26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәзһаб – ынтымақ кепілі

Ақида
Жарнама

Сонау ғасырлар бойы пайғамбар үмметінің ынтымағын арттырып, қырық пышақ болып, қырқысудан һәм жік-жікке бөлінуден сақтап, бірлікке шақыруда төрт мәзһабтың дінімізде алар орны бір төбе. Оның айғағын ислам тарихынан анық аңғарамыз. Дегенмен, жүрегі қыңырлықты қалаған бәзбіреулер жоқ жерден дау іздеп, «мәзһабтың не керегі бар?» деген желеумен елге іріткі салып жатқаны қынжылтады. Тіпті, мұндайлардың қатары діни сауатсыз жастар жағымен артып келе жатқаны алаңдатады.

Тасада тұрып тас атқан дін дұшпандарының қол шоқпарына айналғанын сол жастар ескермей жатады. Өкінішке орай, Жаратушысы бір, Пайғамбары бір, Құраны бір, құбыласы бір бөлінуге ешбір негізі жоқ бейбіт мұсылман жұртын осындай арандатушылық әрекеттер билеп барады.  Дегенмен, мұның да заңдылық екенін Алла Елшісінің (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) мына сөзінен аңғарамыз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Яхудилер жетпіс бір топқа, христиандар жетпіс екі топқа, үмметім де жетпіс үш топқа бөлінеді. Осы жетпіс үш топтың ішіндегі біреуі ғана жәннатқа барады, қалғаны тозақтық болады», – дейді. Сонда қасында тұрған сахабаның бірі: «Уа, Расулалла! Жәннатқа баратын топ қайсысы?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Менің және асхабымның (ізбасарларымның) жүрген жолымен жүргендер», – деп жауап береді (Имам Әбу Дәуід, Сунән).  

Дәл бүгінгі әлемде және ішінара елімізде болып жатқан діни түсініспеушіліктердің бір ұшы осы мәзһабты жоққа шығарушылардың қолымен жасалып жатыр. Иә, Алладан шынайы қорқатын, ақырет қамын ойлайтын, нағыз шариғи жауапкершілігін сезінген мұсылман тілімен де, ісімен де  зиян тигізбесі ақиқат. Бір-бірін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, мұсылман үмбеті бірлігінің  тамаша үлгісін шартарапқа жаяды. Ал, дін ұстандым деп «сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп тартысу жақсылық әкелмейді. Мұндай қыңыржақ,  дауласуға бейім мұсылман бауырларымызға қарап, әлі де болса исламды дұрыс тани түсу  керек екенін айтқымыз келеді.  

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) былай дейді«Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар болсаңыздар), міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар!» (Хадис Әнәс ибн Мәліктен жеткен, ибн Әбу Асым «Әс-суннә»). Бұл қара топ исламның алғашқы кезеңінен ғасырдан ғасырға жалғасқан «Әһли сүннет уәл-жамағат» жолы. Осы аталған үлкен көшке қосылмай, бүйректен сирақ шығарып жүрген бөлінушілер бүгінде жетерлік. Жамағат болып бөлінуді былай қойғанда, бір отбасындағы екі ағайынды мұсылман бірін бірі «кәпір» санап, бір-біріне алакөз болуға көшті.

Келесі хадисте: «Үмбетімнің ғалымдары арасындағы айырмашылықрақымдылық»,– деген. Қазіргі таңда діни білімнің баспалдағын аттай қоймаған бауырларымыз өз беттерімен Құран және сүннеттен тікелей үкім шығарып, соны шариғат  санауда. Ал мұның себебінен алдымен өзін, кейін өзгені адастыруда. Оның басты қателігі, Құран мен сүннеттен үкім шығарудың шарттарын меңгерген мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифа сынды мүжтәһид ғалымдарға ауадай зәру екенін ескермеуінен. Алла Тағала

Құран Кәрімде былай деген: «Егер білмесеңдер, кітап (білім) иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят). Ислам әлеміне кеңінен танымал мынадай төрт мәзһаб бар: Ханафи, Шафиғи Малики, Ханбали. Осы мәзһабтарды мұсылман жұртшылығы он ғасырдан бері ұстанып келеді. Сол үшін үмбет мәзһаб жолымен бағыттарын айқындап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ынтымақта тірлік кешуде. Мәзһабты ұстамай-ақ, дінмен жүре беремін деу жазық далада жүріп, компассыз жол іздеген кісінің кейпін елестетеді.

Мұның барлығы білімнің саяздығынан туындаса керек. Бүгінгі заманның  ғалымы, шейх (марқұм) Рамадан әл-Бути мәзһабсыздыққа шақыратын кісілерді: «Исламдағы ең қатерлі бидғат иелері» деп айтқан. Ол мәзһабсыздықты «дінсіздікке алып баратын көпір» деп бағамдаған. Қашанда бірлікті сақтау  парызымыз. Олай болса, тонның ішкі бауындай күллі мұсылманның бірлігін мұрат тұтқан мәзһабтың дінімізде алар маңыздылығына тоқталайық. Сөздікте жүретін жол, бағыт мағынасын білдіретін «мәзһаб» сөзі шариғатта «арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран және Пайғамбар сүннетінен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы» дегенді қамтиды. Иә, Алла Елшісінің (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) заманында мәзһабқа деген ешбір қажеттілік туындамады. Кез келген көкейдегі сан сауалға Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) Құран аяттарының аясында жауап беретін. Яғни, сахабалар бұл мәселеде қиыншылыққа кезіккен емес. Дегенмен, Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін қайшы пікірлер мен түрлі ағымдар бой көтере бастады. Әрине, әділетті халифалар үмбеттің бөлінуіне жол бермеуге тырысып,  бөлінудің себептерін  іздестіре  бастады.   

Бірде хазреті Омар (р.а.) жалғыз отырып терең ойға шомады. Дереу Абдулла ибн Аббасқа (р.а.) хабаршы жіберіп, шақыртып алып, оған былай деп сұрақ қояды: «Бұл үмбет қалай ғана түрлі ағымдарға бөлініп кетеді? Олардың Құраны, пайғамбары және құбыласы бір емес пе?» - дейді. Сонда Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Ей, мүминдердің әміршісі! Құран біздің заманымызда түскендіктен біз қай аяттың қашан, не үшін және не жайында түскенін жақсы білеміз. Бізден кейін келетін буындар болса, олар Құран оқиды, алайда қай аяттың қашан, не жайында түскенін білмегендіктен олардың ойлары сан саққа жүгіреді», - деп жауап береді. Хазреті Омар (р.а.) Абдулланың бұл айтқан сөздеріне ашуланып, оған ұрсып береді. Абдулла орнынан тұрып, шығып кетеді. Алайда, Омар (р.а.) Абдулланың айтқан сөздерін тағы ой елегінен өткізіп, дұрыс екенін түсініп оны құзырына қайта шақыртады да алғысын айтады». Хадисті Табарани, Ибраһим әт-Тәймиден риуаят етеді. (Һайсәми, «Мәжмауз-зауаид», І том, 162-бет; Мухаммад Юсуф Кандаһләуи, «Хаятус-сахаба», ІІІ том, 497-бет).

Десекте сахабалар сүйікті пайғамбарымыздың (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) көзін көріп, қасында жүргендіктен және ислам тарихындағы ең абзал жандар саналғандықтан мәзһабқа мұқтаждықтары болмады. Әйткенмен, сахабаларды өзгеріс жасауға итермелеген себептер мен мәзһабтардың құрылуының мынадай алғы шарттары қалыптасты.  

Исламның жайылу шеңберінің кеңеюі

Өзге елдермен етене араласу, әлеуметтік және экономикалық салаларда әдет-ғұрып пен тәжірибелердің, яғни өмір сүру салтының жаңаша өзгеруі, ғылым мәжілістерінде әртүрлі діни және әдеби тақырыптарда бір-біріне қайшы мәселелердің бой көрсетуі, Құрандағы муташабиһ аяттар мен ғайыпқа байланысты мәселелердің қозғалуы, ғалымдардың осы мәселелер төңірегінде ізденуін және арнайы әдебиеттерде еңбектер жинақтауына алып келді.

Өзге дін өкілдерінің көптеп Исламға кіруі

Яһудилер, христиандар, зәрдуштер, брахмандар және тағы басқалардың арасында өз діндерінде ғалым болғандары да жетерлік болды. Олар Исламның үкімдерін үйренуде өздерінің бұрынғы діндерімен салыстыра отырып, ой елегінен өткізді. Бұл табиғи қажеттілік еді. Осы нәрсе сахабалар мен олардың арасында пікірталастардың пайда болуына итермеледі. Әрине, олардың арасында әлі де бұрынғы діндерінің шырмауынан шыға алмағандар да бар болатын.

Олар реті келгенде өз пікірлерін Ислам бояуымен бояп ұсынуға тырысты. Осы қате пікірлер мен сенімдерден сақтандыру үшін олардың түсінетін, қолданатын әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, жауап қайтару қажеттілігі туындады. Сахабалар бұлардың барлығынан бас тартып аталмыш топтардың теріс пікірлерін емін-еркін жаюына жол бермеді.

Көрші мемлекеттердің тұрғындарының топ-тобымен дінге кіруі

Бұл көптеген сахабалардың сол елдерге дін тағылымдарын үйретуі үшін таралуын қажет етті. Олар танымайтын қоғамда жат әдет-ғұрыптардың ішінде бұрын-соңды білмеген мәселелермен бетпе-бет келгенде әуелде қолданылмай келген және жабық тұрған ижтихад есігін ашып қолдануға мәжбүр болды. Олар Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) көріп, естігендерін барған жерлерінде түсіндіре бастады. Бұл сахабалардың Расулалланың (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) әрбір айтқандарын естуі немесе істеген істерінің барлығын көруі мүмкін емес еді. Олар барған жерлерінде дәлел көзіне айналды. Яғни жаңадан мұсылман болған немесе ислам жайында айтарлықтай мағлұматы болмағандар олардан түрлі мәселелерде діннің үкімін сұрады. Сахабалар сұралған сұрақтардың жауабын әуелі Құраннан, сосын сүннеттен іздеді. Олардан таба алмағандарына өз ижтихадтарымен (Құран мен сүннетке қарап түйген ойларымен) үкім берді.

Дінбұзарлардың жайылуы мен мұсылмандардың арасында сенім негіздеріне байланысты күмән тудыру үшін әртүрлі талас мәселелер мен күмәнді ойлар таратушылардың шығуы.

Бұл оқиғалар сахабалардың кезінде шектеулі болғанымен ислам мемлекетінің аумағының  кеңеюімен бірге кең тарай бастады. Бұл тұрғыда да сахабалар мен ғұламалар тиісті жауабын беріп отырды. Айтыс пен пікірталастан шығар жол жоқ екенін көрді. Бүлікшілердің өздері қолданатын диалектикалық және логикалық әдістерді өздеріне қарсы қолданды. Бұл мәселе жайында хазрет

Әлидің (р.а.) мынадай сөзі бар «Адамдардың білетін нәрселері арқылы сөйлесіңдер. Олардың қабылдай алмайтын нәрселерін қолданбаңдар. Әлде (оларға дұрыс түсіндірмей) Алланы және оның Пайғамбарын (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) жалғанға шығаруын қалайсыңдар ма?!». Сахабалар мен табиғиндер тарихын зерттеген әрбір адам олардың дінді дамыту жолындағы осы секілді еңбектерін көптеп көре алады. Сондықтан бүгінгі діни ғылымдардың барлығының, соның ішінде фиқһи мәзһабтардың негізі сахабалар кезінде қалыптаса бастаған деп толық айта аламыз. Өйткені жаңа шыққан мәселелер жаңа шешім қабылдауды талап етеді. Олардан кейін аз ғана уақыт өткенде осыншалық дәрежеде тәсілдерін өзгертуге мәжбүр болса, ғасырлар өткеннен кейін, «сахабалардың кезінде неге мәзһаб болмады?» деп сахабалар өмірінің сыртқы көрінісін аңсау ағаттық қана болар еді. («Мәзхаб туралы таным» 75-79 беттер; Алматы 2011).

Иә, сахабалардың кезеңінен кейін де ортаға шыққан сенім (ақида) және амал (фиқһ) мәселелерін шешуде мұқтаждық онан сайын артты. Сондай-ақ, осы мәселелер әһли сүннет мәзһабтарының туындауына себеп болды. Сенім (ақида) тұрғысынан Матуриди мен Әшғари, ал амалда (фиқһ) Ханафи, Шафий, Малики, Ханбали мәзһабтары қалыптасты. Бүгінде мұсылман әлемі осы мәзһабтар аясында ынтымақпен өмір сүруде. Дегенмен, жалған ағымдар себебінен бірліктің бұзылуына жол ашылып жатқанын да жоққа шығара алмаспыз. Алланың кітабы Құран және Пайғамбар сүннеті мұсылман үмбетінің жолбасшысы. Діннің діңгегі саналатын осы екі негіз хақ жолдан  таймауымыздың  дара кепілі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): «Мен сендерге бір дүние қалдырып барамын, оны мықтап ұстасаңдар ешуақытта адаспайсыңдар. Ол – Алланың кітабы мен Оның пайғамбарының сүннеті», - деді (Имам Мәлік, әл-Муатта).

Алла ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) арқылы ислам үкімдерін толығымен жеткізіп, қиямет күнге дейін тұратын дін етіп таңдады. Ислам кемеліне жеткен, ешбір кемшілігі жоқ дара дін. Алайда, әрбір мұсылман өздігінше Құранды ашып, оның ішінен өзіне қажетті үкімді таба алады ма? Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) біздің күнімізге жеткен сансыз сүннет пен хадистерінен жаңылмай өзіне тиісті пәтуаны шығара алады ма? Әрине, мұсылмандығымды өзім, ешкімнің көмегінсіз Құран және сүннет арқылы орындай аламын деу дұрыс емес. Бұрыстығы былай тұрсын, өте қауіпті әрекет. Құран – шексіз білім бұлағы. Құраннан қатардағы жай мұсылман баласының бір үкім алуы мүмкін емес. Тіпті, Құранның уахи болып түскеніне куә болған сахабалар да өздігінше аяттар жайлы дербес пәтуа айтпаған. Әуелі аяттың мән-мағынасын Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) сұрайтын болған. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) сөздері мен сүннетін де қарапайым мұсылман баласы өз бетінше талқылап, тұжырым жасауына шамасы келмейді. Дархан білімнің қайнары саналған сүннетті пәтуа құралы етіп қолдану үшін бірнеше ғылымды толыққанды игеру қажет. Ал, жай кітап дүкенінен сатып алған кітапшаны бір-екі рет парақтап алып, «сүннетте былай деген екен» деп айту нағыз дүмшелік. Тіпті, жылдар бойы ғылыммен айналысып жүрген ғұламалар мұндайға батылы бармайды. Шала сауатты жандардың ісіне қарап халқымыз «дүмше молда дін бұзар» деп атаған.

Имам Шафиғи (р.а.) айтады: «Мына сипаттарға ие болған адамнан басқа біреудің Алланың дінінде пәтуа беруіне рұқсат жоқ. Яғни Алла кітабы Құрандағы аяттардың насих-мансухын, мухкам-муташабихін, аяттардың түсу себебін, Меккелік-Мединелік екендігін білу; бұдан кейін хадистердің де дәл осы мәселелерін білу; одан кейін араб тілі мен араб шайырларының жазбаларынан Құран мен хадисті түсінуге қажетті мөлшерде білуі керек. Бұған қоса бұларды ынсапты түрде әділдікпен қолдана алуы, халықтың даулы мәселелеріне басшылық ете алуы және бойында тумысынан біткен дарындылық болуы керек. Егер осылай болса, онда оған харам-халал жайында сөйлеуі және пәтуа беруіне болады. Әйтпесе, оның пәтуа беруге құқығы жоқ».

Мәзһаб десе кірпідей жиырыла қалатын бауырлар өздерін шариғатқа емес, шариғатты өздеріне бейімдеуге тырысады. Көңілі соққанды алып, жаны қаламағаннан алыс болуға барынша әрекеттенеді. Шариғатта мәселесі шешіліп, үкімі қойылған кішкентай амалдан ілік іздеп, көрінгенмен талас-тартысқа түсе салады. Оларға ақиқат айтылса, жүрек көздері тарс жабылады. Өйткені, бұл нәпсіге берілгендіктің себебі. 

Алла Елшісі (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) былай дейді«Таласып-тартыспаңдар, жүректерің таласып-тартысуға бейім болып қалмасын»Біз мына ақиқатты мойындауымыз керек. Ислам ғалымдары өз заманында шариғи мәселелерде өзара талас-тартыстарға түсіп отырған. Мақсат – жаға жыртып, жеңнен алу емес, бір-бірінің білімін толықтырып, пікір алмасу болды. Демек, мәзһабтың болуы – мұсылман үмметінің беріктігін қалыптастырса, сондай-ақ, ислам дінінің жеңілдігін көрсетеді. Имам Ғазали былай дейді: «Менен адамдардың бірі: «Пайғамбарымызға ересің бе, әлде Әбу Ханифаға ересің бе?» – деп сұраған кезде, оның сұрағына еріксіз күліп былай деуші едім: «Пайғамбарымыздың сөзіне Әбу Ханифаның түсіндіргені бойынша еремін. Әбу Ханифаның қадірлі болуы өзінің жеке басынан туындаған нәрсе емес. Тек оның айналысқан діни ғылымына және пайғамбар қалдырған жолмен жүруіне ғана байланысты. Бүгінге дейінгі барлық мүжтаһид имамдар да дәл осылай жасаған». Әрбір саланың өз оқыған-тоқыған маманы бар. Әрине, ол саланың жілігін маманынан артық ешкім шаға алмайды. Дінде де сондай. Жол көрсетіп, бағыт сілтер ғалымдары бар. Әркім дінін құлшылығын дұрыс жасап, табыстың адал-арамын айырып, қоғам, отбасы алдындағы міндеттерін білерліктей үйренсе, жеткілікті. Дәрігердің ісіне құрылысшы ақыл айтса, құрылысшының жұмысына дәрігер келіп, «ананы олай қойма, бұлай қой» десе нәтижесі не болмақ?! Әрине, жұмыстың жүйесі бұзылады. Дәл қазіргі «мәзһаб керек емес» дегендердің жағдайы осыған ұқсас. Бәзбір мұрнына діннің исі бармаған, саласы мүлдем басқа жандар аз-маз хадис жаттап алып, «сүннет бойынша былай, біз сүннетпен жүреміз» деген сықылды әрекеттерімен бірлігімізге зияндарын тигізіп бағуда. Алайда, мәзһаб деген ұғым айдан алынған нәрсе емес. Ол кәдімгі Құран және сүннетке жетелеп, адаспай ақиқатты табу үшін ғалымдардың көрсеткен бағыт-бағдары. Осы тұста Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) мына хадисін назарға алу керек шығар: «Менен кейін әсте пайғамбар келмейді, алайда ғалымдар, халифалар келеді. Кім олардың соңынан ерсе, маған ерген болып табылады. Ал кім оларға қарсы келсе, маған қарсы келген болып саналады» (имам Бұхари 11 т., 181 б.). Сонымен бүгінгі қоғамда белгілі бір мәзһаб болмағанда, әр мұсылманның санындай өз беттерінше мәзһаб пайда болар еді. Әркім Құраннан өз түсінігіне орай, яғни ақылына сай ілім алып, өзін дұрыс санап, мұсылмандар арасы бүлік пен іріткіден көз ашпас еді. Сондықтан мұсылман баласы діни тұрғыда шариғатын білгісі келсе, Құран мен хадиске сай «Әһли сүннет ғалымдары» зерттеп зерделеген ислам ғылымхалдарынан үйренуі қажет.

Ал мәзһабқа бағынбаймын, өз бетімше үйреніп, тікелей Құран-хадиспен жүремін деп айту, өзіне «тозаққа» қарай бағыт салу деген сөз. Өйткені жоғарыда айтылған төрт мәзһаб иелері діни үкімде қандай мәселе болмасын, үтір-нүктесіне дейін зерттеп қойған. Қазіргі біздің еліміздегі қоғамға сыртқы күштің араңдатушылығымен қандай да бір жаңалық ашудың қажеті жоқ. Аллаға шүкір, біздің елімізде имам Әбу Ханифа мәзһабының негізі толықтай әлдебір саяси бұрмалануға ұшырамастан қалыптасқан. Осы мәзһабтың жолын жалғастырсақ, сара жолдың, яғни Құран мен сүннеттің негізінен ауытқымайтынымыз хақ. Біздің кешегі ата-бабаларымыз да исламды терең ұстана білді. Ғасырлар бойы ханафи мәзһабының негізінде ынтымақтарын нығайтып келді. Қазақ даласында діни мәселелерде өзара қырқысып, бөлініп-жарылмады. Мәзһабпен жүрген бабаларымыз қашанда бірлігі жарасып, ертеңін ойлады. Ал, бүгінгі ұрпақ біздер де осы бірлік пен ынтымақтың қадірін жете түсінуіміз қажет. Дана халқымыз «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас» деп өшпестей сөз қалдырды. Мәзһаб әрқашан ынтымағымыздың кепілі һәм мәйегі екенін жадымыздан шығармағанымыз жөн.

 

 

Батыржан Мансұров,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Бөлісу: