26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Отбасы құндылығы және ажырасудың зардабы

Мақалалар
Жарнама

Отбасы – мемлекеттің іргетасы һәм ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп өркендеуі – отбасына байланысты. Отбасының қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Ислам дінінде де отбасылық құндылықтарға үлкен мән берілген. Шариғатымызда әр мәселе жеке ғылым ретінде қарастырылса, соның ішінде отбасы тақырыбы өз алдына «Әл-усрату фи әл-исләм» (Исламдағы отбасы) деп арнайы ғылым болып қалыптасқан.

Отбасылық қатынастардың бұзылуы әлеуметтік проблемалардың туындауына әкеп соғады.  Енді соның ішінде қазіргі уақыттағы отбасылық мәселелер мен оның Ислам дініндегі шешіміне қысқаша тоқтала кетсек. 

 

Үйлену - сүннет, үй болу - міндет!

Елімізде 2001 жылы әр мың адамнан 6 адам некеге отырып, 2 адам ажырасқан екен. Сол жылдардағы санақ бойынша республика көлемінде жыл сайын 35-40 мыңға жуық неке бұзу тіркелген. Қазіргі уақытта өмір сүру қажеттіліктерінің артуы мен керекті-керексіз ақпараттар легі, тез даму қарқыны стресс, депрессия, шаршау-болдыру секілді көріністерді қоса әкелуде. Жағдай түзелсе, отбасы түзелер деген сөз көп жағдайда шындыққа жанаса бермейтініне көзіміз жетті. Адамгершілік пен имандылық секілді ізгі сезімдер ғана отбасы берекетін келтіріп, көркейте түседі екен.

Ислам діні отбасы институтына ерекше мән береді. Қасиетті Құранда ең алғашқы отбасы құрушылардың Адам ата мен Хауа ана болғандығы, әуелгіде екеуінің жұмақта өмір сүргендігі айтылады. Бұған қоса, Нұһ пен Ибраһим пайғамбарлардың отбасыларының таңдаулы отбасылар екендігі де тілге тиек етіледі. Өзге тіршілік иелері секілді адам баласының да ұрпақ өрбіту үшін ер мен әйел болып жаратылғаны, бұлардың бір-бірін психологиялық және биологиялық жағынан толықтыра түсетіндігіне назар аударады. Құранда бұл туралы: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 7/189), – дейді.

Ислам діні отбасы ұғымына үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, бақытты қоғам орнатуды мақсат етеді. Өйткені қоғамның бұзылуы да, түзелуі де әуелі отбасыдан бастау алатыны белгілі. Іргесі берік отбасылардан қоғамның тұрақтылығы беки түседі.

Ислам әйел мен ердің қосылуын биологиялық қажеттілік шеңберінде ғана қарастырмайды. Отбасы адамның рухани қажеттіліктерін де өтейтін орта. Мұсылман жанұясында ер мен әйелдің әлеуметтік деңгейі немесе ерекшеліктері екінші орынға ысырылады. Өйткені бірінші кезекте екеуінің рухани жарастықтары, бір-бірімен тіл табысуы мен сыйластығы тұрады. Мәселен, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хадиша (р.а.) анамызбен құрған шаңырағы арқылы тату отбасының үлгісін паш еткен.

Ислам дінінде мұсылман ер мен әйелдердің өзіндік міндеттері белгіленген. Ол бойынша ер кісілерге отбасын асырау, жанұя мүшелерін барлық жағынан қамтамасыз ету міндеттелсе, әйел кісілерге күйеулеріне бағыну, бала тәрбиесін қадағалап, күйеуінің мүлкін ұқсатып ұстау, ар-ұяттарын қорғау, отбасы абыройына дақ түсірмеу міндеттелген. Өйткені ерлі-зайыптылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы отбасының тұрақтылығының кепілі. Отбасының берік болуы әйел мен еркектің теңдігінен гөрі екеуінің бір бүтінді құрауына, әрқайсысының өзіне тиесілі міндеттерін атқаруына байланысты. 

 

Пайғамбар жанұясы

Жаңа құрыла бастаған отбасы өмірдің әрбір саласында өзіне бір үлгі қажетсінеді. Ол үлгі – пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) отбасы. Бұл өнегелі шаңырақтың ұйытқысы Алла Елшісі еді.

Ислам дінінде ер адам өз шаңырағына жауапты. Ол отбасы мүшелерін жақсылыққа тәрбиелеуге міндетті. Қарамағындағыларға имандылықты, ибаны, адамгершілікті және басқа да ізгі қасиеттерді үйретуші.

Адамзаттың Ардақтысы алғаш рет 25 жасында Хадиша Хуайлидқызымен үйленген. Хазірет Хадиша (р.а.) өте салиқалы әйел болатын. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық өмірінің ең қиын кезеңдерін Хадиша анамызбен бөлісті. Қиыншылықтарға мойымаған бұл жұп бақытты отбасын құрды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ардақты Хадиша анамыз қайтыс болғанға дейін, яғни 23 жыл бойы екінші рет үйленуді еш ойламаған. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  Ибраһимнен басқа балаларының бәрі де осы Хадиша анамыздан (р.а.) еді. Ұлдары Қасым мен Абдуллаһ сәби кездерінде шетінеп, ал қыздары Зейнеп, Рұқия, Үммү Күлсім мен Фатима бойжетіп, тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болады. Пайғамбарымыздың адал жары Хадиша һижрадан үш жыл бұрын өмірден озған.

Отбасылық өмірдің реңін кіргізетін маңызды бір мәселе – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылмандардың ішінде ең жақсысы – мінезі жақсы болғаны. Қайырлысы – жұбайына қайырлы болғаны», − дейді. Ол отбасына қамқор болып, өнегенің озық үлгісін көрсетті.

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әке ретінде де адамгершіліктің заңғарында болатын. Үнемі таң намазына мешітке кетіп бара жатып, жолай қызы Фатиманың (р.а.) үйіне соғып, қызы мен күйеу баласы хазірет Әлиді таң намазына оятып кететін. Үлкен қызы Зейнеп мүшірік күйеуі Әбул-Аспен Меккеде қалып қойып, кейіннен Мәдинаға келген кезінде сүйікті қызын көріп қатты қуанады. Хазірет Османмен (р.а.) үйленген қызы Рұқия Хабәшістанға һижрет еткенде, ұзақ уақыт қызының хабар-ошарын біле алмай жүргенде, бір әйелдің келіп, олардың дін-аман екенін білдіргенде қуанышқа кенелуі, қызы Үммү Күлсім қайтыс болғанда қабірінің басында жылауы – міне, осының бәрі оның (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әкелік сүйіспеншілігінің жарқын көріністері. Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хүсейінді (р.а.) құшағына басып сүйетін. Немере қызы Умамә намаз оқып жатқанда келіп, үстіне шығып алса оны арқалаған күйінше намазын жалғастыратын. Үйінде немерелерін ойнататын. Бір күні әдеттегідей өзі ат болып Хасан мен Хүсейінді (р.а.) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазірет Омар (р.а.) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) немерелеріне: «Сіздің қандай тамаша сәйгүлігіңіз бар!», – дейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) да кідірместен: «Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар!» – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсетеді.

 

Үйінде құлшылық көп жасалатын

Алла елшісінің шаңырағында терең құлшылық жасалатын. Хазірет Айша анамыздың айтуынша, жеке намазында Алла елшісі қиямда ең ұзақ деген сүрелерді қатарынан оқитын. Рукуда да қиямнан аз тұрмайтын. Ал сәждесі рукудан аз болмайтын. Рамазаннан тыс кей айларды да көп оразамен өткізетін. Ол қанағатшыл болатын.

Ардақты пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) отбасы өте қанағатшыл болды. Шаңырақта күнделікті тұрмысқа керектен басқа басы артық дүние болмады. Хазірет Айша анамыз киімі әбден тозғанша киетін. Олар көбіне құрма мен қара суды қанағат ететін. Апталап, айлап, кейде ол шаңырақта қазан көтерілмейтін. Бір жолы Фатима (р.а.) ардақты әкесіне тамақ пісіріп алып келеді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) алғашқыда: «Бұл не?» деп сұрайды. Қызы: «Тамақ пісірген едім, алдымен сіз ауыз тисін дедім», – дейді. Сонда Алла елшісі: «Үш күннен бері аузыма алған нәрім осы болды», – дейді.

 

Қайырымдылық көп жасайтын

Ол шаңырақта садақа көп берілетін. Хадиша анамыздың өзінің бар байлығын Ислам жолында жұмсағаны белгілі. Исламға шақыру үшін жиі дастархан жайып, елді шақыратын. Бір жолы Айша анамыз бір қайыршыға ақша санап бермек болғанда, Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Айша, беретініңді санамай бер, әйтпесе Алла да саған беретінін санап береді», – деген  ескерту естіген.

 

Жанұясында жақсы сөз айтылатын

Алла елшісінің шаңырағында өсек-аяңға жол берілмейтін. Өйткені барлық жақсылықты айтылған ғайбаттың жойып жіберетіндігін жақсы білетін. Бір жолы Айша анамыз әлдекімді сыртынан «Бойы қысқа» деп қалғанда, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Айша, бұндай сөзіңді қой. Мына сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен», – дейді. Демек отағасы ретінде Алла елшісі жанұяда өсек-аяңның айтылуына жол бермейтін.

Қазіргі уақытта отбасының іргесі берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерін білмеуінде. Ал, пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын)өмір жолына қарап отырсақ,өзінің парасаттылығымен күллі адамзат қоғамының тыныштық пен берекеде өмір сүруі үшін үздік үлгі-өнеге көрсетіп кеткендігін көреміз.

Талғат ОМАРОВ,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы

 

 

 

 

Бөлісу: