26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

1. Оразаның түрлері

Ораза

Төрт мазһаб ғалымдары оразаның түрлеріне қатысты түрлі пікір айтқан. Мәселен, шафиғи, малики және ханбали мазһабы-ның ғалымдары ораза төрт түрге бөлінетіні жайында айтса,[1] ханафи мазһабының ғалымдары оразаның түрін белгілі бір санмен шектемеген.[2] Әр мазһаб ғалымдарының пікірі және дәлелімен таныстыру ұзақ әрі күрделі әңгіме. Осы себептен бұл еңбекте төл мазһабымыз – Имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ъаләйһи) мазһабының үкімдерімен шектелсек жеткілікті деп ойлаймыз. Әрі оқырман тақырыпты жеңіл ұғыну мақсатында тек оразаның негізгі түрлерімен таныстыруды жөн көрдік. Ол: парыз, уәжіп, сүннәт, мәндуб және мәкрүһ оразалары.[3]

 1. Парыз ораза

Парыз ораза екі түрге бөлінеді. Ол: уақыты[4] нақты белгі-ленген және уақыты нақты белгіленбеген ораза.[5]

Уақыты нақты белгіленген оразаға мәселен, Рамазан айының оразасы, ұсталуы белгілі бір уақытта ниет етілген нәзір[6] ораза жатады.[7] Бұл мәселеде мазһабтар имамдарының арасында ихтиләф[8] жоқ.[9]

Уақыты нақты белгіленбеген ораза іштей үш түрге бөлі-неді:[10]

1. Рамазанның қазасы;[11]

2. Мутлақ нәзір[12] оразасы;[13]

3. Кәффарат[14] оразасы.

 

2. Уәжіп ораза

Уәжіп оразаға:

1. Бір себептермен бұзылған нәфіл[15] оразаның қазасы;[16]

2. Ұстала бастаған нәфіл оразасы;[17]

3. Нәзір етілген иътикәфтың[18] оразасы.[19]

Парыз ораза екі түрге бөлінеді. Ол: уақыты[20] нақты белгіленген және уақыты нақты белгіленбеген ораза.[21]

 

3. Сүннәт ораза

Сүннәт оразаға Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Өткен жылдың күнәларын жуып-шаяды»,-дегеніне сай,[22] Мухаррам айының оразасы жатады.[23]

 

4. Мустахаб ораза

«Мустахаб» сөзі «шариғат орындалуын дұрыс көрген амал» деген мағынаны білдіреді.[24] Сонымен қатар, әдетте, орындалса – сауап, орындалмаған жағдайда күнә болмаған амалды да «мус-тахаб» деп айтады.[25]

Ораза мәселесіне келер болсақ, оразаның мустахаб түріне мысалы, ай сайын ай толғанда, яғни ай санағымен 13, 14 және 15-ші күндерінде ұсталатын ораза жатады.[26] Бұған қатысты Имам Әбу Дауд риуаят еткен хадисте Қатада (родиял-лаһу ъанһу): «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бiзге әр айдың ақ күндерiнде,[27] яғни 13, 14 және 15-сінде ораза ұстауды бұйыратын»,-деген.[28]

 

5. Мәкрүһ ораза

«Мәкрүһ» сөзінің түп негізгі мағынасы: жек көрінішті. Шариғат саласында «мәкрүһ» сөзі «шариғат орындалуын дұрыс көрмеген амал» деген мағынаны білдіреді. Ораза мәселесіне келер болсақ, мәкрүһ оразаның екі түрі болады. Ол: «мәкрүһ тахрим»[29] және «мәкрүһ тәнзиһ»[30] оразалары.[31]

Тәнзиһ және тахрим оразаларының анықтамасына келер болсақ, мәкрүһ тәнзиһ оразаға мысалы, жылбойы үздіксіз ұсталатын ораза жатады.[32] Мәкрүһ тахрим оразасы мәселесіне келер болсақ, оған мысалы, екі айт күні ұсталған ораза жатады.[33]

 Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы



[1]ол: парыз, сүннәт, тыйым салынған және мәкрүһ оразалары. «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»

[2]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»

[3]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[4]шариғатта.

[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[6] «нәзір» сөзі «бір істі істеуді ниет ету, міндеттену» деген мағынаны білдіреді. Әсіресе еліміздің оңтүстігінде «нәзір (яғни, құдайы) жасау» ұғымы кеңінен тараған. Бұл ұғым дәл осы «нәзір» сөзінен туындаған.

[7]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[8]келіспеушілік.

[9]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа». Дегенмен ханафи мазһабының ғалымдарының ішінде нәзір оразасын уәжіпке жатқызғандары болған. («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»)

[10]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[11]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[12] «мутлақ» - сөзсіз, сөз жоқ, абсолютты деген мағынаны білдіреді. «Мутлақ нәзірге» мысал ретінде біреудің: «Мен Хақ Тағаланың разылығы үшін екі рәкәғат намаз оқуым керек»,-деген ниетін келтірсе болады. Осындағы «оқуым керек» деген сөз ниетті абсолютты, яғни «мутлақ нәзірге» айналдырып тұр. Бұл жағдайда осы екі рәкәғат намазын реті келгенде оқылуы міндетті. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[13]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[14] яғни, өтем.

[15] шариғат саласында «нәфіл» сөзі «парыздан тыс, парызға қосымша» деген мағынаны білдіреді. Мәселен, таң намазының екі рәкәғат сүннәті нәфіл, яғни парызға қосымша намазға жатады. Ораза мәселесіне келер болсақ, Рамазаннан тыс уақытта ұсталған ораза нәфілге жатады. Мысалы, дүйсенбі және бейсенбі күні ұсталатын ораза.

[16]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[18] иътикәф – ғибадат ниетімен мешітте болу.

[19]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[20]шариғатта.

[21]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[22]«Сахиху Муслим».

[23]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[24] шариғатта «мустахаб» амалын «мәндуб» деп те айтады. («Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»)

[25]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[26]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[27]яғни, ай толған.

[28]«Сунәну Әби Дауд».

[29]яғни, харамға жақын. «Тахрим» сөзі «тыйым салынған» деген мағынаны білдіреді. Шариғатта «тахрим» деп харамға жақын амалды айтады. Мысалы, үтір уәжіп намазын оқымау. Мәкрүһ тахримнің үкімі: оны істеуші харамды істегендей болып, жазаға лайық болады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[30]яғни, жеңіл мәкрүһ. «Тәнзиһ» сөзінің өзі «жеңіл» деген мағынаны білідреді. Шариғатта «мәкрүһ тәнзиһке» дәрежесі мәкрүһ тахримнен біршама төмен болғанымен, істеуден сақтануға тиісті амал жатады. Себебі, мәкрүһ тәнзиһ амалдың сауабын кемітіп, дәрежесін түсіреді. Мысалы, дәретте ауызды сүннәтқа сай үш рет емес, екі рет шаю. Мәкрүһ тәнзиһтің үкімі: оны істеуден сақтанған сауапқа ие болады. Мәкрүһ тәнзиһ амалын істеген адам жазалы болмаса да, алайда жазғыруға лайық. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[31]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

[32]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[33]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа», «Мурақил-Фалләх» шарху «Нурил-Идах».

Бөлісу: