26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сирия сценариінің құрбандары

Мақалалар
Жарнама

Қоғамда өз орнын таппай, жұмыссыз жүріп, психологиялық дертке ұшыраған, отбасында өзіндік орны жоқ кейбір жандар дұрыс діни ақпарат алмай, оғаш әрекеттерге жол беруде.

 Жиһадты желеу еткен содырлар мен бұзақылар жалған сенімнің арбауына еріп, адам қанын төгуден қаймығатын емес. Діни сенімі әлсіз, діни білімі таяз, ұстанымы белгісіз, мақсаты айқын емес кейбір азаматтар Ирақ пен Сириядағы соғысқа қатысуды «парыз» санап, Ислам атына кір келтіруде.     

Осы оқиғаға орай,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жоғарғы Төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі арнайы мәлімдеме жасаған болатын. ҚМДБ мәлімдемесінде қантөгіске қатысқан Қазақстан азаматтарының шектен шыққан басбұзарлық әрекеті қатаң айыпталды.

Исламда бір адамды жазықсыз өлтіру – бүкіл адамзатты өлтіргенмей бірдей.Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында: «...Жер бетінде бұзақылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шән мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады...» деген.

Жалған хадистерді бетперде еткендер жұртты жиһадқа үндеп, сыртқы күштердің ойлап тапқан саяси сценарилерінің құрбанына айналуда. Сорақысы сол, олар қыз-келіншектерді «жыныстық жиһад» жасауға мәжбүрлеп, жұмақты уәде етеді.

Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – мұсылманшылыққа жат, шариғатқа қайшы. Шындығында, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі. Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күресу»,  деген.

Адамның өзінің бойындағы жаман мінез-құлықтармен күресуі – жиһад жасаған болып саналады. Бір күні пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Табук жорығынан қайтып келе жатып: «Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсі күресі) оралдық», – деген.

Тағы бір хадисте: «Біреуді жеңген мықты емес, ашу үстінде өз-өзіне ие болған адам мықты», – делінген. Ал әл-Хасан әл-Басри тәлімді тұжырымды сөзінде: «Жиһадтың ең абзалы – нәпсімен күресу», – деген екен.

Нәпсісін, қалауын, жаман мінез-құлқын өз ақылына жеңдірген адам, міне, сол пенде парасатты, күшті адам саналады. Жиһад дегеніміз – осы. Кейде өз бауырларымыздың кішкентай кемшілігін кешіре алмай, дауласып жатамыз. Кешірім, мейірім жолын ұстануға ішкі тәкаппарлық дертіміз, асау сезіміміз дес бермей жатады.

Қасиетті кітабымыз Құранда «Шамс» сүресінде: «Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе қор болды», – делінген.

Абай атамыз өзінің өнегелі өлең-жырларының бірінде былай деп жырлайды:

«Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес».

Әркім өз бойындағы кемшіліктермен күресе білуі керек. Расында, адам өзіне сыншыл болмай, яғни өзін түзетіп алмай, өзгені ізгілік, имандылық жолына бастай алмайды.

Зайд бин Арқам (р.а.) атты сахаба пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Аллам, мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атаулыдан және қабір азабынан сақтауыңды сұраймын. Иа, Алла, нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында Сен ең жақсы пәктеуші затсың. Сен жанымның Иесісің. Аллам, мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын», – деген дұғасын жеткізген.

Ислам ғұламалары нәпсіні жақсылыққа тәрбиелеуде төрт тәсілді негізге алуға кеңес берген. Біріншісі – ұстаздан білім алу, екіншісі – діндар, шыншыл, ізгі адаммен дос болу, үшіншісі – адамдардың айтқан сынынан сабақ алу, яғни кемшілікті әрдайым түзетуге тырысу, төртіншісі – қоғаммен, адамдармен тығыз байланысты болу, көппен бірге болу.

Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген. 

Ислам діні қоғамда тыныштық, әділдік, бірлік болуын көздейді. Мұсылман үмбетін ұйымшылдыққа тәрбиелейді.

Біз, имам-молдалар Қазақстан азаматтарын ынтымағы ыдыраған елдердегі саяси даулар мен арандатулардың құрбаны болмауға шақырамыз.

 

Алла Тағала елімізді, жерімізді әртүрлі бүлік әрекеттерден сақтағай!

Асылхан ТҮСІПБЕК, 

ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы

Бөлісу: