01
Жұма,
Қараша

һижри

Әбу Бәкрдің р.л.ғ. басқару кезеңі (һижри 11-13 ж.ж.)

Ислам жұлдыздары

Әбу Бәкрдің р.л.ғ. халифа болып сайлануы

Әбу Бәкрдің р.л.ғ. халифалық дәуірі, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) дүние салғаннан соң, һижри 11-ші жылы басталды.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) көз жұмғаннан соң мұсылмандар кеңеске жиналып, арадан біреуді халифа етіп тағайындауды ұйғарды. Сол сәтте халифалыққа бірнеше адам ұсынылды. Дегенмен, ақылдаса келіп мұсылмандар халифа етіп Әбу Бәкрді р.л.ғ. сайлады.

Мұсылмандар адалдыққа серттерін бергеннен соң, сөз басында Хақ Тағалаға мақтау айтқан Әбу Бәкр р.л.ғ. былай деді: «Уа, халайық! Ақиқатында, араларыңда басшылыққа ең лайықтысы болмасам да сендердің басшыларың етіп сайландым. Егер мен бір ізгілік етер болсам, маған көмектесіңдер. Ал, жаман іс істер болсам, мені тежеңдер.

Адалдық – аманат. Жалғандық – сатқындық. Араларыңдағы ең әлсіздерің, оның әлсіздігін кетірмейінше, менің жанымда қуатты. Алла Тағаланың қалауымен, одан тиесілі нәрсені өтемейінше араларыңдағы қуаттыларың менің жанымда дәрменсіз.

Адамдар Алла жолында күресуді доғарады екен, Хақ Тағала оларды кемсітіп қояды. Адамдар лайықсыз қылық істей бастайды екен, Алла Тағала бастарына бір бәле жібереді.

Мен Алла Тағалаға және Оның елшісіне (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бойсұнған нәрседе сендер де маған бойсұныңдар. Ал, мен Хақ Тағалаға әрі Оның елшісіне (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) қарсы келеді екем, онда маған бойсұнбауға құқылысыңдар».

Мұсылмандардың халифа Әбу Бәкрге р.л.ғ. серт беруінің тарихи мәнісі: Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) о дүниелі боғаннан соң, бұл – муһажир және ансарлардың басына түскен ең бірінші ауыр сынақ еді. Дегенмен, мұсылмандар шариғаттың «шура», яғни кеңесу қағидасына сүйене отырып, сынақтан абыроймен өте білді.

Абдуссамад МАХАТ, 

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Бөлісу: