24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жұма күнін демалыс жасап, құрбан айтты мерекеге айналдырған дипломат

Жұма күнін демалыс жасап, құрбан айтты мерекеге айналдырған дипломат

Ислам жұлдыздары

Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Түркістан өңіріндегі Қандоз ауылында дүниеге келген. Бірақ оның туған жеріне қатысты таласты әңгіме әлі күнге дейін бар. Біреулер оны Қоқанда туған десе, кей ғалымдар қазақ жерінде дүниеге келгенін айтады. Саналы ғұмыры Қоқанда өткен Нәзірдің ұлтын өзбектер “өзбек” деп те жүр.

Ал Нәзірдің өзі замандасы Шәріп Байшораға: “Мен де өзбек емеспін, ұлтым – қазақ. Түркістан шаһарының іргесінде дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын”, - деп айтқан көрінеді. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов те: “Нәзір – өзбек, тәжік тіліндегі тұңғыш оқулықтардың авторы. Нәзір жөнінде алғашқы мақала ол ақталысымен өзбек тілінде “Шарқ” журналында жарияланды. Бірақ онда Нәзірді өзбек ұлтынан деп көрсетті: “Нәзір Төреқұлов – өзбек халқының ұлы перзенті” деген тақырыппен берілді. Мен Нәзір Төреғұлұлы туралы Ташкент архив деректерінен өзі жазған құжаттарда ұлтын қазақ деп көрсеткенін білуші едім. Ол сауатты, көзі ашық қазақ семьясында заманына лайықты тәлім-тәрбие алды, 1905 жылы Қоқандағы сауда-саттық училищесіне оқуға түсті. Нәзірдің әкесі ескіше, орысша сауаты бар, көбінше заң ісімен айналысқан, заманында көп нәрседен хабары бар білімдар кісі болған, сондықтан баласының орысша білім алуына айырықша көңіл бөлген. Нәзір училищені 1913 жылы бітіріп, Мәскеу институтына түседі. Москвада оқып жүрген Нәзір орыс мәдениетін терең үйренумен бірге неміс, француз, түрік, араб, парсы тілдерін жете меңгеріп алды”, – деп жазды. Осы жолдардан-ақ Нәзір Төреқұлов тәрбиеленген отбасының да көзі ашық, көкірегі ояу болғанын байқаймыз. Заңгер болды, қызмет бабымен көшіп- қонып жүрді делінетін әкесі Төреғұлдың діни білімі терең болса керек. Оны Нәзір өмірін зерттеп жүрген Елеусіз Құлымбетовтің: “Төреғұлдың үміт күткен тұңғышы осы Нәзір болады. Бұдан кейінгі екінші ұлы Әбділқадыр және Фатима атты қызы. Нәзірді жете білетін көзкөрген кісілердің айтуына қарағанда ол сегіз тілді білген. Шешесі тәжік қызы болғандықтан парсы тілі Нәзірдің екінші ана тілі санатында еді”, – деп келтірген дерегіндегі балаларына қойған есімдерден де көреміз.

Жастайынан білімге құмартқан Нәзір 1916 жылғы 25 шілдедегі патша жарлығынан кейін оқудан қол үзіп, майдан тылындағы жұмысқа аттанады. Онда да тыныш жүрмей тылда жүрген түркістандық жерлестерінің басын біріктіріп “Еркін дала” ұйымын құрады. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Қоқанға қайтып келіп, 1918 жылы большевиктер қатарына өтеді. Онда “Халық газетін” ұйымдастырып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласып кетеді. Міне, осыдан былай қарайғы 20 жылында Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп қазақтың, діннің мүддесін талай қорғады. Оған ҚРҰҒА академигі Рахманқұл Бердібайдың мына жазғандары дәлел: “Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселелеріне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген мақалалары мен баяндамаларында қадай айтып, ұғындырып отырады. “Ислам және коммунизм” деген мақаласында (“Қызыл байрақ”, 16.12.1921) Нәзір исламның пайда болу тарихын айта келіп, оның көптеген ұлттар мен ұлыстарды бірлестірудегі пайдалы қызметін көрсетеді, адамның ождан, наным-сенім бостандығына шек қойылмайтынын мәлімдейді”.

Нәзір Төреқұловтың тағы бір таңғаларлық әрекеті Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеген жылдарында дін мәселесінде үлкен мемлекеттік қайраткерлер ғана бара алатын қадамдар жасағандығы шығар. Рахманқұл Бердібайша айтсақ, оның барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы үкімет қаулысына (7.12.1921) қол қоюы одан кейінгі ондаған жылдарда Орта Азия халықтарынан шыққан бірде-бір биік лауазымдының түсіне де кірмеген шара. Сонымен қатар, жиырмасыншы жылдардың бас кезінде-ақ мұсылмандардың кәделі мейрамы – Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жарлық шығарған да Нәзір болатын. “Бұл да оның “нұсқаудан” қия баспайтын кейінгі дәуірдегі толып жатқан қуыршақ басшылардан көш ілгері тұрғанын сипаттайды”.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: