26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Өлімнен немесе қабірден қорқудың пайдалары

Өлімнен немесе қабірден қорқудың пайдалары

Ақида
Жарнама

Өлімді, қабірді еске алу немесе олар жайлы әңгіме қозғау адам баласы үшін қашанда ауыр тиеді. Себебі олар ұзақ өмір сүруді, үлкен үміт-армандарының орындалуын қалайды. Аллаһ Тағала бізге Құрандағы көптеген аяттарда өлімді ойлап жүруді, өмірдің келтелігін және үмітті ұзаққа жіберіп оған байланып қалмауды ескерткен.

Өйткені үміт ұзақтығы пендені бейқамдыққа салып, ақыретке әзірлігін әлсіретеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әркім өлімді татады. Шын мәнінде, Қиямет күні ақыларың толық беріледі. Сонда кім оттан құтқарылып, жұмаққа кіргізілсе, рас құтылған болады. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштың нәрсесі ғана», – деген. [«Әлі Имран» сүресі, 185-аят.]

Бірде Хасан әл-Басриға (Алла оған рақым етсін) бір кісі келіп: «Бір адамдар біз (өлім, Қиямет жайлы айтып) қорқытады, тіпті (олардың айтқандарынан жүректеріміз ұшып кете жаздайды», – деп шағым айтады. Сонда Хасан әл-Басри (Алла оған рақым етсін) оған: «Саған қорқыныш-үрейге түспеуің үшін тыныштандырғаннан, (Ақыретте) амандыққа жетуің үшін қорқытқан жақсырақ», – деп жауап берген екен.

Имам әл-Ғазали (Алла оған рақым етсін): «Қиямет күні дүниеде (қорқыныштарды) көп ойлағандардан өзгелер қорқыныш пен үрейден сау қалмайды [Ғұламаның айтуынша, бұл дүниеде Қияметті ойлап, көп қорқу Ақыретте кісіні амандыққа жеткізеді.]. Расында, Алла бір пенденің бойына екі қорқынышты жинамайды», – деген. [Мұның мәні: пенде не дүниеде қорқады, не Ақыретте қорқады.] Бұл дүниеде бейғам болып, Ақыретте сасқалақтағаннан, бұл дүниеде сақ болып, Ақыретте аман болғанымыз қайырлы емес пе?!

Имам әл-Ғазали (Алла оған рақым етсін) сөзін жалғастырып: «Бұл жердегі қорқыныштың мақсаты – (оның әсерінен) көзден жас ағып, біраз уақыт қана жүрек үрейленіп, сосын қайтадан баз баяғы ойын-күлкіге оралып отыратын жүрекке түсетін әйелдердің нәзіктігі сияқты нәзіктік емес [Яғни бұл қорқыныштан мақсат: іс-әрекетке итермелеп, адамды Аллаһқа паналататын қорқыныш.], керісінше, бұдан да сорақысы егер біреуге Ақырет жағдайлары немесе Қиямет күнінің ахуалдары не болмаса өлілердің және қабір азабының жағдайлары айтыла қалса, оның: «Алла сақтасын!» – деп іс-әрекетсіз қол қусырыпотыра беруі. Мұндай адам бейне бір соңына жыртқыш аң түскен шөлдегі кісінің кейпін келтіреді. Ізіне жыртқыш түскен бұл адам бір қамалға жетіп, қақпаның алдында тұрып алып: «Мен мына қамалға, оның берік қорғаны мен биік ғимаратына кіріп, мына жыртқыштан паналаймын», – дейді де еш әрекетсіз, қозғалмай сол орнында отыра береді. Оның бұл айтқаны оған пайда бере ме?! Бұл Ақыреттің ахуалдарын және өлім мен қабірдің жағдайларын естіп, Алладан пана сұрайтын, содан соң қайтадан өзінің адасуына, жаңылуына, теріс жолына, нәпсі қалауларына, күнәларына қайта оралған кісінің кейпі», – дейді.

Қорыққан адам басын шайқап, көзін жасқа бұлап, жүрегі езіліп отыра бермей, өзіне көмек етер іс-әрекет істеп, Ақыретіне қамдануы керек. Әрине, мұндай жүрек нәзіктігінен туындайтын сезімдер пайдасыз болмайды. Бірақ ең абзалы – қарап отыра бермей, Алладан пана сұрап, қолдан келгенше себебін жасап, Аллаға жақындауға тырысу. Ағын судай зымыраған бұл өмір тым қысқа. Алла Тағала: «(Алла оларға): «Сендер жер жүзінде қанша жыл тұрдыңдар?» – дейді. Олар: «Бір күн немесе күннің бір бөлігі тұрдық. Санаушылардан сұра», – дейді.
(Алла Тағала): «Егер білген болсаңдар, аз ғана тұрдыңдар. Әлде Біз сендерді босқа жаратты және өздеріңді Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» – дейді. Хақ Патша Алла өте Жоғары. Одан басқа құдай жоқ. Ол – ардақты аршының Раббысы», – деп айтқан. [«Муминун» сүресі, 112-116 аяттар.]

Сондай-ақ Алла Тағала құлдарын ізгі әрекетке шақырған келесі бір аятта: «Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап және түскен ақиқатқа жібімей ме? Ал енді бұрын өздеріне Кітап беріліп, сосын ұзақ мерзім өткендіктен, жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі – бұзақылар», – деген. [«Хадид» сүресі, 16-аят.]

Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) қызметкері Ханик: «Осман бір қабірге тоқтаса, сақалы жасқа малынғанша жылайтын. Оған: «Жаннатты, тозақты айтқанда, жыламайсың, ал қабірді айтсаң, неге жылайсың?» – делінгенде, ол: «Мен Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қабір – Ақыреттің алғашқы сатыларының бірі. Кім одан құтылса, одан кейінгісі оған жеңіл. Ал кім одан құтыла алмаса, одан кейінгісі оған қиын», – деп айтып жатқанын естідім. Және Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қабірден қорқынышты нәрсе көрген емеспін», – деп айтқанын естідім», – дейтін», – деген. [Әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ және Ахмад.]

Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иығымнан ұстады да: «Дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол», – деп айтты», – деген.
Жарық дүние есігін ашқан әрбір жан баласы өзін бұл фәниде жолай жүрген пенде сияқты сезініп, «мен – бұл өмірдің тұрақты тұрғынымын» деген ойдан арылғаны абзал. Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисін есіне алса: «Егер кеш батырсаң, таңды күтпе, егер таң атырсаң, кешті күтпе. Саулығыңнан науқасыңа ал (денсаулығыңды пайдалан) және өміріңнен өліміңе (ал) [Яғни тірі күніңде ізгі амалдар істеп қалуға тырыс.]», – дейтін еді. [Әл-Бұхари.]

материал «Ақырет өткелдері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: