26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адам баласының барлық амалы өзі үшін

Ораза

«Әбу Һурайра (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Мен Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) былай дегенін естідім: «Жаратқан Ие: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін.[1] Мен оразаның есесін беремін»,-дейді.[2]

Мухаммадтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) жаны билігінде болған Аллаһ Тағаламен ант етем! Хақ Тағаланың жанында оразашының аузының иісі[3] мисктің[4] иісінен артық».[5]

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Насаи, Имам Ибн Мажәһ, Имам Ахмад және Имам Табарони риуаят етті.[6]

 



[1] ақиқатында құлшылық тек Жаратушы Иенің разылығы үшін істелінуі себебінен ғалымдар бұл сөздің ұғымына қатысты түрлі пікір айтқан. Мәселен: Аллаһ Тағаладан өзге құлшылық лайық ешкім жоқ. Кәпірлердің өздері жалған тәңірлеріне намаз оқу, зікір ету, садақа беру т.б. жолмен құлшылық еткенімен, пұттарына ораза ұстаумен ешқашан табынбаған. Екінші пікір: намаз, қажылық, жиһад ету, садақа беру т.с.с. ғибадат түрлері көзге түседі. Сондықтан ниеті бұрыс адам бұл құлшылық түрлерін рия, яғни көзбояушылық үшін істеуі де мүмкін. Ал ауыз бекіткен адамның оразасы тек Хақ Тағалаға мәлім. Үшінші пікір: себебі оразаның сауабын Аллаһ Тағаладан өзге ешкім білмейді. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[2] себебі басқа қандай амал істемесін, оны өзгелер көреді. Әрі ол сол амалы үшін алғыс, мақтау естуі ықтимал. Ауыз бекіткен жағдайда, ораза сырт көзге байқалмайды. («Сахихүл-Бухари») Ораза Хақ Тағала ең жақсы көретін ғибадаттың бірі. Әрбір істелген ізгі амалдың сауабы періштелер арқылы берілсе, оразаның сауабын Аллаһ Тағаланың Өзі береді. Себебі ораза жалғыз Аллаһ Тағаланың разылығы үшін ұсталады. Бір хадисте: «Ораза – барлық ғибадаттың есігі»,-делінген. Ораза жүректі нұрландырады. Соның себебінен ғибадаттың барлық түрін орындағанға талпыныс пайда болады. Алайда бұл үшін ұстаған ораза оразаға лайық болу керек. Таң атқаннан кешке дейін құр аш жүру емес. Бәлкім оразаны оның әдеп, талаптарына сай ұстаған жөн.

[3] яғни, ауыз бекіту мен асқазаны бос болу әсерінен оразашының ауызынан шыққан иіс. («Сахиху Муслим») Бұл, кейбір азаматтар ойлағандай, ораза ауызды тазалап, шаюға болмайды деген сөз емес. Хадистің бірінде: «Тазалық – иманның жартысы»,-делінсе, екінші бір хадисте: «Хош иіс – мұсылмандықтың белгісі»,-делінген. Осы себептен ораза ұстаған адам тісін тазаламау себебінен аузынан шыққан иісімен айналадағыларды бездірмей, суды тамаққа кетірместен тісін тазалағаны жөн. Себебі бұл жерде тазаланбаған тістің жағымсыз иісі емес, бәлкім ауыз бекіту себебінен шыққан иіс жайында айтылған. Бұл хадисте ауыздан шыққан жағымсыз иіс жайында айтылуы негізінде кейбір имамдар (ғалымдар) ораза ұстаған адамның түстен кейін мис`уак (тіс тазалағанға арналған талдың тамыры) пайдалануына тыйым салған. Ханафи мазһабының ғалымдарының пікірінше, мис`уакты кез-келген уақытта пайдалануға болады. Бұл – мустахаб, яғни сауапты іс. Себебі мис`уак тісті тазартып, ондағы жағымсыз иісті кетіреді. Бұл мәселеге қатысты ханафи ғалымдардың дәлелдері хадис және фиқһ (шариғат) кітаптарында бар.

[4] миск – хош иісті әтір.

[5] себебі басқа қандай амал істемесін, оны өзгелер көреді. Әрі ол сол амалы үшін алғыс, мақтау естуі ықтимал. Ауыз бекіткен жағдайда, ораза сырт көзге байқалмайды. («Сахихүл-Бухари»)

[6] «Тухфатүл-Ахуази», «Хашиятус-Санади ъалән-Насаи», «Риядус-Солихин», «Зиядатүл-жәмиъис-сағир», «Сунәну Ибн Мажәһ», «Сунәнун-Насаи», «Сахихүл-Бухари», «Сахиху Муслим», «Кәшфүл-Хафа», «Канзүл-Ъүммәл», «Мажмаъуз-Зауаид», «Муснадүл-Имами Ахмад» және «Муъжәмут-Табаронил-Кәбир».

Бөлісу: