24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Атақты футболшы Рибери қалай мұсылман болды?

Атақты футболшы Рибери қалай мұсылман болды?

Ислам жұлдыздары

Атақты футболшы Франк Рибери Булонь-сюр-Мер қаласында 1983 жылдың 7 сәуірінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ол бүгінгі таңда Франция құрамасының ойыншысы әрі мюнхендік «Бавария» клубының жартылай қорғаушысы. Франктың футбол әлемінде жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2012 жылғы Чемпиондар Лигасының күміс жүлдегері, 2013 жылғы Чемпиондар Лигасының жеңімпазы. Ал 2012-2013 жылғы футбол маусымында Еуропаның ең үздік футболшысы ретінде танылды.

Франк Рибери футбол әлемінің үлкен алаңына жарқ етіп шыға келгенде, көрермен қауым оның оң жақ бетіндегі қос тыртығына ерекше назар аударды. Батыс басылымдары футболшының бетіндегі бұл тыртық туралы «Риберидің ержүрек тұлғасына көрік қосып тұр» деп жарыса жазды. Ал негізінде, бұл жарақат футболшының екі жарым жасында ата-анасымен бірге ұшыраған көлік апатынан пайда болған болатын. Сол жолы бала Франктың бетін шыны тіліп кетіп, ол белгі оның бетінде мәңгілікке қалып қойды. Кейін ақшасы болып, мүмкіндігі жете тұра Рибери пластикалық ота жасауға еш келіспейді. «Ес білгенімнен бар бұл тыртығым үшін ұялған емеспін. Әрине, мұның болмағаны жақсы еді. Бірақ бар екен, оны алып тастамаймын. Керісінше, бұл тыртық мені күшті болуға үндейді», - дейді ойыншы бір сұхбатында. Ал жанкүйерлері болса, Рибери алаңға ойынға шыққанда беттеріне тыртықтың суретін салып, сүйікті футболшыларына қолдау білдіреді

Франк Риберидің Исламға келуін негізінен тегі алжирлік әйелі Уахибаның есімімен байланыстырады. Бірақ футболшының өзі бір сұхбатында: «Менің әке-шешем мұсылман емес. Исламды қабылдау туралы шешімді 15 жасымда өзім қабылдадым. Өйткені мен өскен ауданда көптеген мұсылмандар тұратын», - дейді. Франктың бұл сөзіне қарап, оның мұсылман болу ойы сонау бала кезінде басталған деуге толық негіз бар, тек ол ойдың жүзеге асуы болашақ жұбайы Уахибамен таныстықтан кейін басталған. Қараторы, ибалы Уахибаға ессіз ғашық болған Франк оған үйленгісі келетінін білдіреді. Бірақ қыздың ата-анасы Ислам негіздерін толық ұстанатындығы себепті қыздарын католикке бергісі келмейді. Онсыз да Ислам діні төңірегінде ұзақ толғаныста жүрген Рибери еш ойланбастан Уахибаның әкесінің куәлігімен Ислам дінін қабылдайды. Бұл 2002 жыл болатын. Рибери өзінің Франк есімін өзгертіп, Ислам дінінің алғашқы азаншысы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті сахабасы Біләлдің есімін алады. Өзі бір сұхбатында ол туралы: «Мен мұсылманмын. Ислам дінін қабылдау арқылы өзімнің ақыл-ой жағынан да, физикалық тұрғыдан да мықты бола бастағанымды түсіндім. Құранды оқып, одан барлық сұрақтарыма жауап таптым. Мұсылман болу арқылы жан дүнием, жүрегім тыныштыққа кенелді. Пайғамбарымыздың бір хадисінен барлық адамның мұсылман болып өмірге келетінін, оны тек өскен ортасы немесе ата-анасы христиан не иудей жасайтыны туралы оқыдым. Яғни мен де алғашында мұсылман болып туып, кейін уақыт өте сол ұмытылып кеткен дініме қайта оралдым. Шыны керек, мен әлемдегі ең керемет әйел ­– Уахибаны кездестірмегенде Ислам дінін қабылдауым екіталай еді. Сондықтан әйелімді бақытты ету үшін бәріне дайынмын», - дейді. Бұл күнде Біләл мен Уахиба Ислам дінінің негіздерін орындауға тырысып, маңайындағыларға үлгі болып отырған тамаша отбасы. Екеуі Хайзия, Шахинез атты екі қыз, Сейфул-Ислам атты бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: