26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Он бес жасар ғалым

Мақалалар
Жарнама

Мұхаммед ибн Идрис әш-Шафиғи "Шафиғи" мәзһабының құрушысы әрі мүжтахид деңгейдегі ғалым болып табылады. Милади 767 (хижри 150) жылы Палестинаның Ғазза деген қаласында дүниеге келді. Әкесі Ыдырыс әлдебір жұмыспен Ғаззаға барып, сол жерде қайтыс болған. Аталарының бірі Шафиғи ибн әс-Саибке қаратыла Шафиғи деп білінеді. Тегі Абдимәнаф та хазірет Пайғамбардың тегімен бірлеседі.

Әкесінен ерте айрылған. Кедей өмір сүрген анасы ұлын ертіп Меккеге баруға ұйғарады. Меккеде кішкене жасынан ілімге берілген Имам Шафиғи жеті жасында Құранды, он жасында Имам Маликтың «әл-Муатта» атты хадис кітабын жаттайды. Он бес жасына келгенде, пәтуа бере алатындай деңгейге жеткен. Бұдан кейін жиырма жылға жуық шөлде, Хұзайл тайпасында тұрып әдеби арабша мен жахилия өлеңдерін меңгерді. Тіпті Асмаи ол жайлы: «Хұзайлдың өлеңдерін Мұхаммед ибн Идрис деген бір жас жігіттің көмегімен түзеттім» деген. Келе-келе әдебиет пен араб тілінде алдына жан салмады. Көптеген ғалымдардан хадис оқыды. Мекке әкімінің кеңесімен Мәдинаға барды. Ол жерде Имам Маликке «әл-Муатта» атты еңбегін түгел айтып берді. Кейіннен толықтай фиқһа көңіл бөліп, Имам Маликтен Хижаз фиқһын үйренді. Шафиғидың асқан ұғымталдығы мен зеректігіне таңғалған Имам Малик оған мынандай кеңес берді: «Мұхаммед! Алладан қорық, күнәдан сақтан. Өйткені мен сені үлкен тұлға болады деп үміт етемін. Алланың бойыңа дарытқан осы нұрын күнәмен сөндірме». Мәдинада Имам Маликтен фиқһ пен хадис ілімін алды. Суфиян ибн Үәйна, Фудайл ибн Ияз мен көкесі Мұхаммед ибн Шафиғи мен басқалардан хадис риуаят етті.

Имам Шафиғи бұл уақыттарда біршама жұмыс істеу үшін Йеменге барды. Йемен биі Мұсғаб ибн Абдиллаһ әл-Құраши сол жерде оған ресми жұмыс ұсынды. Бұл кезде халифа Харұн Рашид хазірет Али жақтастарының әрекетінен сескенетін. Йемен жақтан ұсталып әкелінген шииттер арасында шиит болмаса да Шафиғи да Мәдинада халифаның алдына әкелінді. Кінәсіз екендігін білгенде, халифа оны босатып, тіпті қаржылай көмек те жасады. Кейіннен хижри 183 пен 195 жылы Бағдатқа барды. Ол жерде Мұхаммед ибн Хасан әш-Шайбанидан Ирак фақиһтарының кітаптарын оқыды. Онымен пікір алмасты. Имам Шафиғи бұдан кейін хижри 187 жылы Меккеде әрі 195 жылы Бағдатта имам Ахмед ибн Ханбәлмен (қ.ж. 241/855) кездесті. Одан Ханбали фиқһын әрі әдістемесін, Құранның насих әрі мансұхын үйренді. Бағдатта өзінің ескі мәзһабының негіздерін қамтыған «әл-Хұжжа» атты еңбекті жазды. Кейіннен хижри 200 жылы көзқарастары кең тарайтын Мысырға барды. 204/819 жылы Режеп айының соңғы Жұма күні Мысырда қайтыс болып, сонда жерленді. Имам Шафиғидың «әр-Рисалә» атты еңбегі фиқһ әдістемесінде алғашқы қолға алынған усул кітап болып табылады. Ханафиларда усул мүжтахид имамдар дәуірінде жазылған еңбек жағдайына келмеген, кейіннен тармақты негізге ала отырып усул қағидалары анықталған. Имам Шафиғи істің басында «әр-Рисаланы» жазып, кейінгі Шафиғи білімпаздарын үлкен әуреден құтқарған. Имам Шафиғидың «әл-Үмм» деген еңбегі болса, Мысырда мәзһаб көзқарастарын қамтыған фиқһ кітабы болып табылады. Оның ілімі мен әдеби тұлғасымен қатар тақуалығы, мінезінің орнықтылығы, адамгершілік мінезі де арнайы атап өтуге тұрарлық. Сыффин оқиғасын сұрағандарға былай деп мағыналы жауап берген: «Омар ибн Абдулазизден Сыффинде өлгендер сұралғанда ол «Алла қолымды былғаудан сақтаған қан ғой» деген. Сол үшін мен де тілімді бұл қанға былғағым келмейді».

Шәкірттері ол жайында «Имам Шафиғи бір аятты тәпсірлей бастағанда, тура сол аяттың түскенін өз көзімен көргендей егжей- тегжейлі түсіндіретін» деген. Имам Шафиғи мүжтахид деңгейіне толық жеткен ғалым болған. Хижаздықтар мен Ирактықтардың фиқһын меңгерген. Ахмед ибн Ханбәл ол жайлы «Алланың кітабы мен расулының сүннетінде адамдардың ең фақиһы еді»; «Қолына қалам, сия сауыт ұстаған, Шафиғиға қарыздар емес адам жоқ» деген. Ташкөпрулузаде «Мифтахус-саадасында» ол жайлы былай деген: «Фиқһ ғалымдары, усул, хадис, тіл мен нахиу ғалымдары Имам Шафиғидың аманат, әділет, зүхд, уәра, тақуа, жомарттық, зор адамгершілігі және аса қадірлі кісі екендігін бірауыздан мақұлдайды. Ол кісіні өз деңгейінде түсіну оңай емес».

Шафиғи мәзһабының усулы кітап, сүннет, ижма мен қиясқа сүйенеді. Ханафи мен Маликилердің қабылдаған истихсанмен амалды қабылдамады әрі «истихсанға жүгінген адам өзі шариғат белгілегені» деген көзқарасты алға тартты. Истихсанды жарамсыз етіп, сынға алу үшін «Ибталул истихсан» атты рисаласын қолға алды.

Имам Шафиғи рауиси сенімді, забт пен хадис жеткенде, ахад хабармен амал етудің қажетті екенін жақтады. Ол Имам Маликтың талап еткеніндей, ахад хабардың амалмен қуатталуын, Ирак мектебінің қажет деп тапқан рауидың фақиһ әрі амалы ахад хабарға сай болуы керек деген талаптарды қабылдамады. Өзі ахад хабардың дәлел болуына қатысты өзіндік түрлі дәлелдерге сүйенді. Солардың бірінде хазірет пайғамбардың былай дегенін риуаят етеді: «Менің сөзімді тыңдап, ұғып, сол күйінде өзгелерге естірткен адамның жүзін Алла жарқын етсін. Кейде білетін кісі білмейтінге жеткізеді, кейде өзінен де мықты ұғатынға жеткізеді» (Әбу Дәуіт, Илм, 10). Осы хадисті жеткізгеннен кейін Имам Шафиғи көзқарасын былай деп білдіреді: «Ақыры хазірет пайғамбар сөзін естіп, ұғып, оны басқаларға естіртуге шақырған болса, онда бұны жалғыз адам орындаса да, көпшілік болып орындаса да ол міндетті атқарғаны. Хазірет пайғамбардан риуаят кеткен адам бір кісі болса да сенімді әрі әділ болуы шартымен риуаяты жарамды».

Екінші жағынан Имам Шафиғи истихсанды және Маликилердің масалихи мүрсала дәлелін қабылдамай, өзі осыларға ұқсас «истидлал» деп атаған ақыли дәлелге жүгінген.

Шафиғиларда түрлі тақырыптарда пәтуа Имам Шафиғидың жаңа мәзһабы бойынша жүреді. Имам Шафиғи ескі мәзһабын білдіретін «әл- Хұжжадан» қайтып, «Енді оны менен риуаят етушіні кешірмеймін» деген. Тек он жеті шақты мәселеге бұрынғыша пәтуа берген. Айталық, ескі көзқарасы қайшы келмейтін хадиспен қуатталса, онымен пәтуа беріледі. Оның былай дегені жеткен: «Хадис сахих болса, ол менің көзқарасым. Менің бұндай хадиске қайшы келетін сөзімді лақтырып тастаңдар» .

Имам Шафиғи Хижаз, Ирак, Мысыр мен басқа да мұсылман аймақтарда түрлі шәкірттер жетілдірген. Жаңа мәзһабын Шафиғидан қабылдап алған Мысырлық үздік бес шәкірті мыналар:

1) Әбу Яқуб Юсуф июн Яхья әл-Бүуайди (қ.ж. 231). Халифа Мәмун шығарған «Халқул-Құран» (Құран жаратылған ба мәселесі) бүлігі себепті Бағдатта біршама уақыт қамауда жатты. Шафиғи оны дәрістеріне қараушы ретінде қалдырған еді. Шафиғидың сөздерінен жинақтаған әйгілі тұжырымдалған еңбегі бар.

2) Әбу Ибраһим Исмаил ибн Яхьия әл-Мүзани (қ.ж. хижри 266): Шафиғи мәзһабы бойынша жазылған түрлі еңбектері бар. «Мабсут» деп аталатын «әл-Мұхтасарул кәбир» мен «әл-Мұхтасарус-сағир» осылардың біріне жатады. Ирак, Сирия, Хорасаннан көптеген шәкірттер оның ілімінен сусындаған.

3) Әбу Мұхаммед әр-Раби ибн Сүлейман ибн Абдилжәббар әл-Мұради (қ.ж. хижри 270): Имам Шафиғидың кітаптарын жеткізуші. Амр ибн әл-Ас мешітінде азаншы еді. Шафиғидың «әр-Рисалә», «әл-Үмм» және басқа кітаптары, әл-Мүради жолымен бізге жеткен.

4) Хармала ибн Яхьия ибн Хармала (қ.ж. хижри 266): Имам Шафиғидан әр-Рабидың жеткізбеген кітаптарын жеткізді. «Китабуш-шурут», «Китабус-Сүнән», «Китабун-Никаһ» пен «Китабул-ибил уәл-Ғанам уә сыфатуха уә әснануха» осылардың қатарында.

5) Мұхаммед ибн Абдиллаһ ибн Абдилхакам (қ.ж. хижри 268): Имам Маликтың да шәкірттерінен еді. Замандастары оны басқа фақиһтерден артық деп қабылдайтын. Кейіннен Шафиғидың көзқарастарын тастап, Имам Маликтың ижтихадтарымен амал ете бастады.

Шафиғи мәзһабы Мысыр, Оңтүстік Сауд арабия, Шығыс Африка, Түркияның шығысы, Индонезия, Филиппиндер, және т.б. аймақтарда тараған.

Алдаберген ҮСЕН

Тақырыбы өзгертілген.

 

Түпнұсқа Islam.kz сайтынан

Бөлісу: