26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Марат ӘЗІЛХАНОВ: «Рухани келісімге қол жеткізу – әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты»

Мақалалар
Жарнама

– Армысыз, Марат Алмасұлы! Әңгімемізді өзекті жаңа­лықтардан бастасақ. Алдымызда дін өкілдерінің дүбірлі жиыны – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі жақындап келеді. Осы айтулы шараға бүгінгі күн биігінен қандай баға берер едіңіз?

– «Бүгінгі күн биігінен» деген сөзді өте орынды қолдандыңыз. Шынында да, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан съездері толымды тәжірибе жинақтап, тағылымды тарих қалыптастырып, биіктен көз салатын дәрежеге жетіп үлгерді десек, артық айтқанымыз емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік қоғамдастық назарына ұсынылған осы тың бастамасы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары мен саяси жетекшілер тарапынан қызу қолдау тапқаны баршаға аян. Оның айқын дәлелі – Астана төрінде табысты түрде өтіп, Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатқан төрт бірдей съезд отырысы. Бұл шараның басты мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуетін жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағыттау, діндер мен мәдениеттер арасындағы үнқатысуды баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті тереңдету, діни экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру. Осынау жалпыадамзаттық маңызы зор ізгі мүддені жүзеге асыру әлемдегі діндер, мәдениеттер және өркениеттер арасындағы үнқатысуды өрістетуді мақсат ететін барлық халықаралық ұйымдар мен құрылымдардың терең ынтымақтасуына ықпал етуге бағдарланды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің ғаламдық деңгейдегі дінаралық үнқатысу мен келісімнің сақталуына ерекше үлес қосып отырғанын басқосуларға қатысқан діндер көшбасшылары бірауыздан атап көрсетті. Сол парасатты пікірлердің тобықтай түйіні ретінде ІV съезге қатысқан бірқатар діни қайраткерлердің лебіздерінің бірін келтіре кетсем деймін: «Дүниежүзіндегі ұлттар Бірік­кен Ұлттар Ұйымын құрды, ал Нұрсұлтан Назарбаев барлық діндердің Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды. Бұл бастаманың арқасында осы жерде көзқарастары әралуан түрлі діннің өкілдері бас қосып, бір-бірімен ашық та шынайы әңгіме құрып, бірін бірі тыңдайды. Бұл – бүкіл әлемде жасалып отырған ұлы құбылыс. Мұндай ауқымда әлі ешбір іс жасалған емес». Өз тарапымнан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съездерін тәуелсіз Қазақстанның еңсесі биік елі мен елін сүйген Елбасының рухани біртұтастығының бірегей көрінісі ретінде бағалар едім. Өйткені, бұл бастама мемлекет құраушы қазақ халқының қанына біткен мәмілегер мінезі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының үндестік пен үйлесім тауып, туған топырағымызда діні мен ділі әралуан жүзден астам ұлт өкілдерін ынтымаққа ұйыстырған тағылымды тәжірибесінің әлемдік деңгейде жалғасын табуының айғағы болып табылады.

– Толғамды тұжырымыңыз үшін алғысымды білдіре отырып, сіздің ойларыңыздан туындаған келесі сауалға көшейін. Бейбітшілік пен келісім – әлем халықтарының күн тәртібінен түсіп көрмеген мәселе. Дінаралық келісім алаңында да бүгінге дейін қандай да бір әлемдік тәжірибе жинақталды деп айта аламыз ба?

– Әрине, бастамасы жоқ бейқам дәуірді адамзат тарихы әзірге білмейді. Бірақ, әрбір іс ақырғы нәтижесімен қайырлы болғандықтан, сәтсіз тәжірибелердің санатқа алына бермейтіні де бар. Соңғы үш ғасырды қамтыған шартты түрде «жаңа тарих» деп аталатын кезеңде әлемдік аренада дінаралық үнқатысу мен келісімге шақыруды ниет еткен басқосуларды ұйымдастыруда біршама қадамдар жасалды. Атап айтар болсақ, 1893 жылы Чикаго қаласында дін өкілдерінің қатысуымен Діндердің бүкіләлемдік конгресі өтті. Конгресте бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін дінаралық үнқатысудың қажеттілігіне қоғам назарын аударудың маңызы сөз етілді. Діндердің әлемдік парламенті құрылып, Біріккен діндер ұйымын құру мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Алайда, конгреске қатысушылардың ортақ келісімге келе алмауы салдарынан екінші отырысты 100 жылдан кейін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Келесі бір қадам ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысында Ватиканда құрылған «Ислам-Христиан үнқатысуының хатшылығы» ұйымын атауға болады. Екі алып дінді бір-біріне жақындастырып, халықаралық іс-шаралар жүргізуді мақсат еткен ұйым уақыт өте келе Азия, Еуропа, Америка, Австралияда өз орталықтарын ашқан болатын. Дегенмен, бұл қозғалыс түрлі қайшылықты көзқарастар салдарынан өз мақсатын толық жүзеге асыра алмады. Дінаралық келіссөздерге жол ашуды көз­деген келесі шаралар 1986 және 2002 жылдары Италияның Ассизи қаласында өткізілді. Бұл кездесу әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің қарапайым отырысы түрінде ғана жүзеге асып, айтарлықтай ауқымды деңгейге көтеріле алған жоқ. Осының барлығы діндер үнқатысуының әлемдік деңгейдегі бас­тамасын жүзеге асыру үшін тек ізгі ниет қана емес, тиянақты тірек болатын тарихи тәжірибе, көгеріп-көктейтін құнарлы топырақ керек екенін дәлелдейді. Мұндай тарихи тәжірибе сан ғасыр бойы сайын даланы мекен етіп, тоғыз жолдың торабын жайлаған, діндес немесе діні жат, қазақ немесе қаймана деп бөлмей, өткен-кеткен жолаушыға есігі ашық, дастарқаны жаюлы, құлағы түрік болған, жақсы мен жаманды сарапқа сала отырып, жақын мен жаттың арасын айырмаған мәмілегер мінезді қазақ жұртына тән еді. Сондықтан, әлем халықтары арман еткен дінаралық келісімнің ерен мақсаты шынайы түрде Қазақ жерінде жүзеге асырылды. Оның алғашқы алқалы жиыны ретінде 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында бірнеше конфессия өкілдерінің қатысуымен өткен «Рухани келісімнің І бүкіләлемдік конгресін» айтуға болады. Осы кездесуден кейін 18 қазан «Қазақстан Республикасының Рухани келісім күні» ретінде белгіленіп, жыл сайын аталып өтуде. Содан кейінгі іргелі қадам – әңгіме арқауы болып отырған, елімізде 2003 жылдан бастау алған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі болды.

– Осы орайда, мемлекет құраушы қазақ ұлтының және еліміздегі көптеген ұлттардың ата діні – исламның тағылымына назар аударсақ. Өзіңіз айтып өткен мәмілегер мінездің қалыптасуына исламның да әсері аз болмаған шығар?

– Сөз жоқ, дінді құндылық ретінде қабылдаған халқымыз исламның рухы мен мінезін де бойына сіңіре білді. Ал діннің рухы мен мінезі шариғи қағидаттардан бастау алатыны белгілі. Ол қағидаттар қандай еді? Мұсылман қауымының бұл орайда негізге алатыны – «Дінде зорлық жоқ» деген Құран аяты, осы аяттың қарапайым әрі айқын түсіндірмесі іспетті: «Мен сіздердің табынатындарыңызға табынбаймын, сіздер де менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздердің діндеріңіз өздеріңізге, менің дінім өзіме» деген Құран сөздері. Барша адамзаттың бір-бірімен бауыр, туыс екендігін айғақтайтын, адамдарды бір-бірімен аралас-құралас, таныс-біліс болуға шақыратын: «Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді өзара ұлттар мен ұлыстарға бөлдік» деген аяттардың да дінаралық және ұлтаралық татулыққа септескені айқын. Құранда «Кітап иелері» деп аталған иудей және христиан діні өкілдерімен бейбітқатар өмір сүрудің исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан. Мұхаммед пайғамбар мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христиандар мен еврейлерді аманат етемін», – деп өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын», деп ­ қатаң ескерткен. Осы орайда, Мұхаммед пайғамбардың кезінде орын алған мына бір оқиғаны да еске алған жөн. Исламды қабылдаған мұсылмандар 622 жылы Меккеден Мединеге қоныс аударғаннан кейін өзге дін өкілдерімен Медине келісіміне қол қойған болатын. VII ғасырда жасалған бұл құжат исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, исламның адам құқығына деген құрметі мен үнқатысу мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ, сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігін қамтамасыз еткен қағидаттарды қамтыған. Мұхаммед пайғамбар өзге дін өкілдерінің ғибадат ететін ғимараттарын қиратпауды, діндарларды өлтірмеуді, оларға қол жұмса­мауды, алым-салық алмауды, мал-мүлкіне қол сұқпауды, өзге діндегілердің құдайларына тіл тигізбеуді өсиет еткен. Мұхаммед пайғамбардың тәлімін алған ізбасарлары да мұсылмандардың қол астына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізді. Ислам тарихының кей дерек­теріне көз жүгіртсек, дінаралық келісімнің үздік үлгілеріне куә боламыз. Христиан діні өкілдері көбірек шоғырланған Палестина аймағын билеген халифа Омар 637 жылы арнайы келісімшарт жасап, өзге дін өкілдеріне қауіпсіздік қағазын берген. Бұл құжатта: «Христиандардың жандарына, малдарына, шіркеулеріне, крестеріне, дені саулары мен сырқаттарына және қалған ұлтына амандық берілді. Шіркеулерін ешкім тұрғын үй есебінде қолданбайды, оларды ешкім бұзбайды, олардың ішкі және сыртқы қор мүліктерінен ешнәрсе кемітілмейді, олардың малдарына ешкім қол сұқпайды. Мұндағылардың дініне зорлық жасалмайды, ешкімге дін негізінде зорлық көрсетілмейді», делінген. Халифа Омар кедей әрі жұмыс істеуге қабілетсіз өзге дін өкілдері үшін мемлекеттік қазынадан арнайы қаржы бөліп, жалақы төлеп тұрған. ХІІІ ғасырда Сирия маңында моңғол әскерімен бітім жасасуға келген мұсылман елшісі тек мұсылмандардың ғана емес, олармен отандас өзге дін өкілдерінің де тұтқыннан толық босатылуын талап еткен. Орта ғасырда Андалусияда орын алған келеңсіздіктер тұсында жергілікті иудейлер Османлы мемлекетіндегі мұсылмандарды паналаған. Осының барлығы дінаралық келісім қағидаттарының жасампаз рухани әлеуетке ие ислам дінінде ертеден берік орныққанын және тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын айғақтайды.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қайта оралайық. Отандық оқырманның ақпараттық жадын тағы бір жаңғыртып алу үшін съездердің ұйымдастырылу кезеңдеріне шолу жасап өтсеңіз…

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының әрбір отырысы өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. I съезд Астана қаласында 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өтті. Алғашқы басқосуға Еуропа, Азия және Африканың 17 елінен келген белгілі дін жетекшілері, қайраткерлер мен құрметті қонақтар қатысты. Қатысушылар дін­аралық келісімнің идеялық орталығы іспетті осынау съезді тұрақты түрде өткізіп тұру жөнінде ұйғарымға келіп, оның жұмыс органы – Съезд Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады. 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген тақырыпта өткізіліп, оған Еуропа, Азия, Африка және Американың 20 елінен келген 43 делегация қатысты. Бұл форумда «Дінаралық үнқатысу қағидаттары» атты маңызды құжат қабылданып, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын ашу туралы бастама көтерілді. Ал 2009 жылғы 1-2 шілде­де өткен III съезд «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалып тастырудағы дін көшбасшыларының рөлі» атты тақырып аясын да өтті. Елбасы бастамасымен ашылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының белсене атсалысуымен өткен съезд жұмысына әлемнің барлық басты діндеріне қатысы бар 77 елден келген делегация мүшелері атсалысты. Бұл басқосуда Елбасы Н.Назарбаев Дін көшбасшыларының кеңесін құруды ұсынды. IV съезд 2012 жылғы 30-31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» тақырыбымен өткізілді. Бұл жолғы басқосуға 40 елден келген барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар 87 делегация қатысты. IV Съезд аясында оның институттарының қалыптасуы жал­ғасты. Үйлестіруші орган ретінде Дін көшбасшыларының кеңесі құрылып, оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Дін көшбасшылары кеңесінің мүшелері елордадағы «Мәңгілік Ел» даңқ қақпасының маңында «Рухани жарасым» аллеясын ашты. Съездің пленарлық отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев жаһандық толеранттылық пен өзара сенімді қалыптастыру мен нығайтуға арналған «G-Global» порталының құрамдас бөлігі болатын ғаламтор ресурсын құруды ұсынды.

– Әңгімеңізден аңғарып отырғанымыздай, съезд басқосулары өзара тығыз байланыста ұйымдастырылып, бірінде көтерілген бастама екіншісінде жүзеге асып келеді екен. Кезекті отырыстың тақырыбын айқындауға қандай мәселелер негіз болды?

– 2012 жылы өткен кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінен кейін әлем сахнасында бірқатар оқиғалар тізбегі орын алды. Сирия жерінде билік пен оппозициялық топтар арасындағы қақтығыстардың өрши түсуі, Нигерияда содырлар тарапынан әйел адамдар мен балалардың қолды болу фактілерінің жиі тіркелуі, Таяу Шығыс пен Үндістан аймақтарында әртүрлі діндер өкілдері арасында қақтығыстардың орын ала бастауы, дін атын жамылған радикалды идеологияның жағымсыз ықпалы салдарынан Батыс елдерінде жиі көрініс берген исламофобиялық әрекеттер легі жаһандық деңгейде діни ахуалдың ширыға түскенін аңғартуда. Сирия және Ирак жеріндегі экстремистік және террористік топтардың әрекетіне жат идеологияға арбалған Орталық Азия, Үндіс­тан, Пәкістан, Қытай, Ресей, Батыс Еуропа және АҚШ азаматтарына дейін қатыса бас­тауы әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отыр. Әлемдік саяси және геосаяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, өркениетаралық түсініспеушіліктердің арта түсуі бүгінгі таңда аса қауіпті құбылыстар қатарынан орын алуда. Мұндай күрделі мәселелерді тек діндер және діни қатынастар ауқымында ғана қарастыруға болмайды. Оларды талқылап-талдап қана қоймай, нақты шешім жолдарын табу үшін әлемдік саяси жетекшілердің, мемлекет қайраткерлерінің, қоғамдық ой-пікірге қозғау сала білетін көрнекті тұлғалардың басқосуға тартылуы өте маңызды. Сондықтан, үш жылда бір рет жүзеге асатын осы съезде діни және саяси қайраткерлердің ынтымақтастығы мен бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуын тереңдету, сол арқылы заманауи сын-тегеуріндерге тізе қоса төтеп беріп, қазіргі жаһандық үдерістер туындатқан өзекті мәселелерге бірлесе жауап іздеу мақсаты алға қойылып отыр.

– Дін саласында орын алған кикілжіңдерге куә болған сайын жұртшылықтың санасына: «Дін – мәселе ме, әлде оны шешудің тетігі ме?» деген сұрақ жиі оралуы мүмкін. Сіз не дер едіңіз?

– Дін – қоғамдық мәселелерді ширықтыру үшін емес, шешу үшін қалыптасқан институт. Оны өзінің болмысына жат мүддеге – күйретушілік мақсаттарға пайдалану дін атын жамылған лаңкес ұйымдар мен оларды қолдаушы күштердің адамзатқа қарсы қылмысы, қатерлі әрекеті болып табылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер өздерінің жасампаз құндылықтары арқылы тұтастай ұлттар мәдениеті­нің негізіне, өркениеттердің қоз­ғаушы күшіне айналды. Ғылыми тұрғыдан пайымдасақ та дін – рухани мәдениет құбылысы, қоғамдық сана негіздерінің бірі ретінде адамзат қоғамымен ажырамастай тамырласқан. Дін мен дін еместің ара-жігін ажыратып алуда мемлекет пен дәстүрлі діндер өкілдері азаматтарға дұрыс жолды көрсете білуі қажет. Яғни, ең алдымен қоғам өмірін реттеуші институт ретіндегі діннің шынайы болмысын тереңдей түсіне және түсіндіре білуге, діннің проблема емес, оны шешудің тетігі ретіндегі рөлін дұрыс пайымдап, орынды пайдалануға тиіспіз. Осы арнадағы ойларды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Барлық кезеңде мәртебелі моральдық құндылықтардың сақтаушылары дін көшбас­шылары – түрлі діндердің басшылары болған және болып отыр. Сондықтан да осынау күрделі кезеңде дін қайраткерлеріне айрықша үміт артылады. Бүгінде қай кездегіге қарағанда діннің гуманистік императивтері қажет болып отыр. Нақ сіздер, дін көшбасшылары, руханилықтың – дүниенің үйлесімді дамуының басты шартының қайта өрлеуінің жүргізушілері бола аласыздар. Біз өз съезіміздің мәртебелі мақсатын осыдан көреміз», деп түйіндеген болатын. Бүгінгі таңда адамзат баласына тартыспен емес, татулықпен, ымырасыздықпен емес, ынтымақпен күн кешу үшін дінаралық үнқатысу мен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет. Ішкі және сыртқы рухани келісімге, жеке тұлғалық және қоғамдық үйлесімге, рухани кемелдікке қол жеткізу – әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты. Сондықтан, әлемдік қоғамдастықта бейбітшілік пен дінаралық келісімнің салтанат құруына әлемдік және дәстүрлі діндердің шексіз әлеуеті кеңінен тартылуы тиіс. Бейбітсүйгіш мемлекеттер тарапынан жүргізіліп келе жатқан сан салалы жұмыстардың қарапайым да қастерлі мақсаты – осы.

– Тартымды әңгімеңізге рахмет. Съезд жұмысына табыс тілейміз.  

 

Әңгімелескен Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».

Бөлісу: