26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ата-анасы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әкесі – Абдуллаһ. Анасы – Амина. Екеуінің де тегі Киләб ибн Муррадан тарайды. Ал Киләб ибн Мурра Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ата-бабаларының бірі.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әкесі Абдуллаһ – Абдул-Мутталибтің ең кенже баласы. Кезінде Абдул-Мутталиб: «Егер Жаратушы маған он ұл бала берсе, мен соның бірін Аллаһ жолында құрбан етемін»,-деп серт еткен болатын. Расында да, Аллаһ Тағала Абдул-Мутталибтің он ұл баласы болуын нәсіп етті. Ұлдары ержеткеннен кейін, сертті орындай уақыты келді. Серт талабына сай Абдул-Мутталиб ең сүйікті кенже баласын, яғни Абдуллаһты құрбан етуі тиіс еді. Адамдар, абызбен ақылдасып, Абдул-Мутталибке ұлының орнына жүз түйені құрбан етуді ұсынды. Нәтижеде Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әкесі Абдуллаһ құрбандық болудан құтқарылды.

Осы жерде Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) лақаб есімінің бірі «Ибн Аз-Забихайн» болғанын айтып кеткен жөн. Ибн Аз-Забихайн – екі құрбандықтың ұрпағы. Мұның мәнісі: Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бабаларының ішінде алдымен Исмаил пайғамбар (ғаләйһис-саләм), кейін Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әкесі Абдуллаһ құрбандыққа аталған болатын.

Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзі бұл мәселеге қатысты: «Мен – екі құрбандықтың ұрпағымын»,-деп айтатын. («Кәшфуль-Хафа», 606)

 

ummet.kz

Бөлісу: