Елімізде бала дүниеге келгеннен бастап, 16 жасқа шейін 10 түрлі ауруға қарсы 20-дан астам екпе салдырылады екен. Әрине бұл екпелердің көбісі ерікті, ішіндегі бірқатары міндетті болып келеді. Десе де, вакциналық екпе егуге байланысты қазіргі қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Екпеге қарсы отбасылар да көбейген. Бұл мақалада екпені қолдайтындар мен қолдамайтындардың пікірлерін қоса қамтып, Ислам шариғатының бейтарап ұстанымын ортаға салуды мақсат тұттық.
Вакциналық екпе егуге Ислам шариғаты мамандары қарсы емес. Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы карольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған.
Аталмыш ресми діни мекемелердің ғалымдары мәселеге байланысты діннің екі негізінің бірі – хадистерге де жүгінген. Хадисте Мұхаммет пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім де кім таңертең «ажуа» құрмасынан жеті данасын жейтін болса, ол сиқырдан және уланудан аман болады», - дейді. Бұл құрма уланудан адамды қорғайтын болса, демек ол адам иммунитетін күшейтетін дәрумендерге бай болғандығы. Екпені де түрлі вирустардан сақтану үшін, адамның иммунды әлеуетін көтеру мақсатында егеді.
Тіпті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәрумені мол құрманы өз аузымен шайнап, кішкентай нәрестелердің таңдайына жағатын болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл сүннет амалы «тахник» деп аталды. Қазіргі вакцина да балаға жаңа туған сәби кезінен салына бастайды.
Сауд Арабиясы қажылық сапарына аттанатындарды менингитке қарсы екпе алуға міндеттейді. Әлемнің өзге мұсылман елдеріндегі ғұламалар карольдіктің бұл талабына қарсы емес. Бір жағынан бұл вакцинаның құрамында діни тұрғыда қолдануға тыйым салынған заттар жоқ. Орайы келгенде айта кететін жайт: вакциналық екпенің құрамында шариғат бойынша харам деп есептелетін спирт, доңыз және басқа да еті желінбейтін жануардың еті, майы, қаны және т.б. заттар болмауға тиіс.
Соңғы жылдары екпеге қарсы ата-аналар қатары өсіп келеді. Бұған себеп бір жағынан, екпе салдарынан ауруға шалдыққан бала санының өсуі болса, екінші жағынан әлеуметтік интернет желілерінде вакцинаға қарсы антирекламалық бейнероликтер, мақалалар және жаңалықтар көптеп жарық көру түрткі болуда.
Екпеге тек дін жолындағылар ғана қарсы емес. Мәселен Шығыс Қазақстанда екпенің сапасыздығынан 62 ата-ана өз баласына туберкулезге қарсы екпе жасатудан бас тартқан. Шығыстағы имамдардың айтуынша бұл ата-аналардың арасында діндарлар аз. жалпы Шығыс Қазақстанда басқа аймақтармен салыстырғанда мешітке келушілердің саны өте аз көрінеді.
Екпеге қарсы отбасылармен жолыққан теолог ретінде айтарым: отбасылардың ешбірі өздерінің екпеге қарсылықтарын дінмен байланыстырмайды. Екпе егуге дін бойынша рұқсат етілгенін білдіретін хадистерді олар да мойындайды. Олардың айтатын уәждері: неліктен қоғамымызда екпеден зардап шеккендер көбейіп кетті? Неге екпенің салдарынан бала ауыратын болса, ата-ананың өзі жауапты болуға тиіс? Неге екпе еккен маман жауапкершіліктен қашады? Осы орайда балаға екпе егуден алдын ата-ана қарсы емеспін деп, қол қояды. Екпеден кейін баланың жағдайы күрт нашарласа, қол қойғандығы үшін ата-ана өзі жауапты болады.
Үстіміздегі жылы Шымкент қаласындағы №109 орта мектебінің оқушысы қыз бала 18 ақпан күні қызылшаға қарсы егілген, ал 22-і күні қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызылған, оның ол кезде жағдайы орташа ауыр болатын. 23 ақпан күні сағат 02:15-те жағдайы күрт нашарлаған, жүрегі, тынысы тоқтап қалған, реанимациялық шаралар жүргізілгенмен, нәтиже шықпады. Оқиға орнына бірден құрамында денсаулық сақтау министрлігінің мамандары, ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері, штаттан тыс бас аллерголог-иммунологы бар жұмыс тобы жөнелтілді. Алдын ала нәтижелер қыз баланың лезде ауыртатын менингококк инфекциясынан қаза болғандығын көрсетуде, қызылшаға қарсы екпенің оның өліміне байланысы жоқ”, делінген хабарламада. (http://kaz.gazeta.kz/news/shymkentte-qyz-balanyng-qaza-bolu-sebebi-qyzylshagha-qarsy-ekpege-bajjlanysty-emes-newsID174111.html)
Бұл оқиғада ақ халаттылар қыз баланың өліміне қызылшаға қарсы екпенің әсерін жоққа шығарса, Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы дәл осы қызылшаға қарсы вакциналық екпені сапасыз деп тапқан. (http://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/kyizyilshaga-karsyi-ekpenn-kaupszdg-kuman-tugyizbaydyi-ddu-260319/)
Үстіміздегі жылдың ақпан айында бір күнде Жаңаөзен ауруханасына түскен 30 баланың 8-і жансақтау бөліміне жатқызылса, екеуі «жедел жәрдем» көлігімен Ақтау қаласына жіберілген. Үндістаннан шығарылған қызылшаға қарсы вакцинаны қабылдаған соң балалардың басы айналып, жүрегі айнып, аяқ-қолдары қалтырай ұйып, талмаусырай бастаған. Дәрігерлер тарапынан балаларға «екпеден кейінгі реакция» деген диагноз қойылған. Мұндай екпе Маңғыстау облысы бойынша 35 мыңнан астам балаға, оның ішінде 6 мың жасөспірімге салынуы керек екен. Қазір Жаңаөзенде вакцина егу уақытша тоқтатылды. (http://egemen.kz/2015/02/19/50266)
Дәрігерлер вакцинаның кейбір нәрестелерге кері әсер беретінін жасырмайды. Бірақ, көп жағдайда екпе баланы түрлі дерттен сақтайды. Вакцинаның аздаған кері әсер беруі қалыпты жағдай. Сол арқылы иммунитет қалыптасады. Бұған байланысты араб елдерінің шариғат ғалымдары екпеден кейінгі баланың бойындағы қызудың көтерілуі, дененің қызаруы сияқты уақытша салдарға түсіністік көрсетуге шақырады. Себебі екпе арқылы одан да үлкен зиянның алдын алу мүмкіндігі бар.
Ақ халаттылардың пікірінше вакцинаның арқасында оспа, полиомиелит сияқты аурулар әлемнің бірқатар елдерінде мүлдем жойылған. Солардың қатарында Қазақ елінің де болғаны қуантады.
2013 жылдың қорытындысы бойынша республикада көптеген инфекциялық аурулар бойынша қалыпты эпидемиологиялық жағдай байқалды. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баян етті.
«Республикадағы инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау жүйесінің тиімділігін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растады және Қазақстанды полиомиелиттен және безгектен еркін ел деп таныды», - деді министр.
Жуырда «Хабар» арнасында журналист Ринат Думанұлы жүргізетін «Жекпе-жек» токшоуында «Екпе салдырған қаншалықты дұрыс?» атты тақырыпта пікірталас болды. Жекпе-жекте С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетініңпрофессоры Сәкен Әмірейев екпе салдыру адам өміріне, қалаберді қоғамға пайдалы деген позицияны ұстанды. Ал ол кісінің оппоненті ҚР «Халал» индустриясы қауымдастығының төрағасы, дәрігер Марат Сәрсенбаев екпе салдырудың адам ағзасына зиянды екенін тілге тиек етті.
С.Әміреев: «Өткен ғасырда АҚШ-тың, Еуропаның ғалымдары В гиппотитіне қарсы вакцина ойлап тапқан. Сол вакцина егілген адамдардың ішінде бауырдың ісінуіне шалдыққандар табылмаған. Ал вакцина алмағандар ауруға шалдыққандығы анықталған», - деген фактіні жеткізді.
Ал М.Сәрсенбаев: «Екпені өзіміз толық зерттемей жатып, бір жақты оның пайдасын ғана айта береміз. Шетелдегі мыңдаған мамандар екпенің зиянын айтып, әлемдік деңгейде бұл мәселені көтеріп жүр. Біз неге сол шетелден әкелінген екпені тек қағазын оқып қана шектелеміз? Неге оны азаматтарымызға егуден алдын зертханалық әдіспен тексермеске?», - деген ой айтты.
С. Әміреевтің жақтасы медицина ғылымдарының докторы, профессор Имдат Эфендиев: «Қызылшаға қарсы екпе салдырмағандықтан менің алдыма бір жылдары 10 айлық қызды, тағы бір ретінде 1 жасқа дейінгі екі баланы тікұшақпен алып келді. Екі жағдайда да нәрестелер пневманияның өте ауыр түріне шалдыққан. Әлгі балалардың ата-аналары кезінде екпе салдырмағандарына қатты өкінді. Енді осындай жағдай қоғамда көбейсе, екпе салдырмай, балалар шетіней берсе, оған кім жауапты болмақ?», - деп, сұрақты төтесінен қойды.
М.Сәрсенбаевты жақтаушы, «Жас-Ай» медициналық орталықтың директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы: «Мен жақында ғана осы екпеге байланысты статистикалық мәліметтерді жинақтадым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы экологиялық зерттеу департаменттері мамандары әлемнің барлық елдерінде инфекциялық ауруларды зерттеуден өткізген. Зерттеу қорытындысы жарияланды. Жарияланған қорытынды мақала менің қолымда. Қорытынды бойынша балаларды түрлі инфекциялардан қорғау үшін вакциналық екпенің көмегіне жүгінбей-ақ, таза су, сапалы ас-ауқатпен тамақтандыру арқылы түрлі жұқпалы аурулармен күресуге болатынын дәлелдеді. Әрі бұл ғалымдардың айтуларынша бұл тәсіл вакцинаға қарағанда әлде қайда арзан, сондай-ақ өте тиімді екенін жеткізді. Тағы бір айта кететіні, дамыған елдер, әсіресе отбасыларында бір не екі бала ғана туылатын елдер вакциналық екпені балаға қолданудан алдын, тышқанға, қоянға экперимент жасап көреді екен», - деді.
(Телебағдарламаны мына сілтемеден толық тамашалауға болады: https://www.youtube.com/watch?v=iC9d8ig7ujI)
Өздеріңіз байқағандай, екпе мәселесінде қоғамда екіұдайы пікірлер айтылып жүр. Түйіндей келе айтпағымыз, адам денсаулығына байланысты болғандықтан екпе өте нәзік мәселе. Ислам діні екпені салдыруға қарсы емес. Алайда, екпенің құрамына және оны салдырудан алдын әр баланың денсаулығына жеке (индивидуалды), әрі жіті қарау керек. Сондай-ақ, шетелден әкелінген екпені зертханалық сараптамадан өткізу ләзім. Әйтпесе, жоғарыда аталған келеңсіз жайттар тағы да қайталанып жүрсе, отандық медицинамызға үлкен сын болмақ.
Алла тағалам ақ халатты абзал жандарымызға жар болғай, еліміз аман, бауырымыз бүтін, ұрпағымыз сау болғай!
Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
теолог, дінтанушы,
«әт-Тақуа» мешітінің
наиб имамы, Атырау