы тәңірі деп сенген, Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с) Оның елшісі ретінде қабыл еткен кісі басқа да иман негіздерін қабылдағандығын білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) пайғамбарлығына сену оның әкелген бүкіл діни негіздері мен қағидаларына сену деген сөз. Өйткені басқа да иман негіздері Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтуымен біздерге жетті және оларға иман етуді Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұйырды. Сондықтан, Алла елшісін қуаттау, Оның әкелген барлық нәрсесіне бір ауыз сөзбен иман еткенін білдіру «ижмали иман» болып табылады. Яғни ижмали иманның ерекшелігі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) үйреткен иман негіздеріне жеке тоқталмастан бәрін бір сөзбен айту арқылы иман ету болып саналады.

Бір пендеге ең алдымен парыз болатын жайт, біріншіден Алланың ұлылығына, бар екеніне, бірлігіне, шексіз құдірет иесі екеніне, Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) пайғамбарлығына ешқандай күдіксіз, күмәнсіз сенуі керек. Сонда ғана ол кісі мумин бола алады. Содан кейін діни үкімдер мен өзге де иман негіздерін біртіндеп үйренеді.

ә) Тафсили иман

Тафсили иман дегеніміз – иман етілетін, яғни сенуі, илануы керек болған нәрселердің әрқайсысына жеке-жеке сену деген сөз. Тафсили иман иманның ең ауқымдысы. Тафсили иманның үш мәртебесі болады:

  • Бірінші мәртебесі: Аллаға, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) Алланың пайғамбары екендігіне және ақырет күніне нақты сену. Тафсили иманның бірінші мәртебесі ижмали иманға қарағанда, ақыретке сенуді қосып айтуымен ерекшеленеді.
  • Екінші мәртебесі: Әмәнту биллә. Яғни, Аллаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге, жәннәт пен жәһәннамның бар екендігіне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне сену.
  • Үшінші мәртебесі: Құран мен мутауатир хадистермен бекітілген барлық и’тиқади, амали және ахлақи үкімдердің бәріне жеке-жеке тоқталып, Алла мен оның елшісінің бұйырған әмірі мен тыйымдарына сену. Мысалы: намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз амалдарға, халал мен харам амалдарға шын жүрекпен сену «тафсили иман» болып саналады.

Ижмали иманды дәнге, ал тафсили иманды сол дәннің жемісіне ұқсатуға болады.

б) Тақлиди иман

Тақлиди иман дегеніміз – әке-шешеден, ұстаздан немесе өмір сүріп жатқан ортамыздағы адамдардан естіп, олардан көріп, үйреніп соларға еліктей отырып келтірген иман.

Әбу Ханифа, Суфиян Сәури, Мәлик ибн Әнәс, Аузағи және барлық фиқх ғалымдары (р.а) иманның бұл түрінің дұрыстығын айтады. Бірақ нақли (аят, хадис) әрі ақли дәлелдерді қолданып, сол иманын қуаттамайынша, ондай кісі күнәхар болады дейтін де пікірлер бар.

Ақиқатына келгенде бұқара халықтың иманы көбіне осы тақлиди иманға жатады. Ғалымдар тақлиди иманның үнемі күмәнға ұшырауға (нақты дәлелдермен қуаттандырылмағандықтан), миссионерлердің жетегінде кетуге бейімдігі басымырақ екендігін айтады. Сондықтан әрбір мұсылман өзінің сенген иман негіздерін қолынан келгенше, білімінің шама-шарқынша дәлелдермен қуаттауы қажет.

в) Тахқиқи иман

Тахқиқи иман дегеніміз – дәлелдер арқылы Алланың бар және бір екендігіне иман ету. Сондай-ақ, Алланың жер бетіне жіберген діні ислам дінін барлық жағынан шынайы деп қабылдай отырып иман ету. Мысалы, американдық ғарышкер Армстронгтың аспан әлемінде азанның дауысын естіп, артынша исламды қабылдап, иман етуін тахқиқи иман деп айтуға болады.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: