26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алланың қалауы (ирадасы) мәселесі

Алланың қалауы (ирадасы) мәселесі

Ақида
Жарнама

Әһлі сүннет «ирада (қалау) сипаты Алла Тағаланың затында ежелден бар» деп есептейді. Ирада – жаратылатын нәрсенің қандай бейнеде, қай уақытта жаратылатындығын өз еркімен таңдау сипаты95. Философтар мен батинилер ирада сипатының барын жоққа шығарса, нажжария ағымы «Алланың «ирада» деген айырықша сипаты жоқ. Бірақ, затында қалаушылық бар» деген. Мұғтазилиттер «Алла (өз бойында әуел бастан жоқ) кейіннен жаратылған ирадасымен қалаушы» дегенді айтады.

Бұл мәселедегі біздің (ирада (қалау) сипаты Алла Тағаланың затында ежелден бар деген) көзқарасымызға мына аяттар дәлел болады: «Алла Өз қалағанын істейді»,  «Алла күдіксіз Өз қалауы бойынша үкім шығарады» «...Алла маған бір зиянды істі қаласа, сендердің пұттарың оның қалауына әсер ете ала ма? Яки, маған Алла бір рақымшылықты қаласа, олар бұған кедергі бола ала ма?»99. Осыған ұқсас басқа да аяттар – Алланың қалау еркіне дәлел. Әһлі сүннеттің көзқарасы бойынша, Алланың «мәшиәсі» (қалау, тілеу) мен «ирадасы» – екеуі бір нәрсе. Каррамия «Алланың мәшиәсі ежелден бар, ал ирадасы кейіннен жаратылған» деп есептейді. Сәлаф ас-салихтан жеткен дерек пен ғұламалардыңортақ көзқарасына сай келмейтін бұл көзқарас – мүлде қате. «Мурид» сөзі – өзінде қалау еркі бар нәрсеге қатысты қолданылады. Олай болса, «Алланың затына кейіннен жаратылған нәрсе орналасады» деп айтпау үшін, ежелден бар Алланың затында ирада  сипатының да ежелден бар екендігін қабылдау қажет.

Белгілі бір уақытта, белгілі бір мөлшерде жаратылған нәрселерді Алла Тағала құдіреті және жаратушылығымен басқа уақытта, басқаша формада жарата алатындығы ақылға сай келеді. Ал енді болмыстың жаратылу уақыты мен пішінін белгілейтін осы ирада сипаты болмаса, жаратылыс қазіргі кездегідей күйде болмас еді. Алланың затында ирада жоқ десек, әлемді жаратуы ықтиярсыз күйде жүзеге асқан деген мағына шығады. Өйткені, мәжбүрлілік пен қалау, күштеу мен еріктілік арасында басқа қандай да бір ұғым жоқ (не мәжбүрлі, не ерікті болады). Ал, ықтиярсыздық дәрменсіздікті білдіреді.

Мұғтазилиттер алға тартқан «Алла Тағаланың кейіннен жаратылған әрі ешқандай орында болмайтын бір қалау сипаты бар» – деген көзқарасын да біз қате деп есептейміз. Өйткені бұл ирада – не Алланың жаратуымен немесе өздігінен пайда болады. Егер әлдекім «Бұл ирада өздігінен пайда болған» деп қарсы уәж айтса, өз кезегінде бұл түсінік Жаратушы Алланы жоққа шығаруға алып барады. Егер ол: «Алланың жаратуы арқылы пайда болған», – десе, оған: «Оны өз қалауымен (ирадасымен) жаратқан ба? Жоқ, өз қалауынсыз жаратқан ба?», – деп қарсы сұрақ қоямыз. «Өз қалауынсыз жаратқан» десе, Алла жаратуға мәжүр болды дегені. Ал «Қалауымен жаратты» десе одан: «Бұл қалауы кейіннен жаратылған ба, ежелден бар ма?» – деп сұраймыз.

«Ежелден бар» десе, біздің күткен жауабымызды бергені. Ал «кейіннен жаратылған» десе, («оны Алла қалауымен жаратты ма, қалауынсыз жаратты ма?» деген) жоғарыдағы сұрағымыз қайта қойылады. Сөйтіп шексіз тізбектеліп кете береді. Тура жолға бастаушы – бір Алла ғана!

материал «Матуридия ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: