02
Сенбі,
Қараша

һижри

Оразаның парыздығы

Ораза

 

«Бiрде Расулуллаһқа (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) Нәждтан[1] шашы ұйпалақтанған адам келдi. Бiз оның көтерiңкi дауысын естiгенiмен, не деп жатқанын түсiне алмадық. Оған жақындай келе ол Ислам жайында[2] сұрап тұрғанын түсiндiк. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Күнiне бес уақыт намаз оқупарыз»,-дегенде,[3] ол: «Бұл айтылғаннан тыс оқуға мiндеттi намаз бар ма?»,-деп сұрады.

- Жоқ. Тек қаласаң осыған қасымша ретiнде нәфiл[4] намаз оқысаң болады. Рамазан айында ораза ұстау – парыз.

 

- Бұл айтылғаннан тыс ұстауға мiндеттi ораза бар ма?

- Жоқ. Тек қаласаң осыған қасымша ретiнде нәфiл ораза[5] ұстасаң болады.

Кейiн Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) зекет беру парыз екенiн айтты. Нәждтан келген адам: «Бұл айтылған-нан тыс беруге мiндеттi зекет[6] бар ма?»,-деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Жоқ. Тек қаласаң осыған қосып[7] берсең болады»,-деп жауап бердi. Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) осы сөзiнен кейiн әлгi адам есiкке қарай кетiп бара жатып: «Құдай ақы! Мен осы айтылғаннан артық немесе кем орындамаймын»,-дедi.[8] Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Бұл жалған сөйлемеген болса[9] тозақ отынан құтылғаны»[10],-деп айтты».[11]

Хадистi Талха ибн Ъубайдуллаһтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Ахмад, Имам Әбу Дауд және Имам Насаи риуаят еттi.[12]

 



[1]мекен атауы. «Нәжд» деп Араб түбегінің орталық үстіртін айтады.

[2]яғни, Ислам шариғатының талаптары жайында. («Сахихүл-Бухари»)

[3]яғни, өтелуі тиіс болған қарыз.

[4]нәфіл – парызға қосымша ғибадат түрі. Мысалы таң намазының екі рәкәғат сүннәт намазы.

[5]мысалы, дүйсенбі және бейсенбі күні ұсталатын нәфіл ораза.

[6]«зекет» сөзінің тілдік мағынасы: даму, өсу, тазару. Шарғи мағынасы: біржылдық несібенің белгілі мөлшерін пақыр, қаріп-қасер т.с.с. беру. «Біржылдық несібеден» мақсат: мал-дүниенің бір жылдық пайдасы. Зекет Пайғамбарымыз с.ғ.с. Меккеден Мадинаға һижрат еткеннен кейін, яғни қоныс аударғаннан кейін парыз етілген. («Әл-Муа`тта») Шариғатта түрлі нәрсенің зекеті мен зекет міндетті болу жолдары қарастырылған. Мәселен, ораза зекетін алайық. Мұны шариғатта «зәкәтүл-фитр» десе, қазақта «пітір садақасы» деп айтады. «Пітір садақасы» үш шартпен міндетті болады. Ол: мұсылман болу, Рамазан айына жету және «пітір садақасы» міндетті болатын мал-дүниенің иесі болу. («Матну Әбу Шужәъ»)

[7] яғни, шариғат міндеттеген зекеттен тыс, яғни көңілі қалаған уақытта бір мұқтажға. Мысалы, пақыр көршіге.

[8]яғни, құлшылығымды шариғат қалай талап еткен болса, солай орындаймын. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[9]яғни, шариғат бұйырған талаптарды орындаса. («Сахихүл-Бухари»)

[10]мол игілікке қол жеткізген болады. («Сахихүл-Бухари»)

[11]яғни, бұл хадис намаз, зекет, ораза т.с.с. ғибадат түрлерінің міндеттілігіне меңзейді. («Нәйлүл-Аутар»)

[12]«Хашиятус-Санади ъалән-Насаи»,«Сунәнун-Насаи», «Сахихүл-Бухари», «Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари», «Риядус-Солихин», «Сунәну Әби Дауд» және «Нәйлүл-Аутар».

Бөлісу: