26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланы танудың жолы

Ақида
Жарнама

Расында Алланы тану–ең үлкен уәжіп болып табылады. Алла Тағала құлдарына қай пайғамбарын жіберсе де пенделеріне шынайы Жаратушыны таныстырсын деп жіберген.

Бұл нәрсеге мұғтазил, ашғари және матуриди мектептерінің  өкілдері бірауыздан келіседі. Алайда араларында орын алған келіспеушілік–бұл уәжіп үкіміндегі «Алланы тану» ақыл арқылы бола ма, әлде нақыл (Құран мен хадис) арқылы бола ма деген мәселеде еді.

Зерттей келе бұл мәселе айналасында үш түрлі көзқарастың бар екенін байқаймыз, олар:

1)Ақыл арқылы болады дегендер:

Бұл көзқарасты муғтазил мектебінің өкілдері айтқан. Олардың айтуынша Алланы тану тек ақыл арқылы болады. Бұл туралы муғтазил мектебінің өкілі Қазы Абдулжаббар: «Егер біреу: «Алла саған уәжіп еткен ең әуелгі нәрсе не?»–деп сұраса, оған: «Алланы тануға жетелейтін ой жүгірту, назар салу,»–деп жауап бер. Себебі Алла Тағала зарури (табиғи халде) немесе көзге көріну арқылы танылмайды, сондықтан да назар салып, ой жүгірту арқылы тануымыз уәжіп болады,»–дейді.

Бұл мектептің көзқарасында ақылдың болуы–танымның көрінісі емес, алайда Алланы танудың уәжіп болуына себеп болып табылады. Сол үшін де Қазы Абдулжаббар: «Алла Тағаланы тану тек ақылға сүйенген дәлелмен болады,»–дейді.

Мұнда мұғтазил мектебінің ақылға шамадан тыс қатты сүйенгендерін байқай аламыз.

2)Нақыл арқылы болады дегендер:

Бұл көзқарас иелері–хашауилер. Олар Алланы тану туралы мәтінге сүйенген. Алланы тануда ақыл қауқарсыз деп білген. Себебі мұнда қарастырылатын нәрсе құдайдың заты, ал ақыл болса шариғаттың сызып берген шеңберіне тоқтай қоймайды дейді.

Бұл көзқарас иелері ақылды мүлдем ысырып тастаған. Ақылдың Алланы танудағы рөлінен ғапыл болғандары байқалады.

3)Ақыл мен нақыл екеуімен бірге болады дегендер:

Бұл көзқарас ашғари мен матуриди мектептеріне тиесілі, алайда араларында кішігірім айырмашылық бар. Ашғариліктердің айтуынша Алла Тағаланы тану нақылмен (Құран мен сүннет мәтінімен) бекітіледі де дәлел келтіру ақылмен болады. Имам Ижи «Мауақиф» кітабында: «Алла Тағаланы тануға ой жүгірту–бірауыздан уәжіп болып табылады. Алайда бекіту жолында айырмашылықтар бар. Біздің көзқарас өкілдерінің айтуынша оның жолы–есту (яғни нақыл) жолы арқылы болады,»–дейді.

Имам Бақиллани: «Расында Алла Тағаланың барша құлдарына ең әуелгі парыз еткені–аяттарына назар салулары, құдіретімен жаратқандарына ой жүгіртіп қараулары болған. Құдіретінің әсерлері мен құдайылығына куәлік ететін нәрселерден Алланы танулары керек болған. Себебі Алла зарури (табиғи түрде) білінбейді, сезім мүшелерімен сезілмейді. Алайда Оның бар екені іс-әрекеттерінен туындаған анық дәлелдермен білінеді,»–деді.

Имам Жуайни: «Егер біреу: «Алланы танудың уәжіп екенінің шариғаттағы дәлелі не?»–деп сұраса, оған: «мұсылмандардың бірауыздан құптаған келісімі (ижмағы) дәлел болады,»–деп жауап береміз,»–дейді.

Ал матуриди мектебінің көзқарасында Алланы ақыл арқылы тануға болады. Оған жаратылыстардың бойына салынған Алла Тағалаға сілтеме жасайтын таңғажайыптар дәлел бола алады. Алла Тағала бізге соларға назар салуға әмір етеді. Алайда ақылдың осындай қабілеті болса да матуриди мектебінің ұстанымында ол–белгіленіп берілген шегінен аса алмайтын шектеулі жаратылыс қана. Осылайша матуриди мектебінің мұғтазилдер сияқты ақылды жүгенсіз жіберіп қоймаған. Бұл тұста Имам Матуриди былай дейді: «Алла Тағаланың:

لِئَلَّا يَكُونَ لِلنَّاسِ عَلَى اللَّهِ حُجَّةٌ بَعْدَ الرُّسُلِ

«Елшілерден кейін адамдардың Аллаға қарсы дәлелдері болмауы үшін...» (Ниса 165) аятындағы «дәлел» ақылдың дәлеліне сілтеме жасауы мүмкін. Ал шариғат пен ғибадат мәселелеріне келсек, онда ол тек нақыл жолымен болады. Ол ақыл арқылы танылмайды. Сондықтан да ол ақыл дәлелі емес. Ал дінді қажет ететін нәрсе–ақыл. Сол үшін де олардың Аллаға қарсы дәлелдері болмайды. Себебі әрқайсысын  жаратылысында дәлелдер бар. Егер олар ол туралы ойланып, оған ой жүгіртер болса, онда Алланың барына, жалғыздығына, әрі құдай екеніне көз жеткізері сөзсіз».

Имам Матуриди Құранның:

وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّىٰ نَبْعَثَ رَسُولًا

«Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз,» (Исра 15) аятын: «Оларға таухидтің дәлелі айтылды, әрі ол дәлел ақыл жолы арқылы болғанын көре аламыз, себебі

وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّىٰ نَبْعَثَ رَسُولًا

«Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз,» демес бұрын ақыл арқылы дәлел келтірілмесе, пайғамбарлар оларды дінге шақырғанда олар пайғамбарларға: «Сендер кімсіңдер? Сендерді бізге кім жіберді?»–деп сұрар еді. Алайда олар олай демегендері оларға бұған дейін бұл дәлелдің келтірілгенін көрсетеді,»–дейді.

Имам Матуриди бұл сөзін ұстазы Имам Абу Ханифадан алғанға ұқсайды.  Осы мәселеге қатысты Имам Бабирти Имам Абу Ханифаның мына сөзін жеткізеді: «Иман ету ақыл арқылы уәжіп болатындығы туралы Абу Ханифадан (р.а) риуаят етілген. Хаким Маруази «Мунтақа» кітабында Абу Ханифаның (р.а): «Көктің, өзінің және басқа да нәрселердің жаратылысына қараған қандай да бір адамның Жаратушысын танымадым дейтіндей ешбір сылтауы жоқ,»–дегенін келтірген. Сол сияқты Абу Ханифаның: «Егер пайғамбарлар жіберілмегенде бәрібірде пенделеріне Оны ақылдарымен тану уәжіп болар еді,»–деген сөзі айтылған.»

(Материял «Әл-Уасит фи ъақаид әл-Имам әл-Матуриди» кітабынан аударылған)

Ummet.kz

Бөлісу: