25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шейіттердің мырзасы - Хамза ибн Әбдүмүттәліп (р.а)

Шейіттердің мырзасы - Хамза ибн Әбдүмүттәліп (р.а)

Ислам жұлдыздары

Хазірет Хамза – орта бойлы, күшті, айбарлы, абыройлы сахаба. Өзі мерген, аңшы және құрайыштықтардың құрмет тұтар батыры. Қиындыққа душар болғандарға жанашыр, әділетсіздікке төзбейтін баһадүр. Аң аулауға шыққанды жаны сүйетін. Одан қайтарда Қағбаны тауап етуді қасиетті санап, аталарының дәстүріне құрмет көрсететін.[1]

Алланың арыстаны, шейіттердің мырзасы Хамзаның лақабы – Ибн Яғлә немесе Әбу Әммәрә. Әбдүмүттәліптің баласы, Пайғамбарымыздың әкесінің інісі. Пайғамбарымызға сүт ана болған Әбу Ләһәбтің күңі Суәйбә одан бұрын Хамзаны да емізгендіктен, екеуі сүт (бір емшектес) бауыр. Хамза жас жағынан Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) шамалас, тай-құлындай тебісіп бірге өсті. Сондықтан да Пайғамбарымыздың пәк балалық шағын, көп қасиетін (сенімділігін, шыншылдығын) жақыннан танитын.

Ардақты елшіге (с.ғ.с.) қасиетті пайғамбарлықтың жүктелгеніне бірнеше жыл өтсе де, Хамза мұсылман болмаған еді. Алайда мұсылмандардың қатары көбейген сайын мүшріктердің мазасы қаша бастады. Олар Пайғамбарымыздың киелі ісіне кедергі жасаудың қитұрқы жолын қарастыруға көшкен-ді. Ол кезде Алла Елшісіне (с.ғ.с.) еріп, мойынсұнғандардың тысында мұсылман болуды жаны қалаған адамдар да бар-ды. Алайда ескіден келе жатқан ата-баба дәстүрінің ықпалы, қоғамдағы теріс күштердің қысымы бұған бөгет болды. Хазірет Хамза да солардың бірі болатын. Алла расулының ерік-жігері оны таңдандыратын. Иманы мен уағыздап жүрген жаңа дініне деген беріктігі мен жанқиярлығы бұрын-соңды құрайыштардың арасынан көрмеген айрықша бір лептей сезілді оған. Жастайынан жақсы көріп, жіті таныған сенімді әрі шынайы бауырының шақыруына құлақ түріп, мойынсұнуға кідіруді жөн көрмеді. Оның мұсылман болуының өзі жатқан бір хикая.

Исламға келуі

Алла Тағала тура жолға саламын дегендерге әр түрлі себептер жаратады. Ал, бұл оқиға Хамзаны Исламды қабылдауға жетеледі. Аң аулап Қағбаны тауап етуге әдеттенген Хамза кезекті саятшылығынан оралғанда, алдынан Абдуллаһ ибн Жуданың күңі шыға келеді. Ол Әбу Жәһил өз достарымен бауыры Мұхаммедке (с.ғ.с.) ауыр сөздер айтып қорлағанын, қол жұмсағандарын айт- ты, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шарасыз күйде жалғызсырап қалғанын, көрсеткен қорлықтарының адам төзгісіз екендігін білдірді. Туысқандық сезімі атой салған ержүрек Хамза ашуға булығып, төтелей Қағбаға тартты. Достарымен Қағбаның айналасында әңгіме-дүкен құрып отырған Әбу Жәһилдің үстінен түсіп, садағымен бір ұрып Әбу Жәһилдің басын жарады. Бет-аузын қан жуып кеткен Әбу Жәһилді жағасынан алып: “Менің бауырымды неге қорлайсыңдар. Мына мен де соның дініндемін, ал, әйтпесе. Мықты болсаң, маған қарсы шық” деп жұлқып-жұлқып алды. Хамза күшімен қоса ақылмен іс жасауды да білетін. Үйіне оралған соң ол жатып ойланды. Көңілі алабұртып, дөңбекшіп көз іле алмады. Ол Исламды қалай қабыл еткен еді? Бауырына жасалған зұлымдыққа шыдамай, ашуланып, Әбу Жәһилді қан жоса қылды. Ата дәстүрлерін соншалықты қастерлеп, киелі тұтқан адамның ата салттары мен сенімдерін бірден тастауы мүмкін бе? Өзі ереже-қағидаларын мүлдем білмейтін жаңа бір дінге өтуі дұрыс па? Соларды ойлап санасы сан-саққа кеткен Хамза медет тілеп, Жаратушыға жалбарынды, жүрегіндегі шүбәні жуып-шаюын сұрады. Оның тілегі қабыл болып, жүрегіне иман нұры ұялады. Сонша құдіретпен әлемді басқарып тұрған ұлы күштің құдіретін ұғынып, иман нұрына бөленді.[2] Оның Исламды қабылдауы мүшріктердің жауыздықтарын толығымен тізгіндей алмаса да, мұсылмандар үшін ес болды. Хамза сынды жаужүректің мұсылман болуы мүшріктерді іштен тынатын шарасыз ашуға булықтырды.

Алланың арыстаны

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хамзаның мұсылман болғанын естіп, қуанышы қойнына сыймады. Өйткені оның Исламды қабылдауы мұсылмандарға күш берді. Мәдинаға һижреттен кейін де мүшріктер қол қусырып қарап қалмады. Пайғамбарымыз бен мұсылмандарды Мәдинадан қуып шығуды көздеген Абдуллаһ ибн Үбәй Хазрәж Әус тайпасының мүшріктерімен тізе қосып одақ құрды. Мұсылмандардың қажылыққа апаратын жолдарын да жауып тастады. Мүшріктердің бетін бір қайтару үшін Сирияға апаратын сауда жолына тосқауыл ұйымдастыру керек болды. Осы мақсатпен Пайғамбарымыз Хамзаны отыз адамдық қолды бастатып Сифул-бахр деген елді-мекенге аттандырады. Діттеген тұсқа жеткенде мүшріктердің үш жүз кісілік керуені сол жерде бел суытып жатқан екен. Әбу Жәһил де араларында. Алланың арыстаны - Хамза дұшпандарымен шайқасқысы келіп жалын атты. Мұсылмандар да сондай пейіл танытты. Ол кезде әлі мүшріктердің қатарында жүрген Мәжди ибн Амр ибн Жухәни бұл екі топтың арасына түсіп оларды қантөгістен бас тартқызды. Бұдан кейін жалын атқан жаужүрек Хамзаны Бәдірде көреміз.

Бәдір шайқасында мүшріктер мен мұсылмандардың арасындағы жекпе-жекте хазірет Хамза, Ұбәйда және Әли ат ойнақтатып шыққан еді. Хамза Шәйбамен күш сынасады. Бір екпінде-ақ Шәйбәны сұлатып салды. Бәдір шайқасында Хамзаның танытқан ерлігіне Алла Расулы (с.ғ.с.) риза болды. Харисут-Тәмимидің айтуынша, Бәдір шайқасында Хамза ибн Әбдумүттәліп кеудесіне түйе құстың қауырсынын қадап алыпты. Мүшріктердің бірі: – Кеудесіне түйеқұстың қауырсынын таққан кім? – деп сұрады.

– Хамза ибн Әбдүмүттәліп, – деген жауап берілді. Мүшрік: – Біз не көрсек, соның кесірінен көрдік[3], – деп Хамзаның жанкештілігіне назаланса керек. Бәдір шайқасындағы жеңілістің ащы дәмі кеуделерін қыжылдатқан мүшріктер жаңа шайқасқа қызу дайындалды. Басқа мүшрік тайпаларынан жәрдем сұрап күшті қол жинады. Бұл шайқасқа мүшріктердің әйелдері де қатысатын болды. Олар Бәдір шайқасындағы масқара жеңілістен кейін еркектерін өш алу үшін мұсылмандарға қарсы айдап салды. Жүбәйр ибн Мұтғидың Уахши атты Эфиопиялық басыбайлы құлы бар еді. Ол эфиопиялықтарға тән найза толғауда өте ұста болатын. Хазірет Хамза Жүбәйр ибн Мұтғидың көкесін Бәдірде өлтірген-ді. Ол көкесінің өлімін жадынан өшіре алмай, Уахшимен сөйлесіп, егер Хамзаны өлтіретін болса азат етуге уәде берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаның ішінде қалып, қорғаныс шебін құруды ойлады. Алайда Бәдір шайқасына қатыса алмаған кейбір мұсылмандар Мәдинаның сыртына шығып, бетпе-бет ұрысатынын білдірді. Сүйікті елші (с.ғ.с.) сахабалардың бетін қайтармады. Хамза да қаланың сыртында шайқасуды қалағандардың ішінде еді. Ол Пайғамбарымызға: “Саған кітапты түсірген Аллаға серт беріп, ант ішейін, Мәдинаның сыртында осы қылышыммен жауымды жайратпайынша, менде тыныштық болмайды”, – деді. Ертесінде таңертең Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Түсімде періштелердің Хамзаны шомылдырғандарын көрдім”, – деп, оның шейіт болатынын алдын ала хабар берген еді.

Екі жақтың әскерлері Ұхұтта бетпе-бет келді. Құрайыштардың бірінші ту ұстаушысын хазірет Әли, екіншісін хазірет Хамза өлтірді. Ту ұстаушыларының өлімі мүшріктерді бірден абдыратып-ақ тастады. Тапырақтап не істерлерін білмей қалды. Ол кезде мүшріктердің сапында болған әйгілі Халид ибн Уәлидтің соғыс тәсілі де іске жарамады. Мүшріктер жапа-тармағай жан сауғалап қаша бастады. Батыр Хамза Ұхұт күні “мен - Алланың арыстанымын” деп жауға қарсы айбарын шашты. Хамзаны Бәдір шайқасында көрген Сафуан “бүгінге дейін қауымдастарын өлтіруге сонша құштар болған адам көрген емеспін” деп дұшпанға қарсы шайқастағы қайсарлығына таңдай қағыпты. Хамза Ұхұт шайқасында мүшріктердің көбісін жер жастандырды.

Құрайыштар алды-артына қарамай тым-тырақай қаша бастаған кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) арнайы төбеге орналастырған садақшылар тобы өз орындарын тастап, “Не қарап тұрсыңдар? Алла дұшпанды күйретті. Сендер де мүшріктердің қосына кіріп олжа жинаңдар”, – десті. Садақшылардың көпшілігі басшы Абдуллаһ ибн Жүбәйрді тыңдамай, “олжадан өз үлесімізді аламыз” деп шептерін тастап кетті. Абдуллаһ ибн Жүбәйрдің айналасында аз ғана адам қалғанын байқаған Халид ибн Уәлид бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, әскерлерін жинап садақшыларға шабуыл жа- сады. Саны аз қалған садақшылар оқтары таусылып, шамаларының жеткенінше табан тіреуге тырысты. Алайда көзіне қан толған жау әскері басымдыққа ие болды. Олар оқшыларды адам айтқысыз жауыздықпен өлтірді. Орындарын тастап кеткен садақшылардың қателіктерінің нәтижесінде мұсылмандар ауыр соққы алды.

Ызалы кек

Сол майдан даласында көптеген хас сахаба шейіт болды. Ұхұт шайқасында мүшріктердің алғашқы назарға алғандары – хазірет Пайғамбар мен Хамза еді. Әбу Суфиянның әйелі Хинд әкесін, көкесін, бауыры мен баласын Бәдірде жоғалтқан болатын. Туыстарының көбісінің түбіне Хамзаның жеткенін естіп, оның басын алу үшін бүкіл мүшріктерді соғысқа айдап салды. Уахшидің міндеті – тек қана Хамзаны өлтіру екенін әбден құлағына құйды. Мойнындағы алқасы мен сәндік әшекейлерінің бәрін беремін деп, дүние десе құтырып кететін құлды құнықтыра түсті.

Уахши шайқас кезіндегі жағдайды былай әңгімелейді: “Адамдардың арасында Әлиді іздедім. Өте сақ, айлакер, күшті әрі айналасына жіті қарайтын біреу еді. Өз-өзіме “менің іздеген адамым бұл емес” дедім. Сол кезде Хамзаны көрдім. Айналасына дес бермей, алдына келгенін жайпап салып жатты. Оңтайлы мезеттің келуін күтіп, төбешіктің артына жасырындым. Бір кезде Шиба ибн Үмму Әммар “менімен шайқасатын батыр бар ма?” деп атой салды. Хамза оған “Алла мен елшісін сен бе майданға шақырып тұрған?” деп көзді ашып-жұмғанша жанын алды[4]. Селдің суына аяғы тайып жығылған кезде найзамды оған лақтырдым. Найза кеудесіне барып қадалды”. Уахши Алла арыстанының бауырын суырып алып Хиндке бір қолымен ұсынып тұрып, екінші қолын оның уәде еткен алқаларына созды. Хинд бүкіл алқаларын оның алақанына салды. Ол Хамзаның жеңіл өлгеніне қанағаттанбай құнтитып құлақтарын кесіп, өлі денесін аяусыз кескілеп, адам айтқысыз айуандық жасады. Тіпті өкпе-бауырына қол салып, айызы қанғанша әбден тістелеп шайнады. Меккеге барғаннан соң Уахши азат етілді. Мекке алынғанға дейін де сол жерде тұрып, Мекке алынған кезде Таифке қашты.

Ислам – бүкіл адамзатқа түсірілген дін. Тәубе етіп ақиқат жолына түсушілерге есігі әрқашан да ашық. Ислам – адамдарды азапты жәһаннамға апарар жолдан құтқарып, Жәннатқа апаратын бақыт жолын көрсету үшін келген дін. Тәубә есігі ешқашан да жабылмақ емес. Әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешбір жанның иманнан нәсіпсіз қалғанын қаламайтын. Меккені алғаннан кейін өзіне талай қиындық көрсеткен мүшріктерге: “Бұл күні ешкім айыпталмайды, бәрің боссыңдар” деп біреуіне де қол тигізіп, қатты сөз айтпады. Өйткені, ол адамзатты құтқару үшін жіберілген еді. Ардақты елшінің (с.ғ.с.) мейірімділігі мұнымен де шектелген жоқ. Ол өзіне ең көп қиындық көрсетуші, зұлымдығы әкесінікінен де асып түсер Әбу Жәһилдің баласы Икриманы да мұсылман болуға шақырды. Пайғамбарымызға еріп, Икрима мұсылман болды. Исламды қабылдамай тұрғанда мұсылмандарға кедергі жасауға қандай күш жұмсаса, мұсылман болғаннан кейін Ислам үшін екі есе қайрат көрсетіп, Алла жолында шейіт болды[5].

Жанындай жақсы көрген ағасы Алланың арыстаны, шейіттердің мырзасы Хамзаны шейіт еткен Уахшидің де мұсылман болуын қалап, оған бірнеше рет хат жазды. Ең соңында мына аятты: “Айт: ”Әй, өз нәпсілеріне зұлымдық жасаған құлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Өйткені, Алла – бүкіл күнәларды кешіруші. Шүбәсіз, ол тым кешірімді әрі өте мейірімді”[6] жазғаннан кейін Уахши тәубаға келіп, мұсылмандықты қабылдады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хазірет Хамзаға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Оның өлімі жүрегіне терең жара салған оқиғалардың бірі болды. Сондықтан да ол Уахши мұсылман болғаннан кейін оған: “Мүмкін болса менің көзіме түспеуге тырысшы. Әйтпесе, сені көрген сайын Хамза есіме түсіп, жүрек-бауырым езіліп кетеді. Бойымды сезім билеп, өз міндетімді толық орындай алмай қалудан қорқамын”, – деп өтініш жасады. Мұсылман болып, иман шәрбатын тату бақытына ие болған Уахшиге бұл ауыр тисе де, Пайғамбарымыз дүние салғанша көзіне түспеуге тырысты. Алайда үнемі Расулалланы (с.ғ.с.) аңдумен болды. “Енді көзіме көріне аласың” деп айтып қала ма деген үміті үзілмеді. Алайда сарғая күткен үміті орындалмады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ол сөзді айтпастан бұ дүниемен қош айтысты. Бұл суық хабар Уахшидің жүрегіне инедей қадалды[7]. Баһадүр Хамзаны (р.а) өлтіріп, ауыр күнәға батқан Уахши тәубаға келсе де, бәрібір жаны жай таппай, ішкені ірің, жегені желім болады. “Қайтсем, бұл күнәмді жуып-шаямын” деумен жүргенде мұсылмандар жалған пайғамбар Мусәйламатул-кәззәбтың көзін жою үшін Ямамаға шайқасқа аттанады. Алланың алдында өзін ақтап алудың мүмкіндігі де туды, ол – Исламның ең мықты дұшпанын өлтіру. Көктен іздеген мүмкіндікті жерден тауып берген Аллаға мың да бір рахметін жаудырған күйі хазірет Хамзаны шейіт қылған найзасын алып, Уахши Ислам әскерімен бірге аттанды. Уахши майдан даласында қапысын тауып Мүсәйләманы найзасымен жаншып өлтірді[8]. Артынша сәждеге жығылып: “Мұсылман болмай тұрып мұсылмандардың ең қайырлысын шейіт қылдым. Мұсылман болғаннан кейін кәпірлердің ең азулысын өлтірдім. Енді сенің көзіңе көріне алам ба?”[9] – дейді Пайғамбарға қарата тарам-тарам жас жуған бетін сүртуге шамасы келмей.

Жаназасы 70 рет шығарылған сахаба

Қаншама хас сахабаның өмірін қиған Ұхұт шайқасы осылай аяқталды. Дұшпанның қатары сетінеп, біртіндеп шегіне бастады. Пайғамбарымыз Хамзаның (р.а.) өлтірілгенін естіп, сүйегін соғыс болған алаңнан іздеп таппады. Шайқас аяқталғаннан кейін мәйіттің жан түршіктірерлік халін көргенде, таңғала жағаларын ұстасты. Еріндері дірілдеп, көкірегін кек керней былай деді: “Әй, Алла мен Елшісінің арыстаны - Хамза! Ей, ізгілік иесі Хамза! Ей, Алланың елшісін бүкіл жанымен қорғаған Хамза! Алла саған мейірімін төксін! Егер сенің артыңнан аза тұту керек болса, сенің өліміңнен кейін қуануды ұмытып, әрдайым жылар едім”[10]. Бұған дейін Алла Елшісінің мұншама мұңайғанын ешкім көрмеген.

Шейіттердің мырзасы Хамзаның (р.а) жаназасын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі шығарды. Ол Хамза қайтыс болғанда елу төрт жаста еді. Пайғамбарымыз өлтірілген әрбір шейітті Хамзаның қасына жатқызып, жаназасын бірге шығарды. Осылайша сол күні хазірет Хамзаның жаназасын жетпіс рет шығарды. Хамза Ұхұтта жерленді[11]. Арыстан жүрек Хамзаның (р.а) өлімі Пайғамбарымыздың жүрегіне сына қағып, сызат түсіріп кетті.

Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды

Ummet.kz


[1] Усдул-ғаба, 2: 52.

[2] Р. әл-Бәша, 1: 440-442.

[3] Табарани, мәжмауз-зәуәид, 6/81 ден Қандыхләуи, 2: 553.

[4] Бухари, Қандыхләуй, 2:254.

[5] М.Фатхуллаһ, ан-Нурул Халид Мухаммад мафхаратул- инсанияти, Бейрут, 1999, 1:199-201.

[6] Зумәр 53.

[7] ан-Нурул Халид, 1:196-199.

[8] Бухари, 5, 36-37.

[9] Ибн Исхақ, әл-бидая, 4/18.

[10] Табақат, 3, 13-14.

[11] Усдул-ғаба, 2, 51-55.

Бөлісу: