Түркі топырағына сонау ғасырлармен сіңісіп, бұқараның басын қосып, жұртшылықты жарастырған Ұлыс мерекесі де есігімізді қақты. Бұл күннің маңыздылығы сонда – күн мен түн дәл осы уақытта теңеседі. Қазақ тіліне, таным-түсінігіне араб тілімен қатар, парсы ұғымдарының да еніп, ықпал еткеніне белгілі.
Бұған қоса, ежелден жалпақ түркі жұртына ортақ мерекенің Ислам дініне дейін қалыптасқанын да жоққа шығара алмаймыз. Осыған байланысты, бүгінде аталмыш мерекенің шығу тарихын қазбалап, бүтін бір бұқараның, халықтың дәстүрлі жолынан ілік іздеп, тіптен, харамға шығарып жатқан жағдайларға да куә болып жатамыз.
Анығын айта кетейік, расында бұл діни мейрам емес, Исламға дейінгі дәуірде пайда болған мереке. Наурыз мейрамының шығу тарихы туралы да түрлі деректер кездеседі. Ислам дініне дейінгі халықтың наным-сеніміне қатысы болуы да, өмірлік өлшемдерімен астаса шығуы да бек мүмкін. Бірақ... Ең алдымен айтарымыз, асыл дініміз Исламда «Дінде зорлық жоқ» деген Хақ Жаббардың бұйрығы бар. Дінге шақырудың да өз шарты мен мәдениеті бар. Шын мұсылман асқан әдепті, өте биік парасатты болуы керек-ақ. Екіншіден, адамзаттың асыл тәжі, Алланың сүйіктісі Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) мұсылман үмметіне: «Жеңілдетіңдер – әсте ауырлатпаңдар, қуантыңдар – адамдарды қайғыға салмаңдар» деп, дінді дәріптеудің, туралыққа шақырудың шарттарын да көрсетіп кетті. Сондай-ақ, әз пайғамбарымыз сахабаларын дін таратуға жіберген уақытта да сол елдің салт-дәстүрімен санасуды әркез жіті қадағалап, тапсырып отырды. Яғни, шариғатқа томпақ, сенімге қайшы әрекеттерде тыйғанымен, жалпы халықтың өмірлік ұстанымында, салт-санасында қалыптасқан дәстүрлі жоралғылардың бәріне тоқтау қоюға бұйырмағанын баршаға белгілі.
Бүгінгі қазақ қоғамы үшін де салтымыздың орны, ел ішіндегі дәстүрдің тәлімдік-тәрбиелік мәні айрықша. Наурыз мерекесі, ақ дастархан, наурыз көже, шат-шадыман көңіл-күй, алтыбақан тепкен өрімтал жас, ақылы дария қарттардың әңгіме-қиссалары, бата-тілектері, көрісу, сүйінші, кәде сұрау, үлкенге құрмет көрсетудің биік үлгісі саналатын – сәлем салу, сәлем беру, жас баланың ата-тегін сұрау, жеті атасын білуіне айрықша көңіл бөлу – ұлттың ұлт болып, халықтың мың жасауының алғышарттары десек артық айтқандығымыз болмас. Тегіңді, руыңды білуден «рушылдықтың» астарын іздегеннен, өткен тарихыңды, бабалардың сара жолын, ұлы мұратын, аманатын білу деп ұққанымыз бүгінгі ұрпақ үшін маңызды болмақ. Осы аталған қазақтың танымынан, салт-дәстүрінен мұсылманшылыққа жат қандай дүниені көруге болады?!
Бұл орайда біз Алласын бір, пайғамбарын хақ деп білген дана халқымыздың тыныс-тіршілігі, салт-санасы сүннетпен сіңісіп, Құранның қайнарымен қалыптасқанын ғана айта аламыз. Бұл – қазақ халқының тектілігінің айқын көрінісі. Қала берді, асыл шариғатымыз жамандықты сөз қылып, кемшілікті теруге емес, әрбір дүниенің жақсы нышандарын көре білуге бұйырады емес пе?
Әрбір өркениеттің, әр ұлттың өзіндік дүниетанымы болатыны белгілі. Түркі халықтарының тарихын зерттеуші ғалымдар ешбір халықтың дінсіз, наным-сенімсіз өмір сүрмегенін айтады. Адам баласы сан мыңдаған ұлыстар мен ұлттардан құралады. Біз Алланың дініне кемшілік іздей алмайтындығымыз сияқты, түрлі ұлттарға бөліп жаратқан Ұлы Шебердің қолынан шыққан жаратылыстарын да қателік деп шешім шығара алмайтынымыз ақиқат. Себебі, Құранда Алла тағала«Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» дейді.
Халықтың мекен еткен аймағына, жеріне, ұлты мен нәсіліне сай ерекшеліктері, өз өлшемдері бар. Ал мұсылман халқының діні, танымы, сенімі бір болғандықтан салт-дәстүр, мәдениетінде де ұқсастықтар көптеп кездеседі. Әсіресе, түркі халықтарында. Дегенмен, мұсылман халқының орналасқан ортасы мен табиғатына қарай әрбірінің өзіндік айырмашылығы, мәдениеті мен тілі болуы заңдылық. Бірақ, асыл дініміз бұл ерекшелік, айырмашылықтарды теріске шығармайды, өз заманы мен мекеніне қарай үкімдердің де өзгеруі мүмкін екендігін еске салады.
Жасырып-жабары жоқ, халық арасында шариғатқа қайшы келетін, сенімге селкеу түсіретін де ырым-жоралғылар жоқ емес. Бірақ, бұның байламын дана қазақтың өзі-ақ «дәстүрдің де озығы, тозығы бар» деп бір ауыз сөзбен кесіп айтқан. Ал, ұлтымыздың Ұлы күні болған, көңілге шат-шадыман күй сыйлайтын, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында елдің аузын аққа тигізіп, мәз-мейрам ететін Наурыз мерекесінің астарынан шам алып, діни түсінікті тықпалаудың жөні жоқ екенін иісі мұсылман, қаны қазақ әрбір азамат білуі ләзім. Шариғи мейрам болмаса да, халықпен бірге жасасып, жақсылыққа үміт еткен елдің сан ғасырлық тарихы бар атаулы күні. Ескіден қалған сенім белгілері бүгінгі таңда мүлде жойылып, дәстүрлі мереке ретінде қалыптасып, бұқараның басын бірлікте қосқан күн. Сөз соңында айтарымыз, шариғатымызда «Харам деген үкімге итермелеген себептің жойылуы нәтижесінде, оның харам үкімі де жойылады» деген қағиданы әрбір мұсылман баласы ұғына білсе дейміз.
Жайық НАҒЫМАШ
Бөлісу: