02
Сенбі,
Қараша

һижри

Мадхалиттер, суруриттер, тəкфириттер деген кімдер?

Мақалалар
Жарнама

Сəлəф ағымы қауіпті, қауіпсіз жəне бейтарап болып үш топқа бөлінеді дейді. Яғни Мадхалиттер, Сурариттер, Тəкфириттер болып бөлінеді екен. Осылардың аражігін анықтап тарқатып айтып беріңізші? Оларды бір-бірінен қалай ажыратуға болады? Қандай ерекше белгілері бар?

Негізінен осы үш топтағылар да қазіргі таңда өздерін таза мұсылман санайтын уаххабиттік «сәләфи» ағымның өкілдері. Енді кезегімен аталмыш топтарға тоқтала кетейік. Мадхалиттер – Раби ибн Хади әл-Мадхалидің (1932 ж. дүниеге келген) көзқарастарын ұстанған мәдиналық сәләфилерге берілген атау. Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға орай, 1991 жылы Сауд Арабия территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде ел ғалымдарының пікірі екіге жарылып, бір топ әскер кіргізуді күпірлік деп тапқан. Тегі эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами өкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды харижиттер деп жариялаған. Бұл сол кездегі билікке ұнап, Саудияда жамия деген топ пайда болды. Өкіметтің қолдауымен олар күш алып, өздеріне қарсы шыққандардың бәрін адасушылық, бидғатшылық және өкіметке қарсы шығумен кінәлады. Кейін оның пікірлерін осы Раби әл-Мадхали жалғастырды. Мамандардың айтуы бойынша, Раби әл-Мадхалидің ұстанымдары «Мұсылман бауырлар» және Сәйд Құтыптың көзқарасына реакция ретінде пайда болған. Кезінде оның өзі жиырма жылға жуық осы «мұсылман бауырлардың» арасында жүрген. Ол Сәйд Құтыптың әділетсіз басшыға қарсы шығу керек деген ұстанымына қарсы шыққан. Осылайша ол «мұсылман бауырлар» мен Құтыпты әрдайым кінәлап, оған қатысты арнайы еңбек те жазған. Олардың ұстанымдарынан бұл өте айқын байқалады. Өздеріне ұнамаған суруриттерді көбіне «ихуан», «құтыпшылдар» немесе харижиттер т.б. секілді жағымсыз атаулармен атап, өздерін ақ қылып көрсетікісі келеді.

Олардың негізгі ұстанымдары қандай жағдайда да мемлекет басшысына бағыну болғандықтан Таяу Шығыс елдеріндегі диктаторлық режимдегі билік басындағыларға ұнап, бірқатар елдерде радикалды топтарға қарсы күш ретінде қолдау тапқан. Кейін бұл қозғалыс көптеген араб елдерінде кең таралды.

Әрине, олар өздерін мадхалит деп атамайды және олай атауды дін дұшпандары әдейі ойлап тапқан деп мұндай атауға қарсы шығады. Алайда, олардың шейхтарының бәрі Раби әл-Мадхалидің көзқарастарын негіз етіп алады. Олар тақлид жасауды дұрыс деп санамайды. Бірақ өз шейхтарын тақлид жасауды ерсі деп қабылдамайды. Өздерін ғана нағыз сәләфи және әхли сунна уәл жамағат жолындамыз деп, өзгелерді қаралауға күш салады.

Мадхалиттер қазіргі мұсылмандардың негізгі проблемасы таухид улухияны бұрмалауда деп санайды. Сондықтан, исламды барлық жаңалық (бидғат) атаулыдан тазарту керек дейді. Олар тек мәзһаб ұстанушыларды ғана емес, өзге сәләфилерді де өте қатаң сынайды. Сондықтан да олар көбіне сәләфи тәкпіршілдер арасында беделге ие. Ең жақсы көретін тақырыптары – бидғат. Олар бидғатты жақсы-жаман деп бөліп жатпайды. Жиһад жайлы ұстанымдары байсалды ретінде танылғанымен, 2000 жылы мұсылмдарды Индонезиядағы қарулы қақтығысқа қатысуға шақыруы арқылы ұстанымдарында қайшылыққа түскен кездері де жоқ емес. Демек, қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ұстанымдарын кез келген сәтте өзгертуі мүмкін.

Шейхтары: ибн Таймия, ибн Қаиим, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб, Абдулазиз Ибн Баз, Мұхаммед ибн Салих аль-Усәймин, Салих аль-Фаузан, Насруддин әл-Әлбани, Абдулмухсин ибн Бадр әл-Аббад, Рабиъ ибн Хади аль-Мадхали (САК), Ясир Бурхами (Египет), Муқбиль әл-Уадии (Иемен), Мұхаммед Аман ал-Жами, Фалих ал-Харби, Фарид ал-Малики, Тарахиб Даусари, Абдуллатиф Башамил, Абдулазиз әл-Асқар және т.б.;

Орыстілділер: Әбу Мұхаммед Ринат Зейнулин, Абу Салих Нәил Зейнулин, Абу Мариям Назратулла (ұлты тәжік, Сауд Арабиясында), Абу Яхья Крымский және т.б.; Қазақстандық ұстаздары: Тоиржан Ибрагимов, Октам, Ділмұрат және т.б. Профессор Әшірбек Мүминов олардың негізгі мақсаттарының ресми діни басқармаға ену екенін атап көрсетеді.

Бұларды қаншалықты байсалды дегеніңізбен, тарихта із қалдырған уаххабизмнің негізін қалаушы Мухаммед Абдулуаххабтың төзімсіздігі мен билікке қарсы ұстанымын еске алсақ, мұның конспиративті ұстаным екенін көреміз. Олардың ел президенті билігін мойындап, Қазақстандағы мұсылмандардың қара шаңырағы – ҚМДБ-ны мойындамай, елді имамдарға қарсы қоюлары осының көрсеткіші болып табылады. Олар интернет ресурстарын өте тиімді пайдаланады. Көптеген сайттары белсенді жұмыс жасайды.

Өкінішке қарай, олар билікке қарсы шықпайды деген қате пайым нәтижесінде елімізде кейбір орталарда өзге сәләфилерге қарсы  осы топтағыларды қолдау керек деген ұстанымның бар екенін де айта кету керек. Бұл – қате ұстаным. Өзге уаххабилер секілді олар да қазақтың салт-дәстүрлерінің мәніне дұрыс үңіліп жатпастан, бидғат, ширк деп мұсылманшылықпен астасып жатқан дәстүрлерімізге білместікпен қарсы шығып, төзімсіздіктерімен де ерекшеленеді. Олар намаз оқымайтындарды ашық түрде кәпір демегенімен, мұсылман ретінде де санамайды.

Ал суруриттерге келсек, олар – мемлекеттің елге Америка әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, сол кездегі билікті күпірлікпен айыптаған мәдиналық сәләфи жамағат. Олардың басшысы Сириялық Мұхаммед әс-Сурури. Әлбани оларға осы суруриттер деген атауды беріп, үмбеттің харижиттері деп атаған екен.

Мұхаммед әс-Сурури 50-60 жылдары «мұсылман бауырлар» ұйымының белсенді мүшесі болған. Сәйд Құтыптың әделітсіз басшыға қарсы шығу керек деген идеяларын жалғастырумен қатар, сол кездегі ихуандарды дәстүрлі сунниттік бағытты ұстау жолында реформа жасауға шақырды.  Алайда сириялық ихуандар (Мұхаммед әл Бәннаның ізін жалғастырушылар) бір ғана жолды ұстанып, өзге ағымдарды жамандау ихуандардың жағдайын әлсіретіп, халықты билікті құлатуға қарсы көтеруге кедергі келтіреді деп санайтын.

1967 жылы Сирия өкіметінің ихуандармен қақтығысуы нәтижесінде Мухаммед әс-Сурур Сауд Арабиясына қашады. Осында жүріп өз насихатарын жүргізеді. Оның ең белсенді шәкіртінің бірі Сәлман әл-Ауда, кейін осы саудиялық суруриттердің лидеріне айналады. 

Кейін Раби әл-Мадхалидің олардың үстінен әрдайым билікке арызданып, сол кездегі сәләфи ғалымдарының көпшілігінен қолдау табуы нәтижесінде Мұхаммед әс-Сурур Ұлыбританияға қашуға мәжбүр болды. Міне, сондықтан да мадхалиттер мен суруриттер бір-біріне қастықпен қарап, бір-бірін кінәлаумен келеді. Мадхалиттер оларды «құтыпшылар, ихуандар, харижиттер» деумен қатар, «тәкпіршілдер» деп те атайды. Орталығы Лондондағы «Шарқ әл-Аусат» (Таяу Шығыс) атты халықаралық араб газеті оларды Ибн Тәймия мен Сәйд Құтып сенім негіздерінің қосындысы деп бейнелеген екен.

Негізінен суруриттерге байсалды деп анықтама берілгенімен, әсілінде өте төзімсіз келеді. Мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым қатынас жасамауы қажет деп санайды. Саудиялық суруриттер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпірге санайды. Бұл топ та Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абдулуаххабтың көзқарастарын ұстанады. Саудиялық суруриттер «Араб көктемінің» басталуына идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген белсенділердің қатарынан саналады.

Суруриттердің негізгі идеологтары ретінде Насыр әл-Омар, Сулайман әл-Ауда және Аид әл-Қарнилар аталады. Орыстілді шейхтары: Э.Кулиев, Надир Абу Халид, Абу Умар Саситлинский және т.б. Қазақстандық шейхтары: Раббани, Дарын Мұбаров, Дидар, Ахмад және т.б.

Қазақстанда олардың бірнеше жамағаттары бар. Олар кезінде алғаш болып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына баламалы діни қауымдастықтар құрған. Өздерінің әмірлері, кеңестері (шура) болған. Қаржылық қорлар, білім беру орталықтарын (құжыра) құрған. Олардың алғашқы лидерлері ислам мәдениеті орталығының ұстазы Мұхаммед Абдуссамат еді. Суруриттер де мадхалиттер де әйгілі әхли сүннет уәл жамағаттың ақидадағы имамдары саналатын Имам Әшғари мен Имам әл Матуридиді адасқан философтар деп атайды. Бұл – олардың дінді кең түрде түсінуге қауқары жетпейтін келте түсініктерінің жемісі.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Теология ғылымының докторы, 

«Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Дереккөзі: E-islam.kz

Бөлісу: