Бүгінде адамның өзін-өзі өлтіруі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Суицидтің факторлары көп. Оны дөп басып, нақты айта алмаймыз. Дегенмен, бұл проблемаға әртүрлі қырынан қарау қажет. «Көп көтерсе жүк жеңіл», – демекші, бұл мәселеге көпшілік болып ат салысуымыз тиіс. Сондықтан, мен бұл мәселеге дін саласы, рухани тәрбие жағынан келмек ойым бар. Бәлкім, аз да болса осы «індетке» қарсы жасалған тамшыдай үлесім болып қалар...
Суицид – адам әрекетінің салдары. Бәлкім, біз салдарды емес, соның себебіне діни тұрғыдан назар салып көргеніміз жөн болар. Дәрігерлер мен психолог мамандары суицидті көп жағдайда адамның психологиялық ауытқуымен, әлеуметтік-отбасылық қиындықтармен, адамның көп мөлшерде ақша қарыз болуы, несие алып, оны төлей алмауы немесе мектеп бітірушінің ҰБТ-ның нәтижесінен қорқуы сияқты т.б. себептермен түсіндіреді. Бұған дау жоқ. Мұның барлығын өмірде көріп келеміз.
Құрметті жастар қауымы, адамның жаны оған уақытша берілген аманат. Мысалы, сіз бір мекемеге басшы немесе жауапты адам болып тағайындалдыңыз делік. Енді осы ғимараттағы жиһаздарды, мүлікті еркіңіз бойынша талан-таражға сала аласыз ба? Оларды қалаған адамға сатып немесе сыйға тарата аласыз ба? Әрине, жоқ. Бұлай жасай алмайсыз. Егер сіз бұлай жасайтын болсаңыз, онда заң алдында жауапқа тартыласыз. Дәл сол сияқты жан, адамға берілген уақытша аманат. Оны өлтіру деген сөз басқаның аманатына қиянат жасаумен тең. Егер сіз осы аманатқа қиянат жасайтын болсаңыз, Алланың алдында жауапқа тартыласыз.
Сонымен, жанның қожайыны – Алла. Сондықтан, біз қалаған уақытта өз-өзімізді өлтіре алмаймыз. Мұны Алла шешеді. Біздің міндетіміз, кеудеміздегі жанды өз Қожайынына табыс ету. Алла тағала Құранда былай деген:
«Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын болсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етті» (Ниса: 58).
Сондықтан, Исламда адамың өзіне-өзі қол жұмсауына құқығы жоқ. Бұл – тиым салынған әрекет. Ал енді: «Мен өзімді өзім өлтірсем – бұған ешкім жауапты емес» деген пікір – қате. Адам бұл қылмысы үшін – жауапты. Бірінші Алланың алдында өзі жауапқа тартылады. Кейін, сол адамның – ата-анасы сосын барып, оны сол жағдайға душар еткендер сұралады. Өйткені, перзент – ата-анаға аманат. Бұл туралы Құран мынаны айтады:
«Ей, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбастарыңды отыны адамдар мен тас болған тозақтан сақтаңдар» (Тахрим: 6).
Ата-ана перзентін дүниенің азабы мен машақатынан қаншалық сақтаса, ақырет отынан одан да сақтауы шарт. Тәрбие жолында көркем мінезді, адамгершілік құндылықтарды және жақсы мен жаманды ажырата білуді үйрету, бұзық құрбы-құрдастардан қорғау, жеңіл өмірге әдеттендірмеу сияқты т.б. Бірақ, бүгін де баласының тәлім-тәрбиесімен шұғылданатын ата-ана аз шығар. Басым бөлігіміз «мансаптық өсу» (карьерный рост) деп отбасын ұмытып, шапқылап жүрсек, енді басқаларымыз «отбасын асырау қажет» деп бала тәрбиесін мектепке, қала берсе компьютерге қалдырамыз. Өсіп қалған ұл-қыздарымыз өз проблемаларымен өздері қалып қояды. Егер адам осылай материалдық (дүние, ақша, мансап сияқты т.б.) жағдайларды бірінші орынға қойып, ал рухани жан дүниені естен шығарып, бос қалдырса, онда ол бостықты азғындық, арсыздық, жаман ойлар толтырады. Адам осы екі жақты да (дүние мен ақыретті) бірге алып жүруге тырысуы керек. Мүмкін сонда барып, отбасына, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлетін шығармыз.
Құрметті жастар қауымы, батыс киноларын көріп, соларға еліктеп: «Мен өлсем, жаным рахат табады. Жарық әлемде періште сияқты ұшып жүремін», – деген ойдан аулақ болыңдар. Бұл адамның ойынан шығарған өтірік. Керісінше, нағыз азап сол сәттен басталмақ. Бұған Құран мен хадистерде дәлелдер өте көп. Мен осылардың екі-үшеуімен ғана шектелмекпін. Мұхаммед пайғамбар өзін-өзі өлтірушіге қатысты былай деп айтқан:
«Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақталады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады» (Ахмад, Әбу Дәут).
Сол сияқты өзін-өзі өлтірген адамды ақыретте ешкім жарылқамайды. Ешкім сізге қарап: «Мынау бейшара екен ғой. Мынаны жарылқау керек», – деп ешкім сізді қамқорлық қанатына алмайды. Сондықтан суицид дегеніміз – өзін екі дүниеде де қор қылу. Бұған пайғамбардың мына хадисі дәлел:
«Сендерден бұрын қауым болды. Олардың ішінде біреуі жаралы болатын, кейін жарақатына төзе алмады. Ол пышақ алып, жарақатты қолынан сылып, алып тастады. Қаны тоқтамай ағып, соның салдарынан ол адам қайтыс болды.
Кейін ол Алла тағаланың құзырына барған уақытта. Алла тағала:
– Пендем Менің алдыма өзін өлтіріп келді. Мен оған жәннатты харам қылдым, – деп айтты» (Бұхари, Мүслим).
Бұған қоса адам өзін-өзі қалай өлтірсе, ақыретте де солай азапқа салынады: «Кім өзін қалай өлтірсе, қиямет күнінде сол нәрсемен азапталады» (Бұхари, Термези).
Қорыта келе айтарымыз...
Хадистерден көргеніміздей, адам өзін-өлтіріп дүние машақатынан немесе жан азабынан құтыла алмайды. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы мынадай қызық жағдайды растап отыр. Олардың жүргізген зерттеулеріне сәйкес өзге мемлекеттерге қарағанда мұсылман мемлекеттерінде суицид көрсеткіші әлде қайда төмен екен. Өйткені, иманы жоқ адам: «Егер мен өлсем, онда бұл өмірдегі қиыншылықтардан құтыламын», – деп ойлап, өзіне қол жұмсайды. Адамның жүрегінде иманы болмаса, ол Құдаймен сырласа алмайды, Оған мұңын шаға алмайды. Ал күнделікті күйбең тіршіліктің машақаттары адамды қысып, күннен күнге өмірін қиындатады. Жүрегінде өзінің мұң-мұқтажын айтатын Құдайы жоқ болғандықтан жаны қысылып, кең дүниеге симай кететіндер қанша? Ал біз құдайға шүкір жүрегінде иманы бар қазақ халқының ұрпағымыз. Қазақ ешқашан құдайын ұмытпаған.
Құрметті оқырмандар, жақындарымызға, ұл-қыздарымызға және бауырларымыз бен қарындастарымызға олардың жалғыз емес екендігін және оларды жақсы көретінімізді жиі айтайық.
Жалғыс САНДЫБАЕВ,
филос.ғ.к., дінтанушы