25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Турашыл әрі тақуа Әбу Зәрр әл-Ғифари

Турашыл әрі тақуа Әбу Зәрр әл-Ғифари

Ислам жұлдыздары

Азан шақырып қойған шын аты Жүндүб ибн Жунәдә болғанмен Әбу Зәрр руының қызба әрі жаужүрек адамы еді. Қараңғылық кезеңінде керуендердің жолын торумен аты шыққан-ды. Жол тору Ғифар руының ата кәсібі еді. Әбу Зәррдің атын естігенде ұйқыдағы адамдар шошып оянатын болған.

Әбу Зәрр күндердің бір күнінде күрт өзгеріп, жол тору кәсібін тастап, һанифтік дінін қабылдады. Ислам әлі пайда болмаған кездің өзінде Алланың жолына түсті. Сонымен қатар Әбу Зәрр жәһилияның дәуірлеген кезінде де пұтқа табынуды ерсі санап, жатса-тұрса ақиқатты іздеумен болған арабтың атақты шайыры еді. Ол кезеңде Исламның таралуы жасырын түрде жүріп жатқан. Соған қарамастан соңғы пайғамбардың аты Меккеден басқа көп жерлерге жеткен-ді. Құлағдар болғанның бірі – Ғифар руынан шыққан Әбу Зәрр. Жаратылысынан әуесқойлығы басым Әбу Зәрр соңғы пайғамбар шығыпты дегенді естіген соң, оны көруге ынтықты. Бұл хабардың анық-қанығын білу үшін бауыры Үнәйсті Меккеге жіберіп, ол жайлы көбірек мәлімет әкелуді ұқыптап тапсырады. Үнәйс бауырының айтуымен Меккеге барып, онда Пайғамбарымызбен кездесіп сөйлескен соң қайтып келді. Әбу Зәрр інісінен көрген-білгендерін сұрай бастады. Сондағы Үнәйстің жауабы: “Меккеге бардым, айтқан адамыңмен кездестім. Ол халықты тек жақсылыққа шақырып, жамандықтан аулақ болуға үндейді, адамгершілікті уағыздайды. Халық оны “шайыр, сәуегей, сиқыршы” деп атай береді екен. Көріпкелдің талайын тыңдадық қой, оның айтқаны сәуегейлікке тіптен ұқсамайды. Шайыр дейін десем, оған да келмейді, айтқандары біз білетін өлеңнен мүлде басқа. Сиқыршы деу де тіпті қисынсыз. Қысқасы, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туралығына көзім жетті. Оған пәлен-түген деп кінә таққандардың өздері өтірікші”.

Мың естігеннен бір көрген артық. Әбу Зәррді Үнәйстің айтқандары қанағаттандырмай, оны өз көзімен танып білмейінше көңілі өрекпіп, ақыры әуесқойлығы жеңіп, өзі барып көруге бел байлады. Бауыры абай болуын өтінді, өйткені, Пайғамбарымыздың әкелген жарық нұрын сөндіруге тырысқан мүшріктер мұсылмандықты қабылдағандарды азаптап, көрінген жерде соққыға жығып салатын жағымсыз әдетті қолдан асқындырып отырғанын ескертті. Әбу Зәрр неше күн кенезесін кептірген аптапты шөлді жүріп өтіп, Меккеге жетті. Қалаға келген бетінде тікелей Қағбаға тартады. Айналасындағы адамдарға аңтарыла қарап, алақтап, ардақты Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеумен болды, бірақ танымығандықтан таба алмады. Жұрттан сұрауға да батылы жетпеді. Өйткені, бауыры айтқандай, Меккеде мұсылмандар мен мүшріктер арасындағы бітіспес күрес сырттай қарағанда-ақ байқалатын. Осылайша он бес күн өтті. Пайғамбарды кездестіре алмады. Әбу Зәррдің азығы да таусылып, тек қана зәмзәм ішіп күнелтті. Әбіржіп, титықтай бастады.

Күндердің бір күнінде Қағбаның қасынан өтіп бара жатып хазірет Әли оны көзі шалып қалады: – Мына байғұс ұзақ жолдан келген мүсәпір-ау, сірә – деп күбірледі. Мұны естіген Әбу Зәрр басын көтеріп: – Иә, жолаушымын, алыс жолдан келген жайым бар, – деді. Хазірет Әли: – Онда жүр үйімізге, қонағымыз бол, – деп Әбу Зәррді үйіне ертіп апарып, күтеді. Бірақ, екеуі де бірбіріне сақтық жасап, ол түні жақ ашпады. Таң атқан соң Әбу Зәрр хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с.) іздеу үшін тағы да Қағбаға барады. Келген-кеткенге қарап, әрлі-берлі жүрумен кешті батырады. Бірақ ешбір дерек жоқ. Салы суға кетіп отырған оның жанына тағы да хазірет Әли келеді. – Әлі қайда кетеріңді білмей отырсың ба? – деп сұрайды. – Иә, дәл солай, – деді Әбу Зәрр. – Онда бізге жүр, мейманымыз бол, – деп, хазірет Әли тағы да қолқа салады. Жолда келе жатып қонағынан қайдан, не мақсатпен келгенін сұрайды. Әбу Зәрр: – Егер ешкімге тіс жарып айтпайтындығыңа сөз берсең, айтайын, – деді. Хазірет Әлидің уәдесін алған соң Әбу Зәрр оған сапарының мақсатын түсіндіре бастады: – Мен Ғифар руынанмын. Осы Меккеден ақырзаманның пайғамбары шықты деп естідім. Сол адамға жолығайын деп келіп едім. Әбу Зәррдің мақсатын ұққан жас сахаба Әли көздері күлімдеп: – Сен тура жолды таптың, қуаныштымын. Мен қазір Расулуллаға бара жатырмын. Сен де ізімнен жүріп отыр. Мен кірген есіктен сен де кір. Нысаналы жерге жеткенше осылай бейтаныс кісілерше жүріп барамыз. Егер алда-жалда жолай саған зияны тиетіндей біреу кездесе қалса, еңкейіп, кебісімді түзеткен болып белгі беремін. Ал, сен маған қарайламай, тіп-тіке қасымнан өте шық, – деді. Сөйтіп екеуі үйден шықты. Хазірет Әлидің ізімен жүріп отырып, Әбу Зәрр аман-есен Расулалланың (с.ғ.с.) құзырынан бір-ақ шығады. Әбу Зәрр кірген бетте: – Ассаламу аләйкум (Алланың рахметі саған жаусын), уа, Алланың Расулы! – деді. Сүйікті Пайғамбарымыз: – Уа алайкумус-салам (Алланың рахметі саған да жаусын), – деді. Ислам тарихында бұлайша сәлем берген тұңғыш адам – осы хазірет Әбу Зәрр. Содан бастап осылайша сәлем беріп, жауап алу әдетке айналды[1]. Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың соңғы діні, иманның шарттары жайында егжей-тегжейлі баяндап берген соң Әбу Зәрр сол жерде кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман атанады. Иман келтіріп, мұсылмандықты қабылдаған Әбу Зәррге әрдайым сақтықты ұстанатын Расулалла (с.ғ.с.) мынадай ұсыныс айтты: – Ей, Әбу Зәрр! Сен әзірге бұл іс туралы жан баласына тіс жарушы болма. Еліңе қайт, жақсылықты жария етуге асықпа. Дінімізді ашық таратуға Жаратқаннан жарлық алғанымды естіген күні келерсің. Толқып, жүрегі қуаныштан лүпілдеген Әбу Зәрр: – Уа, Расулалла! Сені хақ пайғамбар ретінде жіберген Алла Тағаланың атымен ант етемін. Мен бұл жайтты мүшріктер арасында ашық түрде жарияламай қоймаймын, – деді де үйден шығып, Қағбаға қарай бет алды. Сол жерден бүкіл мүшріктерге естірте: – Уа, құрайыштар! – Мен Алладан басқа тәңірінің жоқ екендігіне, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі екендігіне куәмін! – деп дауыстады. Әрине, мұны естіген мүшріктер қарап қалмады. Тарпа бас салып, Әбу Зәррді қан-жоса қылып, соққыға жықты. Егер сол сәтте (әлі мұсылмандықты қабылдамаған) хазірет Аббас көріп, оның ғифар руынан екенін, ғифарлардың Шамға барар сауда жолының иесі екенін ескертпегенде, мүшріктер Әбу Зәррді өлтіруден тайынбайтын. Алайда иманнан қуат алған хазірет Әбу Зәррді сойыл да, соққы да тоқтата алмады. Есін жия салып ертеңіне тағы да Қағбада Алланың барлығы мен бірлігін, Пайғамбардың хақтығын айтып, жар салды. Мүшріктер сау-тамтығын қалдырмай дүрелесе де, ол айтқанынан қайтпады. Бұл жолы да хазірет Аббас араласып: – Неткен жауызсыңдар! Ғифар руының адамын өлтіріп, осы күндеріңді өздеріңе көп көріп отырсыңдар ма? Ғифарлар сауда жолын жауып тастаса, не істейсіңдер?! – демегенде мүшріктердің қолынан мерт болуы мүмкін еді[2].

Осы оқиғадан кейін Әбу Зәрр Мәдинаға жақын орналасқан Ғифарға қайта оралды. Еліне орала салысымен хақ дінді таратуға ынта-шынтасымен кірісіп кетті. Оның себепкерлігімен анасы, бауыры және руластарының жартысы Исламды қабылдады[3]. Хижраның алтыншы жылына дейін сонда болып, Бәдір, Ухуд, Хәндек шайқастарына қатыса алмады. Одан кейін Мәдинаға қоныс аударды. Адамзаттың ардақтысы, Сүйікті елшінің (с.ғ.с.) қасынан бір елі ажырамады. Түннің бір уақытына дейін сырлы сұхбаттарына қатысатын. Ол Алла Елшісінің қасында болып, оған қызмет етуді дүниеде барлық нәрседен артық көретін. Алла Елшісі қайтыс боларында үнемі жанынан айрылмаған сахабалардың арасында Әбу Зәрр да бар болатын[4].

Алла Елшісін (с.ғ.с.) пәруанадай сүйді. Бұл сезімін Пайғамбарымызға: “Жақсы көргеніне деген адам жүрегінің сүйіспеншілікке мұншама толы болатынына таңырқаймын. Менің жүрегім де Алла пен Оның Елшісіне деген махаббатқа толы”, – деп тебірене жеткізеді. Сүйіспеншілігімен қоса Аллаға мойынсұнуы да шексіз еді. Бір ретінде Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өзіне мемлекеттік қызмет беруді өтінді. Әркімнің бойындағы қабілеттеріне шақтап іс беруде сұңғылалық танытатын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған бұл қызметтің жүгі ауыр екендігін, атқара алмаса ақыретте есебі қатаң болатынын ескертті. Әбу Зәрр да Алла Елшісінің кеңесіне бас иіп, өтінішінен бас тартты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған бірде: “Сенің қызметің әкімдердің қызметінен кем емес. Олардың қылыш арқылы жасайтынын сен ақылыңмен атқарасың”[5] деп, әркімнің қоғамдағы орнының әр түрлі болатынын, әрбір адамның өз қабілетіне сай іс бітіру керектігін атап кеткен еді. Әбу Зәрр ынтыға ғашық болып, шын көңілмен қабылдаған хақ дінге құлай берілген жанкешті болатын. Оның бұл қасиетін Пайғамбарымыз да жақсы білетін.

Ми қайнатар жаз күндерінің бірі… Мұсылман әскерлері Тәбук жорығына әзірлік үстінде. Әбу Зәрр де жорықтың қамын жасады. Түйесі кәрі болғандықтан жасақталған әскерден артта қалып қойды. Не қылса да түйесін жылдам жүргізе алмады. Ара қашықтық әудем жер ұзап кетті. Бұл тұста кейбір адамдар әртүрлі сылтаулар айтып, жорықтан қалып қойған еді. Тәбукке жақындағанда мұсылман әскерлері бел суыту үшін бір жерге аялдайды. Қалып қойған адамдар жайлы әр түрлі әңгіме шыға бастады. Келмегендердің арасында Әбу Зәрр де бар еді. Оның келмей қалғанын Пайғамбарымызға айтқан кезде “Оны қозғамаңдар. Егер бір жақсылығы болса, Алла бізге жеткізеді”, – деді. Түс әлетінде ұзақты барлап тұрған қарауыл “Ана жақта жалғыз адам бізге қарай келе жатыр” деп хабарлады. Алла Елшісі: “Бәлкім, бұл Әбу Зәрр шығар, оның сол болуын қалаймын”, – деді. Сахабалар күш сала қарап кім екенін көруге асықты. Ақыры жалғыз жаяу да келіп жетті. Ол Әбу Зәрр еді. Түйесі әбден болдырып, жатып қалған соң бүкіл жүгін арқасына салып, жалғыз өзі шөл далада аш, сусыз тартып отырып, өлдім-талдым дегенде әскерлерге жеткен еді. Алла Елшісі оны көріп қатты қуанды: “Алла Әбу Зәррға мейірімін жаудырсын! Ол жалғыз жүріп, жалғыз өмір сүріп, жалғыз қайтыс болады”, – деді[6]. Әбден шаршап-шалдыққан Әбу Зәррға Пайғамбарымыз: “Уа, Әбу Зәрр! Маған келіп жеткенге дейінгі басқан әр қадамың үшін Алла бір күнәңді кешірсін”, – деп тілек тіледі[7]. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да оған деген құрметі ерекше болатын. Оны көргенде үнемі күлімсіреп, кездескеніне қуанышты екенін де білдіретін. Әр кездескенде Әбу Зәррдің қолын қысып амандасатын. Бұл жайлы Әбу Зәрр: “Расулулланың менімен кездескенде қолымды қысып амандаспаған уақыты болған емес. Бір күні мені шақырып келуге біреуді жұмсады. Мен ол кезде үйде жоқ едім. Үйге келгенімде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) шақырғанын естір-естімес оның қасына құстай ұшып жеттім. Көрпешенің үстінде отырған еді. Мені құшақтады. Бұл құшақтау – мен үшін өте қымбат” – дегенді[8]. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) кез келген адамның қолын қысып, кеудесіне басуы ол адам үшін зор бақыт еді!

Хақ пайғамбар дүниеден озған кезде Әбу Зәрр оның мейірім шашқан сұхбатынан жырақ қалып, көңілі астаң-кестең болды. Нұрлы қала Мәдинаның шуағы сөніп, тынысы тарылды. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жан-тәнімен берілген Әбу Зәрр бұл қасірет қапаға төзе алмай, Сирияға көшіп кетті. Сән-салтанатпен жан рахатына бөленіп өмір сүруден ауылы алыс Әбу Зәрр өмірінің соңына дейін қарапайым ғұмыр кешті. Өте қанағатшыл еді. Қазынадан тағайындалған айлығының өте аз мөлшерін өзі жұмсап, қалғанының бәрін кедей-кепшікке таратып беретін. Басқалары аш қалып, өзінің тоқ болғанын еш қаламайтын. Керегінен артық дүние жинауға қарсы шығатын. Өзі осылай өмір сүрген ол басқалардың да солай өмір сүруін қалайтын. Өзінің пікірлерін бәріне қабылдатуға тырысты. Әрине, бәрін тақуалыққа мәжбүрлеу мүмкін емес. Сондықтан да кейбір тұрмысы жақсы болғандар оның бұл қылығын Сирияның әкімі Мұғауияға жеткізді. Халықтың арасында мазасыздық тудырмау үшін ол халифа Османмен келісімі бойынша Мәдинаның шетінде, Мекке жолында орналасқан Рәбзә ауылына қоныс аударады.

Болмысынан туралықты жақтайтын сахабалардың бірі еді. Әділетсіздікке жаны шыдамайтын. Ойының дұрыстығына көзі жетсе, қарсы алдында халифа болса да табан астында тартынбастан айтып салатын. Туралығы мен тым тақуалығын көпшілік түсіне бермейтін. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) айтқанындай ол жалғыз өзі осы Рәбзә ауылында дүние салды. Артында әйелі мен қызы қалды. Әбу Зәррдің ұлы өзінен бұрын қайтыс болды[9].

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Р. әл-Бәша, 1, 116.

[2] Д. Өмірзаққызы, Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың өмірі, Мекке кезеңі, Алматы, 2003, 1.т, 157- 160

[3] Усдул-ғаба, 5:187; Бухари, манақыб: 82.

[4] Муснәд, 5:16.

[5] Асрус-са‘адат, 3:194.

[6] Усдул-ғаба, 5:188.

[7] Сахабилер ансклопедиси, 1:399.

[8] Әбу Даууд, Суннәт:2.

[9] Р. әл-Бәша, 1:118-119.

Бөлісу: