Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ұлы Жаратушы иеміз адамзат баласының берекесі артып, ғибратты өмір сүрулері үшін, топтасып өмір сүруге бейім етіп жаратқан. Қоғам ішіндегі адамзат баласы үшін басты құндылық ретінде танылған имандылық − бірлік және татулықтың арқасында тамырын кеңге жаяды. Сондықтан да Құран аяттары мен Алла Елшісінің өсиеттерінде бірлік пен татулық тақырыбына тереңнен ой қозғап, тіпті кейбір жерлерде қатаң ескертулер жасалап отырады.
Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы жоқ елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз.
Дін тек бірлік пен татулық орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлік бар жерде береке кетеді. Ондай ортада дінді ұстану былай тұрсын, адамның күнделікті өміріне қауіп төнбей ме?
Сондықтан Жаратушы Иеміз «Ағраф» сүресінде:
وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا
«Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескертеді.
Өздеріңіз көріп, куә боп жүргендей, қазір миллиондаған халық мазасыз күй кешіп жүр. Алла Елшісінің: «Көпшілікпен бірге болыңдар, бөлінуден сақтаныңдар», – деп бұйыруында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз: «Бөлінгенді бөрі жейді», – демей ме?!
Дін – адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, ізгілікке бастайтын ұлы жол. Имандылық – адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелеп, жақсылыққа үндейді, адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды.
Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла Тағаланың өзінің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік», – деген.
Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байытып, жер бетіндегі адамзат қауымының игілікте өмір сүруіне ықпал ететін қуатты күш.
Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз.
Алла Тағала Қасиетті Құранда «Маида» сүресінің 2-аятында адамзат баласына:
وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ ۖ وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ ۚ
«Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар...» деп бұйырған.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өміріне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға да мән береді.
Сондықтан ел ішінде тыныштықты, ауызбірлікті сақтап ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу – әрбір мұсылманның міндеті болып табылады.
Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық міндетіміз.
Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында еңбек етіп келеміз. Өйткені, халықтың иманы мен руханияты артса, еліміз де өркендейді.
Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған.
Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.
Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран кәрімде Хужурат сүресінің 10-аятында:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ ﴿١٠﴾
«Шын мәнінде, мүміндер ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер...» – деп бұйырған.
Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.
Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болайық, бауырлар!
Алла Елшісінің: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетін негізгі ала отырып, әрдайым мемлекетімізден қол жайып сұрай бермей, біз мемлекетімізге не бере алдық, Отан үшін не істедік деген сұрақтар әрбір мұсылманды мазалауы қажет.
Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс емес екендігі баршамызға белгілі жайт. Мәселен, иманды дәрігер халықтың денсаулығын жақсартуда аянбай еңбек етсе, иманды мұғалім білімді ұрпақ қалыптастырса, иманды ата-ана тәрбиелі ұл мен қыз өсірсе, иманды басшы халыққа адал қызмет етсе, сол секілді иманды әрбір азамат өзінің жұмысын мұқият әрі ықыласпен орындаса, онда мемлекетіміз де дамиды.
Ол үшін бізге ең алдымен бірлік керек. Халқымыз: «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деген. Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінің 103 аятында:
وَلَا تَفَرَّقُوا ۚ
«...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісіﷺ :
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ دِينَارٍ ، عَنِ ابْنِ عُمَرَ ، عَنْعُمَرَ ، أَنّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ , قَالَ : " عَلَيْكُمْ بِالْجَمَاعَةِ ، وَإِيَّاكُمْ وَالْفُرْقَةَ ،
«...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», (Тирмизи) – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.
Дініміздегі тағы бір үлкен құндылықтың бірі – сабырлылық. «Сабыр» – Ұлы Жаратушының көркем есімдерінің бірі. Адам кез келген сынаққа тап болса да Алланың разылығы үшін иманын, ары мен ұятын сақтайды, рухани тепе-теңдігін жоғалтпау үшін сабыр етеді. Төзімділік – адамның иманын шыңдап, табандылық пен тағаттылыққа тәрбиелейді.
Сабырлық сақтай білмеген адам шетін істің ұтымды шешімін таппай, парасатсыз пайым жасап, пайдасыз амалға жол береді. Асылында көркем мінезділік пен парасаттылық сабырлық тамырынан бастау алады. Сондықтан, қашанда сабыр мектебінің үлгілі шәкірті бола білсек, дәйім адамдықтың нарқын ұғынумен, парасаттылық парқына шыға аламыз.
Адам жаны күйзеліске ұшыраған кезде байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Алланың әмірі бойынша орындалады. Демек, әрбір істе ұшқалақтыққа ұрынғанымыз жөн емес.
عن جابر بن عبد الله -رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا- أنّ النَّبيّ -صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ- سُئِل: أيُّ الإيمان أفضل؟ قال: «الصَّبر...
Әз сахабалар Алла Елшісінен: «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл сұраққа: «Сабыр», – деп жауап берген. (Ибн Хиббан)
Алла-Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ ۚ إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ﴿١٥٣﴾
«Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп баяндаған.
Осы аятқа байланысты Ислам ғұламалары: «Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік етіп, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс», – деп түсіндірме берген екен.
حدثنا هداب بن خالد الأزدي وشيبان بن فروخ جميعا عن سليمان بن المغيرة واللفظ لشيبان حدثنا سليمان حدثنا ثابت عن عبد الرحمن بن أبي ليلى عن صهيب قال قال رسول الله صلى الله عليه وسلم عَجَبًا لأمرِ المؤمنِ إِنَّ أمْرَه كُلَّهُ لهُ خَيرٌ وليسَ ذلكَ لأحَدٍ إلا للمُؤْمنِ إِنْ أصَابتهُ سَرَّاءُ شَكَرَ فكانتْ خَيرًا لهُ وإنْ أصَابتهُ ضَرَّاءُ صَبرَ فكانتْ خَيرًا له "
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер, жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ол үшін сауап алады. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Бұған да сауап жазылады». (Муслим шартымен сахих)
Өз дәуірінің көрнекті ғұламасы Ф.Рази бір сөзінде былай депті: «Сабыр – адам бойындағы байбаламшылдықты ауыздықтау деген сөз.
Ал хазіреті Әли:
حدثنا أَبُو بِشْرٍ عَاصِمُ بْنُ عُمَرَ بْنِ عَلِيٍّ ، حدثنا أَبِي ، عَنِ السَّرِيِّ بْنِ إِسْمَاعِيلَ ، عَنِ الشَّعْبِيِّ ، عَنْ مَسْرُوقٍ ، قَالَ : قَالَعَلِيُّ بْنُ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ : " أَلا إِنَّ الصَّبْرَ مِنَ الإِيمَانِ بِمَنْزِلَةِ الرَّأْسِ مِنَ الْجَسَدِ ، فَإِذَا قُطِعَ الرَّأْسُ بَادَ الْجَسَدُ " ، ثُمَّ رَفَعَ صَوْتَهُ ، فَقَالَ : " أَلا إِنَّهُ لا إِيمَانَ لِمَنْ لا صَبْرَ لَهُ "
«Иманды тұтас дене деп алсақ, сабыр сол дененің басы секілді. Ендеше, бассыз адамның болмайтыны секілді, сабырсыз иман да болмайды», – деп тағылымды тұжырым айтқан екен. Демек, «сабыр иманның жартысы» ғана емес, Аллаға деген шынайы сенімнің өзегі іспетті.
Елдігімізді, татулығымызды сақтау асқан сабырлылықты қажет етеді. Пайғамбарымыз түрлі саладағы жеңістеріне мұсылман қоғамының бірлігі мен татулығын сақтап, сабырлылық танытуы арқылы қол жеткізгендігі тарих беттерінен белгілі. Алла Елшісінің мұндай қасиеті бүкіл мұсылман жұртшылығына үлгі боларлық өнеге. Ендеше қоғамымыздағы түрлі келеңсіздіктерге бой алдырмай, сабыр сақтап, еліміздің бірлігі мен тұрақтылығына үлес қосу баршамыздың асыл міндетіміз болып қала бермек.
Қазақ халқында: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді», – деген нақыл сөз бар. Шындықты айтамыз деп құр айқайға салмай, әрбір істі ақылға салып, кеңесе отырып шешу жолдарын ұсыну қазіргі уақыт талабы. Шынайы мұсылман әрбір сөзін ақыл мен иман таразысына салып, көпшілікке ұсына білуі қажет.
Ендеше, кәміл мұсылман адам ретінде сабырымызды сақтап, кемел мұсылмандықтың үлгісін баршаға көрсете білуіміз керек.
Алла Тағала Құранда «Зүмәр» сүресінің 10-аятында:
﴿ إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسَابٍ ﴾
«Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады», – деп сабыр етушілердің сауабы сан мәрте еселеніп қайтарылатынын уәде еткен.
Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетінде тыныштық орнап, қашан да тату ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти