26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имам Матуридидің ұстанымдары

Имам Матуридидің ұстанымдары

Ақида
Жарнама

Ақыл – илһиет (құдайлық) пен нубууатты (пайғамбарлықты) түсіну мен ұғынудағы қайнар бұлақ. Құранда, хадисте және тілде астарлы мағыналы сөздер бар. Иманды жан екенін білдіру үшін «Иншалла мүминмін» (Құдай қаласа  мүминмін) деп айтуға болмайды, оның орнына «Әлхамдулилләһ, мен  мұсылманмын» (Аллаға шүкір мен мұсылманмын) деп айту керек. Адам баласы жаны алқымына келгенде тәубе ететін болса, қабыл  болады. Бірақ, жан алқымға келгенде иман етсе, қабыл болмайды.

Алла Тағаланың субути сипаттарының саны сегіз. Олар: 1. Хаят (Тірі болу); 2. Илм (Білу); 3. Самиғ (Есту); 4. Басар (Көру); 5. Ираде (Қалауы болу); 6. Құдырет (Күші жету); 7. Кәлам (Сөйлеу құдыреті болу); 8. Текуин (Жарату, жоқтан бар ету).

Жеке дара ерік туралы: Матуриди бойынша адам жеке дара ерікке ие.  Олай болса адам баласы өзінің қалауы арқылы бір істі жасауға нақты шешім  қабылдап, оған бет бұрғанда, Алла Тағала ол істі сол адам үшін жаратады. Алла Тағала бұл істі жаратуға мәжбүр болғандығы үшін жаратпайды. Адамға  жауапкершілік жүктеумен қатар, оның еркін әрекет жасай алуы үшін бұл істі  жаратады. Алла Тағала қаласа адамның нақты қалаған нәрсесін жаратпауы да  мүмкін. Алайда Алла Тағала адам баласына жеке дара ерік берген. Сол  еркіндігінің нәтижесінде Алла Тағала жасаған амалдарына қарай оны  тозағымен жазалайды не жұмағымен сүйіншілейді.

Бір нәрсенің жақсы (сүйкімді) не жаман (сүйкімсіз) болуы туралы: Кәлам ғылымында жақсы мен жаманды беске бөліп қарастырған. Олар:

1. Мақсатқа сай болған жақсы, болмаған жаман. Әділдіктің жақсы,  зұлымдықтың жаман болғаны секілді.

2. Табиғатқа бейім болған жақсы, болмаған жаман.

3. Кемел сипатқа ие болған жақсы, болмаған жаман. Ілімді болу жақсы,  надан болу жаман болғаны секілді.

4. Мадақ пен мақтауға лайық болу жақсы, жамандауға лайық болу жаман.

Жомарттықтың жақсы, сараңдықтың жаман болғаны секілді.

5. Алланың мақтап мадақтаған нәрсесі жақсы, жамандауы және азапталуға себепкер болатын нҽрселер жаман.

Имам Матуриди бойынша әрбір затта жақсы мен жаман деген нәрсе бар. Ол жақсы мен жаманның өлшемін ақылмен білуге болады. Алла бір нәрсенің жақсы болғаны үшін әмір етсе, жаман болғаны үшін тыйым салған дейді.

Алланы тану туралы: имам Матуриди адам баласына діни уағыз  жетпесе де Алланы ақылымен тани алады дейді. Себебі Қасиетті Құранда: «ақылға салмайсыңдар ма?», «ойланбайсыңдар ма?», «пікір жүгіртпейсіңдер ме?» деген мазмұндағы аяттар өте көп. Мысалы, тау басында өмір сүрген адам  Алланың бар екенін ақылымен тауып, оған сенуі керек. Ал дінді оған ешкім  үйретпегендіктен діни міндеттерден жауапқа тартылмайды. Бірақ Аллаға сену мәселесінде сұралады. Себебі соны түсінетін ақыл берілді.

Жарату сипаты туралы: Жарату, жоқтан бар ету (Текуин) – Алла Тағаланың субути сипаттарының бірі. Матуридилік мектебі бойынша бұл сипат  Аллаға әзәли, яғни әуел бастан бар және құрастырылмаған, тікелей Аллаға   негізделген, Оған ғана тән. Шексіз құдірет иесі Алла Тағала текуин сипатымен қалаған нәрсесін жаратады, жоқтан бар етеді. Әлемде Алланың жаратуынсыз пайда болған ешбір нәрсе жоқ. Текуин сипаты – жарату, рызық беру, азап беру, тірілту, елтіру, нығмет беру секілді т.б. сипаттарды қамтитын аса ауқымды ұғым. Алланың Құдірет, Ираде деген жеке-жеке сипаттарының болғаны тәрізді, Жарату да сол сипаттардың бірі.

Пайғамбарлық туралы: Ғұламалар пайғамбарлардың жай адамдар арасынан таңдалғаны туралы ортақ шешімде болғанымен, әйел затынан пайғамбардың шыққаны – шықпағаны жайлы мәселеде біркелкі ымыраға келмеген. Имам Матуриди пайғамбардың ер адам болуы шарт деген. Өйткені пайғамбарлық – аса ауыр міндет. Пайғамбарлық жүктелген жан қашан да қалың қауіп-қатер мен небір қиыншылықтардың бел ортасында, қылыштың жүзінде жүреді. Пайғамбарлар – адамзат баласын тәрбиелейді. Пайғамбар хақ дінді жаю жолында Алла тағаламен және адамдармен тығыз байланыста болады. Ал нәзік жанды әйел затының бұған шамасы әркез жетпейді. Осы тұрғыда имам  Матуриди әйел кісілерден пайғамбар келмейді деген.

Алла Тағаланың пендесіне күші жетпейтін нәрселерге жауапты етіп-етпеуі туралы (Тәклифи ма-ла иутақ): Имам Матуриди бойынша Алла Тағала адам баласына күші жетпейтін нәрсені жүктемейді және оны күші жетпейтін нәрсеге жауапты етпейді. Себебі, Құран Кәрімде: «Алла кісіге шамасы келмейтінді жүктемейді...» («Бақара» сүресі, 286-аят), - деген аят бар дейді.

Себеп пен хикмет туралы: Имам Матуриди бойынша Алла Тағаланың жасаған нәрселерінің бір хикметі бар және себепке сүйенеді. Өйткені, Алланың әрбір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хәкім иесі дейді.

Иман туралы: имам Матуриди бойынша иман кемімейді де артпайды  да. Діннен шығу туралы: Матуриди діннен шыққан мұсылман кісі қайта иман ететін болса, оның алдыңғы жасаған жақсы не жаман амалдары амал дәптеріне қайта тіркелмейді дейді.

Құлшылық туралы: имам Матуриди бойынша мұсылман болмаған адам құлшылық етуге міндетті емес және ақыретте бұл үшін оған бөлек жаза  берілмейді. Осылайша Әбу Мансур әл-Матуриди имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған. Ғұмырының соңына дейін діни  тақырыптарда зерттеулер жасап өткен. Тәпсір, кәлам, фиқһ және фиқһ әдістемесі салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер  тәрбиелеген. Ханафи мәзһабын еңбектері мен шәкірттер арқылы жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.

материал «Асылдың сынығы Имам Матуриди» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: