Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады… Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс», – деп мәні терең тұжырым айтыпты. Тарих – өткеннен үлгі, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық.
Дін мен дәстүр халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитеті екенін ескеріп, 2013-2015 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, осы қос құндылықтың Діни басқарма деңгейінде кеңінен насихатталуына басымдық бердік. «Дін мен дәстүр» кітабы зиялы қауым, қарапайым халық, жалпы жамағатқа жол тартты. Осынау игі идея діни орта мен зайырлы қауымды бір мүддеге біріктірген қуатты күшке айналды. Діни мерекелерді ұлттық нақышпен үйлестіріп, айрықша атап өтудің мәдениеті қалыптаса бастады. Бүгінде имам-молдалар тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды. Айт мерекелерінде мешіт аулаларында ұлттық ойын түрлерінен жамағат арасында спорттық сайыстар ұйымдастыру дәстүрге айналды. Діни басқарма жүлдесі үшін жыл сайын палуандар арасында қазақша күрестен республикалық жарыс өтуде.
Осы жыл басында біздің ұсынысымыз бойынша ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен 2016 жыл «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланды. Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын терең зерделеу, Ислам діні ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы екенін қоғамға насихаттау, ұлттық тарихымыз бен елдік санамызды, ұжданды тұлғаларымызды саралап, олардың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мұны тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады.
Ғұламалар Кеңесінің ХІ отырысында «Дін және тарих тағылымы» жылына орай жүзеге асатын игі жобалар мен іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді. Атап айтқанда, діни һәм тарихи кітаптар шығару, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы, аудандардағы өкілдіктерінде «Дін және тарих тағылымы» атты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу, ЮНЕСКО-ның 2016 жылды Ясауи жылы деп жариялауына орай, Қожа Ахмет Ясауидің шығармашылығына арналған халықаралық конференция ұйымдастыру, қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен тарихи тұлғалар туралы, олардың діни туындыларына арналған деректі фильмдер мен зерттеу мақалалар, очерктер жариялау, бұқаралық ақпарат құралдарында «Дін және тарих тағылымы» атты бағдарламалар мен хабарлар ұйымдастыру, осы бастаманы халыққа жан-жақты насихаттау, т.б. игі жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Қазақ даласына ислам дінінің келуімен ғылым, білім, сауда, өнер саласында жаңа бетбұрыстар болып, қала мəдениеті жедел дами бастады. VІ-ХII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалардың салынуы қарқын алды. Ол қалалар сауда мен қолөнердің, мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді.
Еліміздегі алғашқы мешіттер мен медреселер Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз қалаларында салынғаны белгілі. Мешіттер әмбебап рухани жəне ғылыми орталықтарға айналды. Ислам діні қазақ жеріне бейбіт жолмен келіп, ізгілік пен мейірімділікті таратты. Қазақ топырағына ислам дінінің келуі жəне орнығуымен қатар бүкіл Ислам əлемінің жарық жұлдыздары – Əбу-Насыр əл-Фараби, Əбу Ибрахим Исхақ əл-Фараби, Ғаламаддин əл-Жауһари, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хуссам Аддин Ас-Сығанақи сынды ғұлама ғалымдарымыз ислам мəдениеті мен ғылымын əлемге паш етті.
Отырар аймағынан шыққан ғалымдар ғылымның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, адамзат өркениетіне зор үлес қосты. Хандық дәуірде ислам құндылықтары ел бірлігі мен рухани әлемінің тірегі ретінде хандарымыздың ел тұтастығын сақтау мақсатында шығарған заңдарында көрініс тапты.
Әсіресе, ислам дінінің рухани құндылықтары Орта Азиядан шыққан ғұламалардың ой-пікірлері мен сан-салалы ғылыми, мәдени, әдеби шығармашылығына зор ықпал етті. Сол уақыттағы ақын-жыраулардың шығармашылығына үңілер болсақ, біз олардың ең алдымен жай ақын немесе қарапайым ғалым емес, дін білгірлері болғандығын байқаймыз. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдарымыз, қайраткерлеріміз дін құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрін қарапайым халыққа ұғынықты өлең-жыр түрінде жеткізіп отырды.
Жақында Діни басқарма осы дана бабаларымыздың діни сарында жазылған мұраларын жинақтап, «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап шығарды. Ондағы ақын-жыраулардың, дін қайраткерлерінің өлең-жырлары ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дүниетанымының, адамгершілік қағидаттарының, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл дініміздің мұраттарымен сай келетіндігін, екеуінің бір арнада тоғысатындығын көрсетеді. Бұл қазақ халқы ислам дінін толыққанды ұстанған ұлт екенін дәлелдей түседі. Кітапты жарыққа шығарудағы мақсатымыз – теріс пиғылды идеологиялық басқыншылыққа қарсы ұлттық имани иммунитетті күшейту.
Ахмет Жүйнекидің осы жинаққа енгізілген білім жайлы өлеңінің Құран Кәрім аятымен үндесуі соның дәлелі дер едік.
Ислам діні білім алу мәселесін ең бірінші орынға қояды. Оған шариғатта дәлел көп. Мысалы, қасиетті кітабымыз Құранның «Мүжәдалә» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді», – делінген.
Алаш ардақтысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».
Ислам діні – ұлы дала халқының таза рухани болмысымен үндесіп, адамзатқа нұр шашқан тұлғалар мен ғалымдардың шығуына негіз болды. Қазақ даласына исламның дәнегі егілгеннен бастап, даналар мен дара тұлғалар жақсылықтың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұсылманшылықты бекем ұстанды. Ғибратты ғұмыр кеше білді. Алланың берген ақылы мен талантын исламды насихаттауға сарп еткен. Олардан қалған білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Біз төл тарихымызды зерделей отырып, исламның ұлттық болмысымыз бен қазақ халқының ел болып қалыптасуына зор үлес қосқанын көреміз.
Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние ұсынып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүлдерін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысып жатырмыз. Мақсатымыз – ұлттық болмыс, табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу. «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты жаңа кітап сондай игі бастаманың жемісі.
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, қазақ топырағын түрлі апаттар мен бүліктен сақтағай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әумин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти
Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті