27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Қайыры мол Құрбан айт

Мақалалар
Жарнама

Құрбан айт намазы Астана қаласы бойынша 24 қыркүйек күні, сағат 7:45-де оқылады. Биылғы айт мерекесі 24-26 қыркүйек аралығына сәйкес келеді.

Құрбан айт – мұсылман әлеміндегі қасиетті қос мерекенің бірі. Бұл Ораза айт мерекесінен кейін 70 күннен соң басталып, 3 күн аталып өтіледі. Меккедегі үлкен қажылық құлшылығы аяқталуына орай Құрбан айт мерекесі басталады.

Қасиетті мерекелердің шығу тарихын саңлақ сахаба Әнас ибн Мәліктен жеткен риуаятта былай баяндалады. «Алла елшісі (с.ғ.с.) Мəдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күндер?» деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Біз жаһилиет кезінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Расында, Алла бұл екі күнді олардан да қайырлы (жақсы) құрбандық жəне ораза (айт) күндерімен ауыстырды» деген екен.

Құрбан айттың алдыңғы күні – Меккеге жиылған қажылар Арафа жотасына құлшылық етуге шығады. Яғни, қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында келіп белгілі бір уақыт тұруынан шыққан күн. Бұл – біздің қазақы танымымызда арапа аталып кеткен күн. Бұл күні қалың қазақ жұрты ұлық мерекеге дайындық жасап, құрбандық малын таңдап, дастарханын әзірлейді. Ал Әбу Қатадан жеткен хадисте «Арапа күнінің оразасы өткен жəне келер жылдардың күнəларына кəфəрат болады...» деп айтылған. Яғни,  арапа күні ораза ұстау да – мұстахаб амалдар қатарынан.

Ал Құрбан айт мерекесі Астана уақытымен сағат 7:45-те айт намазын оқумен басталады.

Айт күндері ескере кетер нәрсе Арафа күні таңғы намаздан бастап, Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті жылдағы дәстүрден жаңылмай биылғы айт мерекесін де бұқаралық сипатта, ұлттық нақышта өткізеді. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы жариялаған «Дін мен дәстүр жылы» биыл да өз жалғасын осындай мүбәрак мерекелермен тауып отыр.  Айт күндері мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылып, күрес, арқан тартыс сынды ұлттық спорт ойындары ойнатылады. Қасиетті мерекеде құрбандық шалынып, тұрмысы төмен отбасыларға құрбандық еті, азық-түлік жеткізіледі.  Астана қаласы әкімдігі осы мақсатта қала аумағында 9 мал сою орнын бөліп отыр. Сондай-ақ қаламыздағы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға әкімдікпен бірлесе отырып дін қызметкерлері айттық сыйлықтарын таратады.

Айт – татулық пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің күні. Жаратушы Алла тағаланың сансыз сауабына кенелтер ұлық мерекеге жұрт болып жұмылып, қайырымдылыққа үн қосып, мерекені бірге тойлайық, әлеумет!

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: