25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сағд ибн Әбу Уаққас (р. а)

Ислам жұлдыздары

“Міне, менің нағашы ағам – Сағд, осындай нағашыға ие кім бар екен”. (Хадис)

 

Жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың біреуі – Әбу Бәкір Сыддықтың себепкерлігімен мұсылман болған Сағд ибн Әбу Уаққас. Анасы жағынан Пайғамбарымызбен (с.а.с.) туыстығы бар. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): “Міне менің нағашы ағам – Сағд, осындай нағашысы болған кім бар екен” деген ілтипатына ие болған ол өмірінің соңына дейін қилы-қилы қиындықтарда Алла расулының жанынан табылды.

Хазірет Сағд Ислам ақиқаттарына жан-тәнімен сеніп, кез келген әмірлерін екі етпейтін, имандылықтың асыл үлгісі, қаһарман ер еді. Оның мұсылман болуы, намаз оқуы, Алла расулын жанынан да жақсы көруі анасының қарсылығын тудырды. Анасы ұлын бұл райынан қайтаруға бар күшін салды. Анасы ұлын алған бетінен қайтару үшін айлалы бір тәсілге көшіп:

– Алланың жақындар мен туыстарға қарасуды, әке-шешеге мейірімді болуды бұйыратынын айтқан сен емес пе едің? – деді.

– Иә, Алла Тағала бізге осыны әмір етеді, – деді Сағд.

Бұл жауапты естіген анасы кәдімгідей емексіп қалды. Үйдің бір бұрышында қасқайып тұрған пұттың қасына барып, оны айналып-толғанып сүйе бастады. Сол жансыз, мешеу пұттардың атымен ант етіп, ұлына:

– Сағд, сен Мұхаммедтің алып келген бұл дінінен бас тартпайынша, мен нәр татпаймын. Сонан соң сен өз анасын өлтіруге себепкер болған залым атанасың, – деп пұттың арқа жағына шығып, түйіле тұнжырап отырып алды. Айтқан сөзінде тұрып, бірнеше күн нәр татпады.

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) анасын қатты құрметтеп сыйлайтын. Оның осал жағынан ұстап, буынсыз жерге пышақ ұрған анасы ұлын осылайша Исламнан бас тартқызармын деп үміттенді. Алайда анасының бұл үміті ақталмады. Бірнеше күн өткеннен кейін ұлынан мынандай кесімді жауап алды:

– Уаллаи, анашым, егер жүз жаның болып, оларды жеке-жеке тәсілім етсең де, мен дінімнен бас тартпаймын. Қаласаң да, қаламасаң да осы.

Сағдтың райынан қайтпасына көзі жеткен мүшрік әйел аштық жариялауын тоқтатты.

Бұл оқиғадан соң туған анаң болса да, жұмыр басты пендеге бағынып, Аллаға қарсы келмеуге байланысты “Әнкәбут” сүресінің 8-ші аяты түсті:

«Біз адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық. Егер олар саған білмеген нәрселерді айтып, Маған серік қосуға тырысса, оларға (әке-шешеңе) бағынба. Түбінде маған ораласыңдар. Сол кезде сіздерге не істегендеріңізді түсіндіремін».

Сағдтың мұсылман болуын қаламаған анасы ғана емес еді. Сол тұста Мекке мүшріктері ат төбеліндей ғана мұсылмандарға зәбір көрсетіп, әр түрлі қиындықтарға душар ететін. Тіпті еркін намаз оқуларына да рұқсат етпейтін. Сондықтан да хазірет Сағд, Саид ибн Зәйд, Хаббаб ибн Әрәт және Аммар ибн Ясир төртеуі құлшылықтарын орындау үшін Әбу Лүб сайына барды. Дәреттерін алып, намаз оқи бастаған сәттерінде бір топ мүшрік оларды көріп қап, жандарына жетіп келеді. Мүшріктер оларды мазақ қылып, құлшылықтарының мағынасыз екенін айтып, шамдарына тие бастайды. Бұған төзе алмаған Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) қолына түскен бір түйенің сүйегімен жасқап, оларды қууға әрекет жасайды. Түйенің қолақпандай сүйегі бір мүшріктің басына қата тимей, бата тиіп, жазатайым шекесі жарылады. Басқа сахабалар да қарап қалмай мүшріктерге қарсы ұмтылады, олар жан сауғалап қашады. Осылайша Сағд ибн Әбу Уаққас Алла жолында қан төккен алғашқы сахаба болды.

Хазірет Сағд Алла жолында алғаш оқ атушы болумен қатар, жаужүрек батыр да. Алла жолында күресуге мейлінше ынталы болды. Ислам рухын асқақтатып, туын желбіретуге үлкен үлес қосты. Бәдір шайқасында мүшріктермен болған кескілескен ұрыста табандылық танытты. Әсіресе, Ұхұт шайқасында оның жауға кезеп атқан әр оғының зая кетпегенін байқаған Алла расулы Сағд ибн Әбу Уаққасқа қолындағы жебелерді беріп:

Әке-шешем саған құрбан болсын! Мыналарды да ат. Алла сенен разы болсын, – деп дұға етті. Алланың елшісі мұндай сөздерді бұрын-соңды ешкімге айтпаған еді.

Сол күні сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған:

Аллам, оның әр атқанын дөп тигіз. Дұғаларын да қабыл ет, – деп дұға еткен.

 Пайғамбарымыздың қасында болып бүкіл шайқастарға бастан-аяқ қатысқан Сағд ибн Әбу Уаққас қоштасу қажылығы үшін Меккеге барды. Ол жерде науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Расулулла оның халін сұрауға барғанда, ауыр хал үстінде жатқан Сағд (р.а.) :

– Расулулла! Көріп тұрғаныңыздай денсаулығым нашарлап барады. Менің көп байлығым бар. Бірақ қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Байлығымның бәрін садақа қылып бағыштасам бола ма? – деп рұқсат сұрайды.

Ардақты елші (с.а.с.) бұған рұқсат етпеді. Оның тек үштен бір бөлігін ғана бағыштауын құптап:

 – Үштен бірі де болады. Ол да аз емес. Алла жолында берген нәрсенің бәрінің сауабын аласың. Бала-шағаңа бергенің де – садақа. Әйеліңнің сенің дүние-мүлкіңнен олжа көргені де – садақа. Отбасыңның бүтіндігі мен жағдайын жақсы қылып артта қалдырғаның – оларды басқаларға мұқтаж, тіленші етіп қалдырғаннан әлдеқайда оңды, – деді Мейірім Пайғамбары.

Бұл әңгімеден кейін хазірет Сағд:

– Расулулла! Сіздер Мәдинаға оралсаңыздар мен бұл жерде қалай қаламын? – деді Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жырақ қалғысы келмей. Одан жырақ қалу – дүниенің қараңғылыққа көмілуімен бірдей еді. Пайғамбарымыз оның бұл сөзіне қатты толқыды. Оған еш уайымдамауды, келешекте оның себепкерлігімен көптеген қауымдардың Исламды қабылдайтындығын айтып сүйіншіледі және былай деп дұға жасады:

 – Ей, Раббым! Сағдқа шипа бер. Ей, Раббым! Сағдқа шипа бер. Ей, Раббым! Сахабаларымның Меккеден Мәдинаға оралуын тәмамда.

Шынында да хазірет Сағд мүшкіл науқасынан құлан-таза айығып кетті. Омар ибн Хаттабтың халифалығы кезінде қолбасшы етіп тағайындалды. Көптеген жеңістерге қол жеткізді. Бірқатар адамдардың мұсылмандықты қабылдауына мұрындық болды.

Сағд ибн Әбу Уаққастың аты аталғанда бүкіл хадис кітаптарында кездесетін мына оқиға ойға оралады:

Хазірет Сағд Алла расулын жанынан да жақсы көріп, оған кішкентай да зиян келуін қаламайтын. Хижреттің алғашқы күндерінің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) өміріне қаскүнем біреулердің қастандық жасауы бек мүмкін екенін ойлап көз іле алмады. “Қазір сахабаларымның ішінен ізгілерінің бірі келіп, бұл түні мені қорғап тұрса” деп Алла елшісі (с.а.с.) ойлап үлгіргенше, бес қаруын асынып, мұздай құрсанған хазірет Сағдты көрді. Ол:

Бұл жерге неге келдің? – дегенде, Сағд:

– Өз-өзімнен біртүрлі үрейленіп, сізге бір зиян келе ме деп уайымдадым. Сол себепті сізді қорғауға келдім, – деді. Бұған қуанған Пайғамбарымыз (с.а.с.) хазірет Сағдқа дұға етіп, сол түні қаперсіз көз шырымын алды.

 Пайғамбарымыз дүние салғанша Сағд ибн Әбу Уаққас оның жанынан еш қалмай, адал қызмет етті. Ол Алла расулының дүниеден өткеніне қатты қайғырғандардың бірі болды. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін халифа болып сайланатын адамдардың арасында аты аталғанмен, әдептен озбай халифалықтан бас тартты. Бұл жүгі атан жығатын жауапты орынға Әбу Бәкір Сыддықты лайық көріп, оған алғаш серт бергендердің қатарына қосылды.

 Әділеттің ізгі үлгісі Омар Фаруқ заманында ғұмырының ең белсенді кезеңін басынан кешірді. Сағд (р.а.) халифа Омардың (р.а.) әмірімен Иранға аттандырылатын әскерге қолбасшылыққа тағайындалды. Мықты қолбасшы Сағд ибн Әбу Уаққас Қадисия соғысында бірнеше айдың ішінде бүкіл Иран жерін бағындырды. Сол кездегі Иран астанасы Мәдәин қаласын алды. Иран шахының бай қазыналарын мұсылман мемлекетінің қазынасына қосты.

Хазірет Омар мұсылмандардың бұл жеңісіне қатты қуанды. Сағд ибн Әбу Уаққастың Иран шахының бүкіл байлықтарын кідіртпестен бірден Мәдинаға жөнелткеніне тіптен сүйсінді. Алайда Мәдәин қаласының табиғаты сахабаларға жайлы келмеді. Көптеген сахабалар науқасқа шалдықты. Сағд бұл жағдайды халифаға тез арада жеткізді. Халифа жайлы бір жер қарастырып, сол жерде қала салуын әмір етті. Хазірет Сағд әмірді алар-алмастан дереу жер қарастырып, қазіргі Куфа қаласының орнын ыңғайлы деп тапты. Халифадан оң жауап алған соң, Сағд Куфа қаласын тұрғызды. Оның бұл жетістіктерін жоғары бағалаған халифа Омар хазірет Сағдты Куфаға әкімдікке тағайындайды. Ол бұл міндетті үш жарым жыл бойы досын сүйіндіріп, қасын күйіндіріп үлкен абыроймен атқарды. Тәжірибелі қолбасшы Сағд ибн Әбу Уаққас аз уақыттың ішінде Куфа халқына өзін сыйлата білді.

Сағд (р.а.) негізінен Ұхұт шайқасында Пайғамбарымыздың ақ батасын алғандықтан, дұғалары қабыл етілген дуалы ауыз сахаба еді. Сондықтан да ел оның қарғысынан қорқатын. Сөйтсе де кейбір әлін білмейтін әлекшіл адамдар оның үстінен халифаға арызданды. “Намаз оқуды жөнді білмейді, әскерлерді бастап соғысқа шықпайды, мүлік таратқанда тең бөліп бермейді және үкім кескенде әділдікті ұстанбайды” т.б. жаптым жала, жақтым күйемен пәк жанды қаралап бақты. Хазірет Омар Сағдтың ақ-адал екенін айтқызбай-ақ білгенімен, жалақорлардың өрекпіген көңілдерін басу үшін оларға көз қылып тексеру жүргізді. Нәтижеде оның жала екендігі анықталды. Алайда бұл оқиға Жәннатпен сүйіншіленген саңлақ сахабаға өте ауыр тиді. Ақырғы деміне дейін адалдық пен туралықтан айнымаған сахабаның жанына айықпас жара салды. Ол қолдарын көкке жайып Аллаға былай деп дұға етті:

– Ей, Аллам! Егер маған жала жапқан құлың жалған айтқан болса, оның өмірін ұзарт, бірақ тақыр қыл және басқа да қиыншылықтарға ұшыратқайсың.

 Көп уақыт өтпей қарғысқа ұшыраған адам аянышты халге түсті. Екі көзі көрсоқыр болып, басына күн туды. Халық Сағд ибн Әбу Уаққастың кінәсіз екеніне көз жеткізді. Бұл оқиғадан кейін Мәдинаға оралған Сағд (р.а.) мәселе айқындалған соң Куфаға қайтадан жіберілу жайлы ұсынысқа, “намазыма арызданғандардың басшылығын қабыл етпеймін” деп жауап беріп, бұл міндеттен бас тартты.

Болған жайтқа қапаланғандардың бірі халифа Омар болды. Ол қайтыс болмастан бұрын халифалыққа тағайындалатындардың ішіне хазірет Сағдты да қосып, айналасындағыларға:

– Сағд халифа болып шешілер болса, әрине, бұл міндетке ол лайық. Мен оны Куфа әкімдігінен оның әлсіздігінен немесе опасыздығынан алып тастаған жоқпын, – деп хазірет Сағдтың кінәсіз екенін білдіріп қана қоймай, халифа болуға да лайық екенін айтып кеткен.

Хазірет Сағд Алланың тағдырына кіршіксіз сеніп, мойынсұнған, тағдырдың бүкіл жазғанына разышылық көрсететін тақуа да тәуекелшіл еді. Алланың бұйрығы сырт көзге жаман болып көрінгенімен, оның нәтижесі қайырлы болатындығын да жақсы білетін. Өмірінің соңында оның екі көзі көрсоқыр болып қалды. Оның жағдайын сұрап келгендердің бірі:

– Сен дұғасы қабыл етілетін адамсың. Өзің үшін дұға етіп көздерің ашылса болмай ма? – дегеніне:

– Дұға етсем қабыл боларын мен де білемін. Алайда, Алла Тағаланың маған жазғаны, көздерімнің көруінен де жақсы. Мейлі көздерім ашылса да, Алла расулы болмағаннан соң кімді көрейін. Оны көрмеген соң көздерімнің көргенін не қылайын, – деп жауап берген.

Сағд ибн Әбу Уаққас бойына жақсы қасиеттерді ұясына бал тасыған арадай жинай білген сахабалардың бірі еді. Шағым айтып шағыстырушылар мен шақпа тілділерді суқаны сүймейтін. Адамдардың ондай пендешілігін сол сәтте тыятын. Бір кездері жеңілмес қолбасшы Халид пен екеуінің арасында бір келіспеушілік туған болатын. Оның жағдайын сұрап келген адамның бірі даңқты Халидті жамандай бастағанда мазасы қашқан Сағд (р.а.) :

– Ол жайлы шектен шықпа. Ол екеуіміздегі келіспеушілік арамызды ажыратпайды және сенің айтқандарыңды да құптамаймын, – деп әрі мұсылмандар, әрі басқа да адамдар үшін үлгі боларлық өнеге жасады. Елді бір-біріне қарсы айдап салудың қоғамдық өмірде олардың ара-қатынасын нашарлатып, бүлік пен бөлінушілік туғызатын әрекет екендігін көрсетті.

Алла расулының көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың бірі болған Сағд (р.а.) хижраның елу бесінші жылында ақиқат дүниеге аттанды. Өзінің өсиеті бойынша, Бәдір шайқасында киген көйлегімен жерленді. Ол дүние салғанда күллі мұсылман қауымы қара жамылып қайғырды. Сағд ибн Әбу Уаққас хадистердің бізге дейін келіп жетуінде үлкен үлес қосып, 270 хадис риуаят етті.

(Материал «Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: