26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан – Құран айы

Ораза

Аллаһ Тағала «Бақара» сүресiнiң 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретiнде Құран түсiрiлген ай»,-деген.

Бұл аят мұсылман өмiрiндегi екi маңызды мәселеге нұсқайды. Бiрiншiсi: Рамазан айы – Пайғамбарымыз Мухаммадқа (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) уахи[1] келе бастаған ай және Құранның көп бөлiгi Рамазан айларында түсiрiлген.

Екiншiсi: Рамазан айы басталуымен әрбiр балиғат жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз.

Ораза – адам баласының Жаратушысы Аллаһ Тағаланың оған берген сансыз нығметi мен жақсылықтары үшiн жасалған шүкiршiлiгi болып табылады.

Рамазан айында уахидың түсе бастауының ескерiлуi Құран-ның ұлылығын, Рамазан айының қасиеттiлiгiн, Жаратушының талаптарына бойұсынып, Оған құлшылық етудiң маңыздылығын жете түсiнуге үндейдi.

Әр жылдың Рамазан айында Жәбрәил ғ.с. Пайғамбарымыз Мухаммадтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Қасиеттi Құран-ды дұрыс, рет-ретiмен жаттауын тексеретiн. Рамазан айы осымен де ерекше.

Сонымен қатар, жоғарыдағы аят, Қасиеттi Құран – адамдарға тура жолды нұсқаушы, жүрекке нұр берушi және иманды нығаютудың бiрден бiр құралы екенiн көрсетуде. Жалпы Құранда айтылғанды ұғыну, амалдардың онда айтылған талаптарға сай болуы, адам баласының жаратылу мақсатына, адам денесiнiң табиғи сұраныстары мен жан талаптарына қарсы келмейдi.

Рамазан айында барлық мұсылманға ораза парыз болуының мәнiсi – мұсылмандардың бойында ынтымақ сезiмiн тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын бiрiктiру, мансап және ұлтқа бөлiнбес-тен бiр уақытта бiр құлшылықты орындау. Бұл өз кезегiнде мұсылмандардың арасындағы өз-ара бiрлiк пен түсiнушiлiктiң нығая түсуінiң кепiлi.

Мұсылман үмметiнiң қасиеттi Рамазан айында бiрауыздан күнәларының кешiрiлуiне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғаннан тыйылу, жақсылық iстеуге тырысу Хақ Тағаланың жарылқауына қол жеткiзудiң бiрден бiр себебi. Рамазан айы – имандылық пен Аллаһ Тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсiреп, шынайы адал ниет пен адамгершiлiк қасиеттерi жандана түседi. Себебі: «Рамазан айы келiсiмен аспанның[2] есiктерi ашылып,[3] тозақ есiктерi жабылады. Әрі шайтандарға кiсен салынады».[4]

Рамазан – адалдық пен ықылас айы. Өйткенi, шын жүрегiнен иман келтiрген адам оразасын Жаратушысына арнайды. Адамның иман келтiрудегi адалдылығы нәпсiқұмарлық пен бос әуестенушiлiк кеселiне ем болса, амалдағы адалдық екiжүздiлiктi жояды. Сондықтан да Жаратқан Ие айтады:

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін».[5]

Әбу Умама (родиял-лаһу ъанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Я, Расулуллаһ с.ғ.с.! Хақ Тағаланың назарында мен үшін пайдалы iстi айтсаңыз»,-деп өтiнгенде, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза ұста. Өйткенi онымен тең келер іс жоқ»,-деп жауап берген.[6]

Демек, сауаптылықта, адам баласы өзiн рухани тұрғыдан тазартуда, Жаратушысына жақындауда, денсаулықты сауықтыру мен нәпсiнi жеңуде оразадан артық нәрсе жоқ!

Құран «адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы… ретiнде түсiрiлген» сөзi,[7] ораза ұстаумен жүрек Аллаһ Тағаланың жалғыз және Қасиеттi Құран Жаратушының ақиқат сөзi екенiне болған нық сенiммен нұрланатынын көрсетуде. Өйткенi, Құранда айтылғанды ұғыну арқылы адам баласы дүниенiң жаратылу мәнiсiне көз жеткiзедi, ал бұл өз кезегiнде пенденiң Жаратушысының талаптарына мойынсұнуын жеңiлдетедi. Осының негiзiнде адамдар арасында мейiрiмдiлiк пен өз-ара сүйiспеншiлiк сезiмдерi туындайды. Аллаһ Тағаланың пендесiне назар аударып, оны Өз сүйiспеншiлiгiне бөлеудiң бастапқы себебi осы. Өйткенi, Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бiр сөзiнде: «Аллаһ Тағала өзгелерге рақымды пенделерiн Өз рахметiне бөлейдi»,-десе,[8] екiншi бiр сөзiнде: «Ар-Рохман[9] өзгелерге рақымдылық еткен пенделердi рахметiне бөлейдi. Жер бетіндегілерді рақымдылық етсеңдер, көктегі Аллаһ Тағала да сендердi қамқорлығына алады”,-деген.[10]

Ораза ұстайтын адамның өзiмшiлдiк «Мен!» сезiмiн жеңiп, бар ниетi мен күш-жiгерiн адам болып жаратылудың ең басты міндеті, яғни Жаратушысына құлшылық ету мақсатына бағытта-са, жаны мен тәнiн тазартса және ел-жұртпен бiрге ауыз бекiтсе, көпшiлiкке қосылып бiр уақытта сәждеге бас қойса – күнәлары кешiрiлiп, Жаратушы Иесiнiң жарылқауына қол жеткiзгенi.

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Адам баласының барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі. Аллаһ Тағала айтады: «Оразадан тыс. Өйткені ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі, ораза кезінде пенде Мен үшін шәһуеті[11] мен асынан тыйылады».[12]

Оразаның мақсаты – адам баласын рухани тұрғыдан жетiл-дiру. Рухани тұрғыдан жетiлдiру дегенiмiз – адам баласының бойында кiшiпейiлдiлік, сабырлылық пен адалдық қасиет-терiн тәрбиелеуi.

Мұсылман бар құлшылығын жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшiн орындайды. Ал құлшылығын жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшiн орындау дегенiмiз – жаны мен тәнiн, бүкiл өмiрi мен тiршiлiгiн Аллаһ Тағалаға арнау. Осы жағдайда ғана адам баласы Жаратушысының кәмiл разылығы мен қамқорлығына лайық бола алады.

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза – тозақ отынан қалқан»,-деген.[13] Расында да, өзiн кемшiлiктерден тазартқан және лағынетi шайтанның азғыруына ермеген, ниетiн дұрыстап, жаман сөз айту мен сұрқия iстердi iстеуден сақтанған адам қалайша тозаққа барады. Сондықтан да Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) адал ниет және сөз бен iстiң дұрыстығына назар аударып:«Ораза ұстағандар мен түнде құлшылық ететіндердің ішінде оразасы бар болғаны аш жүру,[14] ал түнгі құлшылығы сайып келгенде түнді көз ілмей өткізу болғандары бар»,-деген.[15]

Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бұл хадисi ораза ұстайтын кiсiнiң бейпiл сөзден тыйылуын және ниетi мен iсiн шариғат талаптарына сәйкестендiруiн талап етуде. Өйткенi, ораза ұстаған адам – таң атқаннан кешке дейiн тек тамақ iшуден ғана емес, бәлкiм бейпiл сөз бен жағымсыз iстен тыйылуы тиiс.

Шын ораза ұстайтын адам тiлiн өсек-аяң мен жаладан, қолын харамды ұстаудан және бiреуге зиян тигiзуден, аяғын бұзықтыққа барудан сақтайды. Бiреу оны балағаттап, онымен жанжалдасса, ол Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқанына сай әрекет етедi. Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Сендерден ораза ұстаған адам жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжал-дасса, ол: «Мен оразамын»,-десін».[16]

Бұл хадис оразаның маңыздылығына нұсқайды. Өйткенi, оразаның мәнiсi – сөз және iсiнде жағымсыз және айыпты нәрселерден тыйылу. Ал оразаның уақытында шын ықыласпен айыпты iс пен жағымсыз сөзден тыйылу – қасиеттi Рамазан айының рухы болып табылады.

Ораза - дене, әдеп және жан тазалығы. Мұндағы:

1. Дене тазалығы – тәулiктiң күндiзгi мезгiлiнде тамақтану-дан және ерлі-зайыптылар жыныстың қатынастан тыйылу;

2. Әдеп тазалығы – дене мүшелерiмен күнә iстеуден сақтану;

3. Жан тазалығы – жаман ой-ниеттен сақтану.

Өзiне осы үш мәселенi қамтыған ораза, шариғат талапта-рына сай ұсталған ораза болып есептеледi.

Кейбiр адамдардың пiкiрiнше ораза дененi әлсiретiп, еңбек өнiмдiлiгiн төмендетедi. Ақиқатына келсек, Исламға бұлайша кiнә арту жөнсiз. Себебi, ораза жанның тазаруы мен рухтың жоғарылауына мүмкiндiк тудырады. Ал мұның өзi адам баласына ораза ұстамағанмен салыстырғанда өнiмдi, әрi сапалы еңбек ететiндей рухани қуат дарытады. Бұл рухани қуат – санасуды қажет ететiн өте үлкен күш.

Сонымен қатар, ораза бар болғаны ескiлiктiң дәстүрi, ол қазiргi заманның талаптарына сәйкес келмейдi, оған қоса ораза түрлi кеселдердiң пайда болуына немесе кеселдердiң асқынуына алып келедi деген де пiкiр бар. Алайда, қазiргi күннiң медицина-сы бұл пiкiрдiң орынсыз екенiн дәлелдеуде.

Оразаның денсаулық, сондай-ақ рухани, қоғам және тәрбие салалары үшiн тигiзер пайдасы мол екенi дәлелденген. Өйткенi, ораза әр жылдағы қателiктердi жөндеп, әлеуметтiк дерттердiң бетiн қайтару мақсатында жекелiк және қоғамдық деңгейде ойлану, қайта сараптау, қорытындылау мен өзара сынға жол ашады, қоғамның жылдам, дұрыс және саналы түрде дамуына қолайлы жағдай туғызады.

Ораза тек рухани тәрбие емес. Оразаның адам ағзаларына қажеттiлiгiн ғылым дәлелдеуде.

Отыз күн оразада адам бойындағы жiңiшке қан тамырлары (каппилярлары) жыл бойы жиналған шлактардан (қалдықтардан) тазарады. Бұл өз кезегiнде қан айналымының қалпына келуiне ықпал етедi. Осының арқасында ми мен орталық нерв жүйесi қажеттi мөлшерде кислородпен қамтамасыз етiледi. Нәтижеде адамның ойлау қабiлетi арта түседi.

Оразаның адам организмiне оң ықпалының мысалы ретiнде, бүкiл әлемге әйгiлi боксшi Мухаммад Алидiң ораза ұстау арқылы орталық нерв жүйесiнiң бұзылуы науқасынан айығып кетуiн келтiрсе болады.

Қазiргi ақыл мен сананың дамыған кезеңінде адам бойындағы қуаттың 40-50 % орта мөлшерде қабылданған асты қорыту үшiн жұмсалатыны анықталған. Ал орта мөлшерден артық қабылданған асты қорыту үшiн адам бойындағы қуаттың 60-70 % жұмсалады.

Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, Еуропа мен Америкада семiздік науқасына ұшыраған адамдардың саны жылдан жылға ұлғаюда. Түрлi дәрi-дәрмек пен әдiстердi қолдану-дың да нәтижелерi айтарлықтай емес. Олардың пайдасы уақытша ғана. Өйткенi, дәрi-дәрмектi қабылдууды тоқтатқаннан бастап-ақ семiру науқасы бұрынғыдан гөрi ұлғая түспесе, бәсеңдемейдi. Әрi дәрi-дәрмектердiң адамға тигiзер зиянды жанама әсерiн де ұмытпаған жөн.

Хақ Тағала айтады: «Сөз жоқ, Бiз адамды ең әдемдi бейнеде жараттық».[17]

Жаратылғандардың ең жоғары сатысын иеленген адам дүниеге пәк және кемел бейнеде келедi. Алайда, адам бойындағы нәпсiқұмарлық оны күнәға итермелеп, жаратылу мақсатына қарсы әрекет етедi. Бұл айтылғанға тамақтану әдебiн жатқызсақ та болады. Өйткенi, көп жағдайда бiз “тойып жеу” тән құмарлығына ерiп кетемiз.

Жылсайын ұсталатын ораза осы тәрiздi тән құмарлығына қарсы күрес болып табылады. Өйткенi, бiр ай бойы тәулiктiң күндiзгi бөлiгiнде тамақтан тыйылудың нәтижесiнде асқазанның көлемi кiшiрейедi. Оразаның үшiншi немесе төртiншi күнiнде ауыз бекiткен адамның аз көлемде тамақ жей бастауы осының салдарынан. Ал бұл өз кезегiнде қажеттен тыс тамақ жеуден тыяды.

Сөз соңында айтатын нәрсе, ораза тек азаннан кешке дейiн аш жүру емес, бәлкiм ол Аллаһ Тағаладан берiлген тән мен жанның, яғни аманаттың жауапкершiлiгiн сезiну, адам өзiн сабырлылыққа тәрбиелеу, айыпты және жаман iстерден тыйылу. Бұл айтылғанға қатысты хадис шарифте: “Ораза ұстаушының әрекетiн жоққа шығаратын бес нәрсе бар. Ол: өтiрiк айту, жала жабу, өсек сөз, жалған уәде және құмарлық”, - делiнген.

Ораза уақытындағы тәртiп пен қаталдық адам баласын өмiр қиындықтарымен беттестiрiп, оның бойында тән және жан талаптарын қадағалау қасиетiн тәрбиелейдi. Осы арқылы адам Жаратушысының талаптарына бойұсынады. Демек, адам баласы ораза арқылы өзiн рухани тұрғыдан тәрбиелеп, адамгершiлiк негiзде жетiлдiре түседi.

Оразаның қауымға деген оң ықпалы мол. Өйткенi, ораза уақытында бүкiл мұсылман әлемi ауыз бекiтедi, әрi олардың арасы бай мен кедей, басшы мен қызметшi болып жiктелмейдi. Сондықтан да қасиеттi Рамазан айы – теңдiк пен бiрлiк айы болып есептеледi. Қауым мүшелерiнiң арасында өзара сүйiспеншiлiк пен бауырластық, мейiрiмдiлiк пен тұтастық сезiмдерiн пайда ететiн оразадан басқа жол барма?

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

 



[1] уахи – хабар. Аллаһ Тағала пайғамбарлармен уахи, періште, илһам (көңілге салу) арқылы сөйлеседі.

[2] жәннаттың.

[3]хадистiң бiрiнде «мейiрiмдiлiктiң есiктерi» делiнген.

[4]«Сахихүл-Бухари».

[5]«Сахиху Муслим».

[6]«Сунәнун-Насаи».

[7]«Бақара» сүресі, 185 аят.

[8]«Әл-Жәмиъус-Сағир».

[9] «Ар-Рохман» - Хақ Тағаланың «қамқорлық Етуші» сипаты.

[10]«Муснадүл-Имами Ахмад».

[11] яғни, нәпсі қалауынан. Мысалы тәуліктің күндізгі бөлігінде зайыбымен жақындасудан.

[12]«Сахиху Муслим».

[13] «Муснадүл-Имами Ахмад». яғни, осы өмірде күнәдан қайтарады немесе Ақыретте тозақ отынан сақтайды. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[14]«Сунәну Ибн Мажәһ».Яғни, оразасын Аллаһ Тағала қабыл етпеген, әрі оразасы үшін сауап алмаған. («Сунәну Ибн Мажәһ») Имам Ғазали: «Бұған қатысты: «Ол харам нәрсемен немесе өзгелерді ғайбаттау себебінен адам етін жеумен ауыз ашқан не болмаса дене мүшелерін күнәдан сақтамаған»,-деп айтылған»,-деген. Сонымен қатар, мұның мағынасы: оразаның шарттарын орындамау себебінен оған сауап берілмейді. Ал оразаның шарттарына ықылас пен Хақ Тағаланың әміріне бойсұну жатады. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[15] бұл хадисте күні бойы ауыз бекітіп, кешке харам жолмен тапқанымен ауыз ашқан адамның жағдайы баян етілуде. Ораза ұстап қанша сауап тапқанымен, алайда харамды азық етудің күнәсі одан артып кететін қанша ма жан бар. Осының себебінен оған күні бойы аш жүргеннен басқа ештеңе нәсіп болмауы табиғи нәрсе. Түнімен көз ілмей құлшылық ету жайында да осыны айтса болады. Біреу түнімен құлшылық етіп, аз ғана ғайбат айту немесе басқа бір кемшілігі себебінен түні бойы тапқан сауабынан айырылады. Мәселен таң намазын қаза етсе, болмаса ұйықтамағанын басқалар білсін десе, онда түнімен құлшылық етуден не пайда?!

[16] «Әл-Жәмиъус-Сағир».

[17]«Тин» сүресі, 4 аят.

Бөлісу: