26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Айт намазы

Мақалалар
Жарнама

Айт – арабшадан тілімізге аударғанда, «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт. Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойлайтын екі күннің болғаны туралы Пайғамбарымызға () айтқанда, ол: «Алла сол екі күннің орнына сендерге олардан әлдеқайда жақсысын берген. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт»[1], – дейді. Алла Елшісі () екі айт намазын оқығаны жайлы хабар «тәуатүр» (бұлтартпас, анық) жолмен бізге жеткен. Пайғамбарымыздың ()алғашқы оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Рамазан айт намазы. Бұны ибн Аббас айтады: «Алла Елшісі (с.а.у.) Әбу Бәкір, Омарлармен бірге Рамазан айт намаздарына қатыстым. Барлығы да айт намазын хұтпадан бұрын оқыды». Басқа бір хабарда ибн Аббас: «Алла Елшісі айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды[2]», – деп риуаят еткен.

 

 

Үкімі:

Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп. Бірақ айт намаздарында хұтпа намаздардан кейін оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет.

 

Уақыты:

Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минөттей өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.

 

Оқылу тәртібі:

Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам мысалға, «Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім» деп ниет етеді. Жамағат «Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» – деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай «Субханака-Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә’узу» мен «Бисмиллаһты» құпиялай, одан кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жариялай – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әт-тахият», «салауат», «рәббәнә» дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп. Хұтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі хұтпа оқиды. Айт хұтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер бұл жерде де – мәкрүһ. Айт хұтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ.

 

Айт намазының тәкбірлеріне кешігіп қалған жағдайда...

Айт намазының алғашқы рәкатына қосымша тәкбірлер айтылған соң үлгеріп имамға ұйыған адам ифтитах тәкбірді алғаннан кейін, «Субханаканы» оқымай, дереу қосымша тәкбірлерді алады. Егер имам рүкүғте тұрған кезде үлгерсе, дереу түрегеп тұрған күйі тәкбір алып, рүкүғке барады. Рүкүғтегі тасбихтердің орнына қосымша тәкбірлерді қолдарын көтермей сол жерде айтады. Егер үлгере алмаса, ештеңе керек емес. Егер имамға екінші рәкатта үлгерсе, имам сәлем бергеннен кейін, оқи алмаған рәкатты қаза ету үшін қиямға барғанда қосымша тәкбірлерді «Фатиха» және қосымша сүреден кейін құпия алады.

 

Айт күнгі сүннет амалдар:

1. Құрбан намазын кешіктірмей, ал, Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап. Бурәйда (р.а.) былай дейді; «Алла Елшісі () Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін»[3].

2. Ғұсыл алу.

3. Тісін тазалау.

4. Ең әдемі киімдерді кию.

5. Хош иісті иіссулар себіну (ер кісілерге қатысты)

6. Туыстарының, көршілерінің үйіне айттау.

7. Садақа беру

8. Айт намазына барарда бір жолмен, қайтарда басқа жолмен қайту мұстахаб іс.

Ескерту: Айт намазының қазасы жоқ.

 Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі. 


[1] Әбу Дәуід, Салат, 239.

[2] Әбу Дәуід, Әдаһи, 7.

[3] Ахмед ибн Ханбәл, ІІІ, 232.

Бөлісу: