26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәулітті шектен тыс тойлап жүрген жоқпыз ба?

Мақалалар
Жарнама

Қашанда ел мен діннің қамы үшін әр аймаққа сапар шегіп, насихат жүргізу келелі іс екендігі анық. Осы мақсатта тағы да жолға шықтым. Жүйіткіген темір тұлпар шойын жолдың үстімен зымырап келеді. Әйнектің арғы жағындағы біздің өмірлік ақиқатымыздай артқа қалып жатқан ағаштарға көз тастап, терең ойға шомып отырдым. Бұл хәлімді бұзған оқыстан естілген «Ассаламуғалайкум» - деген дауыс болды. Қарасам жолсерік екен. Екеуміз асыл дініміз хақында ұзақ әңгімелестік. Соңғы сәтте әлгі жолсерік: «Біз осы мәулітті шектен тыс тойлап жүрген жоқпыз ба?» - деп, ойландырар сауал тастады. Осы сұрақ қолыма қалам алдырып, аталмыш мақаланы дүниеге әкелуге себеп болды.

Иә, екі дүниенің сәруары, адамзаттың құтқарушысы, Ұлы Рахманның сүйікті құлы, Абдулланың ұлы Мұхаммедті () күллі әлем асыға, сағына күтті. Тау мен тас, көк пен жер, адам мен жындар, барша жаратылыс атаулы өз тілінде Раббысынан «біздерге құтқарушы жібер» деген үнсіз дұғаларын жолдады. Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла жаратқан құлдарының мінәжәтына жауап ретінде Ибраһимнің дұғасы, Исаның сүйіншісі болған мақталынған құлы Хазреті Пайғамбарымызды () әлемдерге рахым етіп жіберді. Міне, Оның () дүние есігін ашуымен жер бетіндегі қараңғылық бұлты сейіліп, шуақты күн арайын шашты. Күллі жаратылыс өз тілінде: «Қош келдің, уа, Мұхаммед!» - деп ілтипат көрсетті. Міне, осыдан бері әрбір жаңа рабиғул-әууал айы туылған сайын сүйікті Елшісіне салауат пен сәлем жолдап, ардақты Расулға деген жүректеріндегі сағыныштарын Раббысына жеткізу үрдіске айналды.

Барлық мұсылман елдерінде Мұхаммед пайғамбардың () мәулітін (туылған күнін) мереке ретінде атап өту дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Елімізде де мәуліттің бейресми тойлану үрдісі республикалық деңгейде қалыптасқан.

Дегенмен, қазіргі күнде Пайғамбарымыздың () мәулітін атап өтуге байланысты мұсылмандардың арасында бірқатар пікірталастар кездеседі. Кейбіреулер оны адасушылыққа апаратын бидғат санайды. Тіпті, оны ширк амалдардың қатарына жатқызатын ағымдар да бар. Олар мәулітті атап өтетін жұртшылықты адасқандар қатарына жатқызады. Бұлай кесіп үкім жасау, әсте, дұрыс емес. Мұндай көзқарастар мен пікірлердің туындауына діни шаласауаттылық пен білімсіздік басты фактор болып табылады.

Мәулітті атап өтуді бидғат, адасушылық деп санайтындар имам Әбу Дәуідтің жеткізген төмендегі хадисін дәлел ретінде алға тартады. Ирбаз бин Сария атты сахаба (р.а.):

– Бір күні Пайғамбарымыз () бізбен намаз оқып болғаннан соң бізге бұрылып керемет уағыз айтты. Уағызынан жүрегіміз елжіреп, көзімізге жас келді. Арамыздан біреу:

– Уа, Алланың елшісі! Бұл уағызыңыз қоштасу сөзіңізге ұқсайды, бізге не өсиет айтасыз?- деп сұрады. Пайғамбарымыз ():

– Алладан қорқыңдар, сендерге хабаштық қара құл басшылық етсе де соған бойсұнып, итағат етіңдер. Өйткені, менен кейінгі өмірлеріңде көптеген қарама-қайшылықтарды көресіңдер. Менің сүннетімді және турашыл, әділ халифаларымның (Әбубәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) сүннеттерін азу тістеріңмен қысқандай етіп ұстаныңдар. Жаңа істерден сақ болыңдар. Өйткені, барлық жаңа іс – бидғат. Әрбір бидғат – адасушылық,- деп айтқанын жеткізеді [1]. Насаии риуаятында «Әрбір адасушылық – тозаққа жетелейді» [2] деген хадис те бар.

Ғұламалар бұл хадиске дұрыс деп баға берген. Алайда, астарында көп мағыналар мен шариғи үкімдер жатқанын ескертеді. Себебі, Пайғамбарымыз (): «Әрбір бидғат – адасушылық» деп Исламға, яғни Құранға, сүннетке қарсы келетін жаңалықтарды меңзеген. Бұл хадистің сыртқы мағынасын алып, астарлы мағынасына мән берілмесе, басқа сахих хадистерге қайшы келеді. Ол жайында сөз қозғамас бұрын, «бидғат» деген сөздің мағынасына тоқталайық.

«Бидғаттың», араб тіліндегі мағынасы «жаңалық» деген ұғымды білдіреді. Ал шариғи терминде Пайғамбарымыз () өмірінде істемеген, жаңа істі істеу деген мағынаға саяды. Бірақ, бидғаттың барлығына түбегейлі тыйым салынбаған. Олар екіге бөлінеді: алғашқысы, бидғатун сайиә (жаман бидғат). Яғни, адасуға жетелейтін жаңалықтар. Олар Исламның негізі – Құран мен сүннетке қарсы келетіні, адасушылыққа алып баратыны. Екіншісі, бидғатун хасана (жақсы бидғат). Тура жолдан тайдырмайтын жаңалықтар. Олар Құран мен сүннетке қарсы келмейді.

Бидғаттың екіге бөлінуі имам Бұхаридің “Сахих әл-Бұхари” және имам Муслимнің “Сахих әл-Муслим” атты кітаптарындағы хадистерде баян етілген. Мысалы, Имам Муслим Жарир ибн Абдулла әл-Бәжәлиден Пайғамбарымыздың (): “Кім Исламға жақсы жол салса (жол түзсе), ол үшін оған және соған амал еткендердің де сауабы оған жазылады, олардың ешқайсының сауаптары кемімейді. Кім Исламға жаман жол салса, ол үшін оған да және оған ергендерге де күнә жазылады, бірақ ешқайсысының күнәлары кемімейді” [3], – деген хадисін жеткізеді.

Имам Хаким Әбу Дәуідтен жеткен жоғарыдағы хадиске жазған түсіндірмесінде:«Бидғат екі түрлі болады: біріншісі, бидғатун һуда (дұрыс жолға жетелейтін жаңалық). Екіншісі, бидғатун далал (адасушылыққа жетелейтін жаңалық).Алла тағала және Елшісінің () бұйрықтарына теріс келетіндері – адасушылық, яғни кемістік және бұрыстық шеңберіне кіреді. Ал Алла тағала және Елшісі () рұқсат берген және ол жайында мүлде (Құран мен сүннетте) сөз қозғалмаған істер шеңберінде болса, жақсы, мақтаулы амалға жатады. Мысалы, жомарттық, кеңшілдік және қайырлы, жақсы амалдар жасау» [5],– дейді.

Имам Хакимнің бұл сөзі «Хаж» сүресінің 77-аятындағы: «Қайырлы, жақсылық жасаңдар»,– деген Алла тағаланың сөзін түсіндірсе керек. Бидғат жайында Ислам ғұламалары, теологтар дәйекті ой айтып, бір тұжырымға келген. Ханафи мәзһабының беделді имамы, мұжтаһид [7] Мұхаммед Әмин ибн Ғабидин (1784-1836): “Жаңалықты қолдану уәжіп болатын жағдайлар болады. Мысалы, Исламға нұқсан келтіретін түрлі идеологиялық ағымдарға қарсы (солардың тәсілінде) жауап беру үшін нақты дәлелдер келтіру, Құран мен хадисті түсіну мақсатында араб тілі грамматикасын үйрену. Орындалуы жақсы деп саналатын бидғаттар. Мәселен, мектеп, медресе және т.б. құру сияқты бұрын (Пайғамбарымыздың () кезінде) істелмеген ізгі амалдар. Мәкруһ саналатын бидғаттар. Мысалы, мешіттерді шектен тыс, ерекше әшекейлеу. Рұқсат етілетін бидғаттар. Мысалы: тамақтануда, сусындауда көп ләззәттану және киім киюде әр түрлі киімдер кию” [8],-деп бидғаттың бірнеше түрге бөлінетінін жазған.

Бұл күнде түпнұсқадағы Құранды арабша оқып түсінуді қалаған адам ең бірінші араб тілі грамматикасын, оның ішінде араб тіліне ғана тән синтаксис пен морфология заңдылықтарын оқымаса, оны түсінуге тісі батпайды. Алайда, тіл білімінің заңдылықтары Пайғамбарымыз () бен сахабалардың (р.а.) заманында кітап болып шықпақ түгілі, бір жүйеге түсірілмеген де еді. Егер шарапатты мәулітті атап өтуді бидғат, адасушылық деп санайтындардың заңына салсақ, онда араб тілі грамматикасын кітаптардан оқу да бидғат, адасушылық деп баға берілуі керек. Бірақ, имам Ағзам мазһабының беделді мұжтаһид имамы Мұхаммед Әмин ибн Ғабидин араб тілі грамматикасын жақсы бидғатқа жатқызып қана қоймай, оны Құран мен хадисті түсіну мақсатында үйренуді, қолдануды уәжіп санаған. Бұған Ислам тарихынан хабары бар адамның дауы болмас деп ойлаймын.

Демек, ардақты Пайғамбарымыздың () мәулітін атап өту – шариғатымызда мақұлданған жақсы амалға жатады. Сунниттік бұлақ көздері бойынша осыдан сегіз ғасыр бұрын мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-Дин Көкбөрі патша, соңынан Салах ад-Дин әл-Айюбидің қолдауымен алғаш рет жоғарғы Месопoтамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы аталып өткен. Осы іс-шараны «Аһли сунна уәл-жамағаның» көптеген ғұламалары жақсы деп санап, қолдау көрсеткен. Олардың ішінде Хафиз ас-Суюти, Ибн Хажар әл-Асқалани және оның шәкірті әл-Хафиз әс-Сахауий бар. Мысалы, әл-Хафиз әс-Сахауий «Пәтуалар» деген кітабында жазған. Ал имам ибн Касир «әл-Бидая уа ан-Ниһая» («Басталу мен аяқталу») атты еңбегінде Мұзаффардың жыл сайын Раббиғәл-әууәл айында Мәулітті атап өтуді қалыптастырғаны туралы айтқан. Оның айтуынша, патша өте жомарт, әрі әділ болған. Сондай-ақ, андалустік (Испания) Абул-Хаттаб бен Дихия «Ат-Тануир фи маулид әл-Башир ән-Назир» «Қуантушы, әрі ескертуші Пайғамбарымыздың () нұрлы мәуліті» атты еңбегін Пайғамбарымыздың () мәулітіне арнап, оны Мұзаффар патшаға оқып беріп сыйға тартады. Патша Бин Дихияны бұл еңбегі үшін мың алтын динармен марапаттайды, әрі ол осы кітапты мұсылмандар арасына таратуға жарлық береді. Бұл мереке ХVІ-XVІІ ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекітілген. Бұл мейрамды ижма (ғұламалар кеңесі) «бидғат хасана» – «жақсы бидғат» деп бекіткен. Қазіргі таңда мәуліт көптеген мұсылман елдерінде атап өтіледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің () ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты Пайғамбардың () туған күні – мәулітті жыл сайын тойлап отыру дәстүрі өмірге осылай келген. Мәуліттің тойлануына Ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи: «Жыл сайын Пайғамбарымыздың () туған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, жақсылыққа шақыру және адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер – заманымыздың ең жақсы жаңалығы», – дейді. [9]

Қорыта айтқанда Пайғамбарымыздың () мәулітін тойлауды барша мұсылмандар бірауыздан құптап келген болса, оны ерекше атап өту – мүміннің Расулаллаға () деген махаббатын арттыра түссе керек. Пайғамбарымыз (): «Кім үш қасиетке ие болса иманның ләззатын татады. Біріншісі – Алла тағала және Оның Елшісі () барлық нәрселерден де сүйіктірек болуы»,– деген. Яғни, мұсылманның Алла тағаладан соң Пайғамбарымызға () деген сүйіспеншілігі жоғары болуы керек. Ал Пайғамбарымызға () деген сүйіспеншілік оның сүннетін орындау және салауат айтумен жүзеге асырылады. Құран Кәрімде Алла тағала: «Пайғамбарға () Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға () сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар» [10],– деген.

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» – деді. Фатима (р.а.): «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам»,– деді. Сонда Пайғамбарымыз (): «Жоқ, Менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар ең сараңдар!»– деді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың () Мұхаммед, Мұстафа, Ахмад деп аты аталғанда «Салләллаһу ьаләйһи уә салләм» деп айту – әрбір мұсылманның міндеті болып қала бермек.

Алдыңғы үш ғасырда мәулітті ауқымды түрде атап өтудің қажеттілігі болмады. Себебі Әлемдерге жіберілген Рақым Нұрын () алдыңғы буын жақсы танитын, әрі оларға ардақты Алла Елшісін еске алу үшін бір игі іс шара жасаудың қажеттілігі жоқ болатын. Ал, қазірде рухани құндылықтардан алыстап, жаһандану шырмауына шырмалып жатқан жас ұрпаққа, материялдық игіліктерге естері кеткен ересектерге Пайғамбарларын () еске салатын, Оның () өнегелі өмірінен сыр шертіп, тағылымды тарихын қара домбыранын күмбірінен шыққан күй, жыр-шумақтар арқылы, тебірентерлік қойылымдар арқылы насихаттау керек-ті.

Мәулітті республикалық деңгейде атап өтудегі мақсат – асыл дінімізді елге насихаттау, «үмбетім, үмбетім!»-деп, ақырғы демі шыққанша шырылдап кеткен әз Пайғамбарымызды () халыққа жақынырақ таныту, тұла бойы тұнып тұрған көркем өнеге Иесін () өскелең ұрпаққа үлгі ету, Ол () алып келген шапағатты шариғатты қалың жұртшылыққа жеткізу.

P.S. Биылғы «Мәуліт айы» 12 қаңтардан басталады. Бұл берекелі істің барысында қайырымдылық шаралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Мәдени іс-шараға қатысқан әрбір жан Алла елшісінің () өмірімен қатар, әділетті төрт халифаның да өмір жолдарынан нәр алады.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

теолог,  PhD  (доктор)

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Хадисті Әбу Дәуід пен Дәрими сунандарында, имам Ахмад муснадында, Ибн Хиббан сахихында және т.б. риуаят еткен.

2. Қараңыз: Абу Абдурахман Ахмад ән-Насаии «Сунан ән-Насаии» ІІІ-том, 209-бет. "Дарул Мағрифа", Бейрут-1999 ж.

3. Сахих әл-Муслим, білім бабы.

4. Хадисті Имам Бұхари мен Муслим сахихтарында, Әбу Дәуід пен Ибн Мәжәә сунәндарында, имам Мәлик муаттасында, имам Ахмад муснадында риуаят еткен.

5. Имам әл-Хафиз Хаким «Әл-Мустадрак лис-сахихайн» І-том, 323-бет. «Мәктәбә шәмила» электрондық кітапхана.

6. Мүбарак Мәуліт, “Егемен Қазақстан” газеті, 4 ақпан, 2008 ж. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Әбсаттар қажы Дербісәлі.

7. Құран мен сүннетке дербес талдау жасау дәрежесіне жеткен ғалымға берілетін ғылыми атақ.

8. Мұхаммед Әмин ибн Ғабидин Раддулл-Мухтар (таңдаулы жауаптар).«Ғурар әл-хасаис әл-уадиха» (айқын ерекшеліктер айбары), Мұхаммад ибн Ибраһим әл-Уатуат.

9. Мүбарак Мәуліт, “Егемен Қазақстан” газеті, 4 ақпан, 2008 ж. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Әбсаттар қажы Дербісәлі. 

10. “Ахзаб” сүресінің 56-аятында.

Бөлісу: