25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үмбеттің дана ғалымы (хибруль-умма) атанған

Үмбеттің дана ғалымы (хибруль-умма) атанған

Ислам жұлдыздары

Һижреттен үш жыл бұрын Пайғамбарымыздың ағасы Аббастың шаңырағында нұр жүзді бір ұл баланың кіндігі қиылды. Оның атын «Абдуллаһ» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі қойған болатын.

Абдуллаһ ибн Аббас кішкентайынан Пайғамбарымыздың үйінде сол шаңырақтың бір адамындай болып өсті. Пайғамбарымыздан сабақ алып, түнде бірге ғибадат жасап, оған қызмет ететін. Ынтасы, еңбекқорлығы, ақылдылығы мен турашылдығы үшін хазірет Пайғамбар оны бауырына тартты. Ардақты елші (с.ғ.с.) Абдуллаһтың ғалым болуын қалап, оған үнемі арнайы сабақ беріп тәрбиеледі. Пайғамбарымыз дүние салған кезде әлі он төрт-он бестердегі жасөспірім еді. Алла Елшісінің қасында өткізген төрт-бес жылы оның естігенін қалт еткізбей қағып алатын қабілетке ие болған кезіне сай келген. Бұл қысқа уақыттың ішінде көп хадис жаттады. Мұның себебі, оның бойындағы алғырлығы. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың: «Аллаһым, оған діннің рухын үйрет және тәуилді (Құранның негізгі тура мағынасы) жетік білуін нәсіп ет», – деп дұға жасауы да әсер еткен еді[1].

Абдуллаһ ибн Аббас сахабалардың ең білімділерінен саналады. Көзі тірісінде оны хибруль-умма (үмбеттің дана ғалымы) және тәржуманул-Қур`ан (Құранды аударушы, оны бізге жеткізуші) деп ұлықтайтын[2]. Ұзын бойлы, жылы шырайлы, нұр жүзді, сөйлегенде дүйім жұртты аузына қаратар шешен де көсем Абдуллаһ ибн Аббас Хашим тайпасынан шыққан. Оның есте сақтау қабілетінің қуаттылығы соншалық – ол атақты шайыр Амр ибн Раби`аның сексен жолдан тұратын өлеңін бір оқығанда жаттап алған деседі. Тәфсир, фиқһ және хадис ілімдерімен қоса әдебиет пен өлеңге, әсіресе, жәһилия кезеңінің өлеңдерін жаттап аты шыққан. Ибн Жәрир ат-Табари өзінің тәфсирінде әр аяттың түсіндірмесінде ибн Аббастың жәһилия дәуірінен жеткізген өлең жолдарын кеңінен қолданған[3]. Нұр пайғамбар хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан кейін Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) пен Омардың (р.а.) халифалықтары кезінде оларға ғылыми мәселелерде кеңес беріп тұратын. Хазірет Омар шеше алмаған күрмеуі көп күрделі мәселелерді «мұның түйінін сен ғана шеше аласың» деп Абдуллаһ ибн Аббасқа (р.а.) сілтейтін.

Бірде Йеменнен келген әлдебір адам өзін мазалаған сұрақтарына қанағаттанарлық жауап ала алмай амалы құрығанда, Абдуллаһ оның сауалдарына ақылға қонымды жауаптар береді. Бұған разы болған халифа Омар: «Абдуллаһтың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаңырағында өскеніне куәлік етемін», – деп, оның білімділігі мен білгірлігін атап айтқан еді.

Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде ибн Аббас ардақталып, абыройға бөленді. Хазірет Омар оны жасының кішілігіне қарамастан бірөңкей жасы үлкен, беделді адамдардан ғана тұратын «кеңес алқасының» құрамына кіргізген. Сөйтсе де, Абдуллаһ ибн Аббастың жастығын көлденең тартып, оны мойындағысы келмеген кейбір үлкендерге кеңес алқасының мәжілісінде «Насыр» сүресінің мағынасын түсіндіріп берулерін сұрады. Алдымен сөз алған үлкендер «Насыр» сүресін былай түсіндіреді: «Алланың жәрдемі мен жеңісі келгенде адамдар Исламға топ-топ болып кіреді. Сол кезде Раббыңды пәкте, мадақта, кешірім сұра» деген мағынаға келеді». Хазірет Омарға олардың бұл жауабы түбіне тереңдемей, су бетінен қалқыған ұшқарылау пікір көрініп, ұнамайды. Мұның әзәли мағынасын ибн Аббастың өзінен сұрады. Ибн Аббас: «Бұл сүре Алла Расулының өлімінен хабар береді. Адамдар топ-тобымен Исламға кірген кезде оларға Алланың хабарларын жеткізген Пайғамбардың міндетінің аяқталғанын ишаралайды», – деп жауап бергенде, халифа Омар: «Міне, оны осы қабілеті үшін сендердің араларыңа қостым», – деп оның ерекшелігін атап өткен еді[4]. Абдуллаһ ибн Аббастың сұхбаттарын халық ерекше қабылдайтын еді. Оның жүргізген сұхбаттары берекетті әрі тартымды өтетін. Жасы да, кәрісі де оның ілім бұлағынан мейірі қанғанша сусындай алатын еді. Сұхбатының екі ерекшелігі болатын: Телегей теңіз білімділігі және тақуалығымен ерекшеленген хазірет Абдуллаһ сұхбаттарында осы екі қасиетке басты мән беретін. Бәріне ұғынықты етіп көркем түсіндірген сұхбаттарын айнала отырған адамдар зейін қойып тыңдап, қақаған суықта арқаларын от табына тосқандай ыстық әсер алатын[5].

Ибн Аббастың парасаты мен қиыннан қиыстыра білетін қисынды ойлары ыңғайлы да жөні бөлек жосындығымен тәнті ететін. Пайғамбарымызбен қандас туыс ол: «біз пайғамбардың шаңырағында өстік» деп асқақ көңілмен мақтан ететін. Бойындағы кемел қасиеттерімен сахабалардың арасында құрметке бөленді. Барған жерінде кім болса да оған орнынан тұрып, ілтипат көрсететін. Ибн Аббас елдің өзін бұлай көкке көтере әспеттеуін аса ұнатпай, олардың орындарынан тұрмауларын өтініп, үнемі кішіпейілділік танытатын. Бірде Зәйд ибн Сәбит атқа мінер кезде ибн Аббас оның атының үзеңгісінен ұстап құрмет көрсетеді. Сонда Зәйд ибн Сәбит: «Әй, Алла Расулының ағасының баласы, өтінемін, бұлай жасама», – дегенде, ол: «Ғалымдарымызға осылайша құрмет көрсету бізге әмір етілді», – дейді. Хазірет Зәйд болса оның қолынан сүйіп: «Бізге де Алла Расулының туыстарына осылай ізет көрсету әмір етілді», – деп сыйластықтың ізгі үлгісін көрсеткен-ді[6].

Хибрул-умма, Тәржумануль-Қуран деген сипаттарға ие болған ибн Аббас ең көп хадис риуаят еткен, білім дәрежесі жоғары, таңдаулы сахабалардың бірі болатын. Ол 1600 хадис риуаят етті. Саид ибн Жүбәйр, Мужәһид ибн Жәбр және Икримә сынды табиун имамдары: «Біз не білсек, тегіс содан үйрендік» десе, Үбәйдұллаһ ибн Абдуллаһ: «… Әбу Бәкір, Омар мен Османның берген үкімдерін одан жақсы білетін адам көрмедім. Көзқарасы үнемі туралықтан таймаған өзге ешкімді таныған емеспін. Тәпсир және фиқһ іліміндегі білгірлігіне бәрі таңдай қағатын. Бір күні тәпсир жайлы айтса, бір күні фиқһ мәселелерінен сөз қозғайтын. Бір күні өткен шайқастарды айтса, басқа бір күні араб тарихын тереңнен қозғайтын. Оның білімі түпсіз теңіздей еді. Оның білімділігіне бас имейтін ғалым жоқ еді», деп оның беделін атап өткен[7].

Ол білімді болумен қатар мемлекеттік жоғары қызметтерді де абыроймен атқарған қабілетті сахаба. Хазірет Османның тұсында Африка жорығына Ислам әскерлерінің Елшісі ретінде қатысты. Африкадағы Византияның әкімі Георгий және оның адамдарымен ғылыми мәселелер бойынша пікір таластырады. Византиялықтар алғыр ақылына, ойы мен білімінің тереңдігіне тәнтілікпен оны «арабтардың ең данасы» деген-ді. Халық ибн Аббастың төрелігіне жиі жүгінетін. Оның үйі, есік алды үнемі кісіден босамайтын. Шәкірті Әбу Салих: «Ауласына кісілер мұншама көп жиналатын басқа бір адамды өмірімде көрген емеспін» деп, оның шаршы топты жарып сөйлейтін шешендігін, көпшілдігі мен көсемдігін паш етеді. Оны «тәпсір ғылымдарының падишасы» деп те атайтын. Өзі тәпсир кітабын жазбаса да, оның өрнектеп өрбіткен тәпсирлері хадис кітаптарында жинақталған. Мұсылман ғалымдары өздерінің шығармаларын көркемдеу үшін ибн Аббастың құнды тәпсирлерін пайдаланды. Ал оның берген пәтуалары фиқһ ілімінің негіздерінің бірі болып табылады. Мекке фақиһтарының көбісі оның мектебінен қаз басып, қанат қағып шықты. Сондықтан да оған «Мекке тәпсір мектебінің негізін қалаушы» делінді. Құран ілімдерін жетік меңгерген ибн Аббастың айрықша қайрат көрсеткен қызметтерінің бірі – Құранның жинастырылуына қосқан үлесі.

Муғауия қайтыс болғаннан кейін хазірет Әли мен ұлы Хусәйннің жақтастары оны Куфаға шақырды. Ол бұл шақыруды қабыл алмады. Хусәйнге ол жаққа барма деп қанша үгіттесе де, оны көндіре алмады. Осының салдарынан Куфаға кетіп бара жатқанда Пайғамбарымыздың сүйікті немересі хазірет Хусәйн Кербалада шәйіт болды. Бұл оқиғадан соң қайғыдан қан жұтқан Абдуллаһ ибн Аббас екі көзінен айырылды. Ғұмырының соңына таман екі көзі көрмей қалған ілім бұлағы Абдуллаһ жазмыштан озмыш жоқтығына налыған емес. Керісінше: «Алла жанарымнан жарықты сөндіргенмен, жүрегім мен тілім нұрсыз қалмады», – деген екен қасқайып[8].

Абдуллаһ ибн Аббас 687 жылы Таифте қайтыс болды. Жаназа намазын хазірет Әлидің баласы Мұхаммед әл-Һанафиия оқыды. Ол: «Бүгін бұл үмбеттің ең білгір ғалымы қайтыс болды. Оның өлімі мұсылмандарды мұңға батырды», – деген болатын.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Муснәд, 1:266; Бухари, уду`, 10.

[2] Усдул-ғаба; 3:291.

[3] әл-Бидая, 8:114.

[4] Бухари, тәфсир, (110) 3.

[5] әл-исәбә, 2:333.

[6] әл-Исәбә, 2:332.

[7] Табақат, 2:365; Усдул-ғаба, 3:19.

[8] Сахабилер ансиклопедиси, 1: 153. Сахабилер ансиклопедиси, 1: 153.

Бөлісу: