26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразашыны тамақтандырудың артықшылығы

Ораза

«Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Оразашыны тамақтандырған ораза ұстағанның сауабын алады. Әрi бұл ораза ұстаушының сауабы кемiтiлмейдi».[1]

Хадисті Зәйд ибн Халис Әл-Жүһәниден (родиял-лаһу ғанһу) Имам Ахмад, Имам Тирмизи, Имам Ибн Мажәһ, Имам Ибн Хиббан және Имам Табарони риуаят етті.[2]

«Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Умму Ъумараға (родиял-лаһу ғанһа) кiргенiнде, ол Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тамақ ұсынды. Нәби (с.ғ.с.): «Сен де тамақ ал»,-дегенде Умму Ъумара (родиял-лаһу ғанһа): «Мен оразамын»,-деп жауап берді. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ақиқатында оразашының қолынан бiреулер тамақтанып жатқан уақытта перiштелер оған игілік тілеп жатады»,-деді».[3]

Хадисті Умму Ъумара Әл-Ансариден (родиял-лаһу ғанһу) Имам Тирмизи риуаят етті.[4]

«Салман (родияллаһу ъанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар.[5] Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды[6] сауап алғанға себеп етті.[7] Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады.[8] Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады.[9] Бұл – сабыр айы.[10] Ал сабырлықтың сыйы – Жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни аштықты сезініп, кембағал-дарға жанашырлық ету айы.[11] Бұл айда мүминнің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді.[12] Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемсітілмейді. Сонда сахабалар (родияллаһу ъанһум): «Уа, Расулуллаһ! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді»,-дегенде, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі[13] – Хақ Тағаланың рахметі,[14] екінші бөлігі – кешірімі,[15] үшінші бөлігі – тозақтан азат болу.[16] Хақ Тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді.[17] Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ»,-деп куәлік ету[18] және көп истиғфар айту.[19] Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ Тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу.[20] Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді»,-деді».

Хадисті Салманнан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Ибн Хузайма және Имам Әл-Байһақи риуаят етті.[21]

«Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Рамазан айында үмметіме ілгеріде ешбір үмметке берілмеген бес ерекшелік берілді.[22] Алла Тағала үшін оразашының ауызының иісі мисктің иісінен артық.[23]Судағы балықтар ауыз ашатын уақытқа дейін ораза ұстағандар үшін Хақ Тағаладан күнәлары кешірілуін тілейді.[24] Алла Тағала күніге жәннатты әшекейлеп: «Көп ұзамай Менің ізгі пенделерім дүниенің машақатынан босап саған келеді»,-дейді.[25] Ерекше бүлікші шайтандар Рамазаннан тыс уақытта жаман қылықтарын істегендей істей алмау үшін Рамазан айында кісенделеді.[26] Әрі соңғы түні ораза ұстағандардың күнәлары кешіріледі»,-деді. Сонда Расулуллаһтан (с.ғ.с.): «Уа, Расулуллаһ! Ол Қадір түні ме?»,-деп сұралғанда,[27] Ол (с.ғ.с.): «Жоқ. Алайда жұмысшының ақысы жұмыс біткеннен кейін беріледі»,-деп жауап берді».

Хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Ахмад, Имам Әл-Баззар, Имам Әл-Байһақи және Имам Ибн Хиббан риуаят етті.[28]

«Кәъб ибн Ъүжра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бізге: «Мінбарға жақындаң-дар!»,-дегеннен соң біз мінбарға жақындадық. Кейін Ол (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бірінші баспалдағын басып: «Әмин!»,-деді. Екінші баспалдағын басқанда да: «Әмин!»,-деді. Кейін үшінші баспалдағын басып тағы да: «Әмин!»,-деді. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) уағыз айтып, мінбардан түскеннен кейін біз: «Уа, Расулуллаһ! Біз бүгін Сізден бұрын естімеген нәрсені естідік»,-дегенімізде, Ол (с.ғ.с.): «Маған Жәбрәил (ғ.с.) келді. Мен мінбардың бірінші баспалдағын басқанымда, ол: «Рамазан айын қарсы алып, кешірімге лайық болмаған опат болсын»,-дегенде,[29] мен: «Әмин!»,-дедім.[30]Мінбардың екінші баспалдағын басқа-нымда, ол: «Жанында Сіздің есіміңіз аталып тұрып, Сізге салауат айтпаған опат болсын»,-дегенде,[31] мен: «Әмин!»,-дедім. Кейін мінбардың үшінші баспалдағын басқанымда, ол: «Ата-анасының екеуі немесе бірі қартайған шағында оларға қарамау себебінен жәннатқа кіре алмаған опат болсын»,-дегенде,[32] мен: «Әмин!»,-деп жауап бердім»,-деді».

Хадисті Кәъб ибн Ъүжрадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Әл-Хаким, Имам Табарони, Имам Бухари, Имам Әл-Баәһақи және Имам Ибн Хиббан риуаят етті.[33]

 



[1] бұл хадисте екі мәселе бар. Бірінші мәселе: адамдардың ішінде: «Мен ораза ұстамай-ақ ауызашар жасап ораза ұстағанның сауабын алсам жеткілікті»,-дейтіндер бар. Бұл пікір нәфіл оразаға келеді. Себебі нәфіл ораза ұстау әркімнің еркіндегі іс. Мысалы, дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсталатын нәфіл ораза. Қалаған адам ауыз бекітеді, қаламаған бұл күндері ораза ұстамайды. Рамазан айындағы парыз оразаға келер болсақ, бұл оразаны барлық мұсылман ұстауы тиіс. Ораза ұстамастан бір емес, бәлкім мың ауызашар жасасын, ол парыз оразаның бір мезетің де толтыра алмайды. Шариғатта бәлиғатқа толған мұсылманның Рамазан айында ауыз бекітпеуіне рұқсат ететін жағдайлары бар. Ол: Ауру асқынатын, не айығуы кешігетін жағдайда. Аяғы ауыр әйел баласына, не өзіне зиян келуінен қорықса. Емізулі баласы бар әйел. Ораза тұту өлімге себеп болса. Сапарда болу. Хайз (етеккір). Нифас (әйел босанғаннан кейін келетін етеккір). Соғысу. Зұлымдыққа душар болу. Ораза тұтуға шамасы келмесе. Мысалы, өте қарт кісі. Мұндай кісі әр күніне белгіленген көлемде ақшалай, заттай садақа береді. Осы адамдар тек қаза оразаларын ұстайды. Кәффарат төлемейді. Сондай-ақ, қазаларын тұтас ұстауы шарт етілмейді. Екінші мәселе: ауызашар жасағанның өзі ораза ұстамаған болса, онда оразашы алған сауапқа тең сауапты иеленеді. Бұл жағдайда кейбіреулер ойлағандай оразашы сауапсыз қалмайды. Бәлкім оған оразаның сауабы міндетті түрде жазылады. Егер аузы берік болса, онда ораза ұстағанның сауабымен бірге оразашыны тамақтандырғанның сауабын, яғни екі есе артық сауап алады.

[2]«Әл-Жәмиъус-Сағир»,«Тухфатүл-Ахуази»,«Риядус-Солихин», «Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир», «Сунәнут-Тирмизи», «Кәшфүл-Хафа», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Муъжәмут-Табаронил-Кәбир», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-шафиъи» және «Канзүл-Ъүммәл».

[3] ауызашар жасағанның өзі ораза ұстамаған болса, онда оразашы алған сауапқа тең сауапты иеленеді. Бұл жағдайда кейбіреулер ойлағандай оразашы сауапсыз қалмайды. Бәлкім оған оразаның сауабы міндетті түрде жазылады. Егер аузы берік болса, онда ораза ұстағанның сауабымен бірге оразашыны тамақтандырғанның сауабын, яғни екі есе артық сауап алады.

[4]«Тухфатүл-Ахуази»,«Риядус-Солихин» және «Сунәнут-Тирмизи».

[5] Бұл сөз Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) адамдарды Шағбан айының соңғы күндерінде Рамазанның бірде-бір мезетін зая кетірмеу мақсатында адамдарды арнайы ескертуі болып табылады. Рамазанның құндылықтарын баян еткеннен кейін Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. Оның біріншісі – Қадір түні. Расында да бұл түннің маңыздылығы үлкен.

[6] яғни, тарауих намазын.

[7] бұдан тарауих намазын оқу талабы тікелей Аллаһ Тағала тарапынан болып жатқаны мәлім болды. Кейбір хадистердегі Расулуллаһтың (с.ғ.с.): «Мен тарауих намазын Өзімнің сүннәтім еттім»,-деген сөзі осы айтылғанды растау және оның маңыздылығын арттыру болып табылады. Осы себептен төрт мазһабтың имамдары бірауыздан тарауих намазы сүннәт деген көзқараста болған. «Бурһан» кітабында бұл мәселені «рауафиз»-дерден (рауафиз – діни ағым) басқа жоққа шығармайды делінген.

[8] яғни басқа айда істелген парыз амалдың сауабын алады.

[9] Рамазан айындағы бір нәфіл құлшылықтың сауабы басқа айда орындалған парыз амалдың сауабына тең, ал парыздың сауабы басқа айда орындалған жетпіс парыздың сауабына тең болады. Осыдан соң біз де бұл берекелі айда парыз және нәфіл амалдарды орындағанға қаншалықты көңіл қойып жатқанымызды ойланғанымыз жөн. Алайда біз көбінесе сәресі ішіп, артынша ұйықтайтын әдетіміз бар. Осының себебінен намазға да тұрмаймыз, жамағатқа да бармаймыз. Нәтижеде біздің Хақ Тағалаға деген шүкіршілігіміз намаз тәрізді парыздың ең маңызды түрін орындамағанға, болмаса ең кем дегенде намаздың маңызды талаптарының бірі – жамағаттан бас тартқанға келіп тіреледі. Дін саласының заңгерлері жамағатсыз оқылған намаз кәміл емес десе, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Мешітке жақын тұратындар намазын тек мешітте оқысын»,-деген.

[10] Кейбіреулердің Рамазан айы жаз маусымына келгенде ыстықтан үрейленіп жан дауыстары шығатын әдеттері бар. Біз керісінше оразаның қандай машақаты болмасын, оған қуана сабыр етуіміз қажет. Дәл сол тәрізді сәресіге ұйықтап қалса таң атқаннан соған шағынданатындар бар. Егер тарауихта тұру қиын болса, соны қайғы-қасірет пен опатқа айналдырмай, сабыр ету керек. Себебі сабырсыздықтың соңы қатты өкінішке алып келуі мүмкін. Дүниенің болмашы ісі үшін демалысымызды құрбан етіп, ішкен асымызды жерге қоямыз! Ал осының барлығы Хақ Тағаланың разылығымен теңесе ала ма?!

[11] Рамазан айында кембағалдар мен мұқтаждарға ерекше көңіл бөлу керек. Өзіміз үшін жасаған он түрлі астың кем дегенде екеуі немесе үшеуі кембағалдардың ақысы болуы тиіс. Оларға жасалған ас, өзіңе жасаңғаннан артық болмаса да, кем болмау керек. Әрі шамаға қарай сәресі мен ауызашарда олардың ақысы болғаны жөн. «Рухүл-Баян», Имам Суютыйдың (рохматул-лаһи ъаләйһи) «Жәмиъус-Сағир» және Сахауидің (рохматул-лаһи ъаләйһи) «Мақасид» атты кітабында Омардың (родиял-лаһу ъанһу) мынадай риуаяты бар. «Расулуллаһтың (с.ғ.с.): «Менің үмметімде үнемі Хақ Тағалаға ерекше жақын бес жүз пенде мен қырық әбдәл (әулие) болады. Қырықтың бірі көз жұмса, оның орнына бес жүз пенденің бірі келеді»,-дегенде, сахабалар (родиял-лаһу ъанһум): «Олардың қандай ерекше амалдары болады?»,-деп сұрады. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Олар залымдарға кешірім етеді, жамандыққа жақсылықпен жауап береді, Хақ Тағала оларға нәсіп еткенін басқалармен бөліседі және қайырымдылық етеді»,-деп жауап берді».

[12] мәселен, әйгілі мухаддис Хаммад ибн Саләма (рохматул-лаһи ъаләйһи) күніге елу адамға ауызашар беретін.

[13] яғни, бірінші он күндігі.

[14] яғни, Рамазанның бірінші бөлігінде Аллаһ Тағаланың нығметтері молая түседі. Хақ Тағаланың бұл рахметі барша мұсылманға нәсіп болады. Ал ол үшін шүкіршілік еткен пенделер үшін рахмет молая түседі. Бұл мәселеге қатысты Аллаһ Тағала: «Егер шүкіршілік етсеңдер, бергеннің үстіне бере түсемін»,-деген. («Ибраһим» сүресі, 7 аят).

[15] Рамазанның бір бөлігі өткеннен кейін оның сыйы мен құрметі кешірімнен басталады. Ал оразаның үшінші бөлігі тозақ отынан азат ету болып табылады.

[16] көп хадисте Рамазанның соңындағы тозақ отынан азат етілудің сүйіншісі жайында айтылған. Жоғарыда айтылғаннан Рамазан үш бөлімнен тұратыны анықталған болатын. Қаламгердің ойынша бұл үш бөлім рахмет, кешірім және тозақ отынан азат етілу болып бөлінуі адамдар үш топқа бөлінуіне байланысты. Бірінші топқа күнәсі болмаған адамдар жатады. Бұларға Рамазанның бірінші күнінен бастап рахмет пен нығметтің нөсері нәсіп болады. Екінші топқа біршама күнәсі болғандар жатады. Оразаның бірнеше күнінен кейін, соның сыйы ретінде оларға оразаның берекеті мен күнәлардың кешірімі нәсіп болады. Үшінші топқа күнәлары көп болғандар жатады. Бұлар оразаның басым бөлігі өткеннен кейін тозақ отынан азат етіледі. Рамазанның бірінші күнінен Хақ Тағаланың рахметіне қол жеткізіп, күнәлары кешірілгендер мол игілікке ие болады.

[17] себебі қызметші де ораза ұстайды. Ал оразада жұмыстың көп болуы оларға ауыр соғады. Жұмыс көп болған жағдайда жәрдемге бір-екі жұмысшыны қосымша жалдаудың да оқасы жоқ. Ал өзі ораза ұстамай, ораза ұстаған қызметшілерін жұмысқа айдақтаған беті қалың қатыгез ие жайында не десе болады?! Мұндайларға қатысты Хақ Тағала: «Зұлымдық етушілер (өлімнен кейін) жақын арада қандай халде қайтарылатынын біледі          »,-деген. («Әш-Шуъара» сүресі, 227 аят).

[18] «Лә иләһә илләл-лаһ» – кәлима шаһадат (куәлік сөзі). Хадистерде бұл кәлима «зікірдің абзалы» делінген. «Мишкәтта» Әбу Саъид Әл-Худри (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен хадисте былай делінген: «Муса (ғ.с.) Аллаһ Тағаладан: «Я, Аллаһ Тағала! Сені әрдайым еске алатын, әрі Саған үнемі дұғада ететін сөз үйретші»,-деп өтінгенде, Аллаһ Тағала: «Лә иләһә илләл-лаһ»,-деп айт»,-деді. Сонда Муса (ғ.с.): «Я, Аллаһ Тағала! Мұны Сенің барлық пенделерің оқиды. Мен ол тек өзім айтып жүретін сөз болуын қалаймын»,-дегенде, Хақ Тағала: «Я, Муса (ғ.с.)! Таразының бір жағына жеті қабат аспан мен жеті қабат жерді және ол екеуінде болғанның барлығын қойып, екінші жағына «кәлима таййиба»-ны, яғни: «Лә иләһә илләл-лаһ»,-деген сөзді қояр болсаң, «Лә иләһә илләл-лаһ» таразының басын тартып кетеді»,-деп жауап берді». Хадистің бірінде бұл сөзді ауыр күнәлардан сақтану шартымен шын жүректен айтқан жағдайда кәлима үшін аспанның есіктері ашылып, ол ешбір кедергісіз Хақ Тағаланың аршысына жетеді делінген. Хақ Тағала әрбір нәрсені қажетіне қарай береді. Дүниеге қарасаң барлығына қажетті болған нәрсе, сол қажеттілігіне қарай барлығына ортақ та болады. Мәселен суды алайық. Аллаһ Тағала Өзінің рахметіне сай оны баршаға ортақ және жететіндей етіп, ал қажеті аз болған нәрсені аз етіп жаратты. «Кәлима таййиба» – зікірдің абзалы. Хадистерден бұл зікір басқа зікірлерден абзал екені мәлім. Аллаһ Тағала кәлиманы айтуды баршаға жеңіл етті. Осындай бола тұрып біреу оны айтудан бас тартса, ол оның қарақам басының қайғысы.

[19] истиғфар – Аллаһ Тағаладан кешірім сұрау. Истиғфардың құндылықтары жайында хадистерде көп айтылған. Бір хадисте: «Аллаһ Тағала истиғфарды көп айтқан пендесіне кез-келген қиын жағдайдан құтылу жолын ашып, барлық қайғыдан азат етеді. Әрі оған ол күтпеген жерден ризық нәсіп етеді»,-делінсе, екінші бір хадисте: «Кез-келген адам белгілі деңгейде күнәһар болады. Күнәһарлардың абзалы – күнәсіна өкініп тәубеге келгені»,-делінген. Күнә істеген шақта пенденің жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер тәубесіне келсе, ол дақ өшіріледі. Болмаса дақ болып тұра береді.

[20] Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) төрт нәрсеге көңілімізді ерекше аударып, Рамазан айында ол амалдарды көбейтуімізді бұйырды. Ол: «кәлима тоййиба» мен истиғфарды көп айту және Аллаһ Тағаладан жәннатқа кіргізу мен тозақтан сақтауын көп тілеу. Осы себептен осы төрт амалға не құрлым көп уақытымыз жұмсалғанын бақыт деп білуіміз керек. Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) сөзін құрметтеу дегеніміз осы. Оған қоса тілімізбен Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) салауат, кәлима айтып жатып тіршілігімізбен айналысудың не қиындығы бар?! Мұның сауабы мәңгілікке қалады.

[21]«Фадаил-аъмәл»  және «Канзүл-Ъүммәл».

[22] ол бес нәрсе Хақ Тағаланың бұл үмметке сыйлаған ерекше нығметі. Ендігі кезекте соның қадіріне жетіп, иеленгенге әрекет етсек еді!

[23] күні бойы тамақ ішпеу себебінен ораза ұстаған адамның аузынан жағымсыз иіс шығады. Сол иіс Хақ Тағала үшін мисктің иісінен артық. Мухаддистердің (хадис ғалымдарының) бұл сөзге қатысты сегіз түрлі пікір бар. Соның ішінде үш түрлі пікір басымды тәрізді. Бірінші пікір: Ақыретте Аллаһ Тағала сол жағымсыз иістің есесіне мисктен де абзал, хош иісін тіпті миі сезінетін әтір сыйлайды. Бұл пікір айқын. Әрі бұл мәселеде пікірталас жоқ. Екінші пікір: Қиямет күні адамдар қабірден тұра бастағанда ораза ұстағандардың ауызынан хош иіс шығып тұрады. Бұл ораза ұстағанның белгісі болады. Үшінші пікір әуелгі пікірден абзал. Ол: Аллаһ Тағала осы дүниеде-ақ ауыз бекіткен адамның аузынан шыққан иісті жақсы көруі.

[24] адам үшін көп нәрсе дұға етеді. Хадистің бірінде ораза ұстағандар үшін періште дұғасы жайында айтылса, басқа бір хадисте Аллаһ Тағала бір пендесін жақсы көрсе, Ол Жәбрәилге (ғ.с.): «Мен бұл пендемді жақсы көремін. Сен де оны жақсы көр!»,-деп бұйыратыны жайында айтылған. Жәбрәил де (ғ.с.) оны жақсы көріп бүкіл көкке: «Аллаһ Тағала пәленше пендесін жақсы көреді. Сендер де оны жақсы көріңдер!»,-деп жар салады. Сонда аспанның барлық тұрғындары ол пендені жақсы көре бастайды. Осыдан соң жерге сол пендені жақсы көру жайында бұйрық түсіріледі.

[25] сонымен қатар, басқа хадистерде жәннат Рамазан үшін жылдың басынан әшекейленеді делінген.

[26] Рамазан айында Хақ Тағаланың рахметі молайып, құлшылықтың көбеюіне байланысты шайтандар адамдарды азғырғанға барынша күш салу керек еді. Алайда Рамазан айында күнә азаятыны – ақиқат. Дегенмен қандай болғанда да күнә істеледі. Бұл жағдай хадисте айтылғанға күмән тудырмауы керек. Себебі хадисте «ерекше бүлікші шайтандар» кісенделеді делінген. Демек бұдан тыс шайтандардың азғыруы айтқанға тұрмайды. Бір хадистерде «ерекше бүлікші шайтандар» «әмірге бойсұнбайтын» деп сипатталған. Қандай болғанда да бұл бас қатыратындай нәрсе емес. Себебі күнә шайтанның азғыруымен істеледі. Шайтанмен жыл бойы қоян-қолтық араласқанның нәтижесінде нәпсі күнә істегенге әдеттенеді. Нәтижеде адам біреуді ғайбаттауды күнә емес, әдет деп түсінеді. Осы себептен күнә істеп қалыптасып қалғандар Рамазанның уақытында да күнә істейді. Ал нәпсі – адамның ажырамас бөлігі. Мұның да әсерін ескерген жөн. Рамазан айында күнә істелудің тағы бір себебі бар. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Күнә істеген шақта адамның жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер адам тәубесіне келсе, ол дақ өшіріледі. Болмаса дақ болып тұра береді. Басқа бір күнә істесе, тағы бір нүкте пайда болады. Осылай жүрек қарайып кеткенге дейін жалғаса береді. Нәтижеде мұндай жүрекке жақсылық дарымайды»,-деген. Мұндай жағдайда жүрек күнә істегенге бейім болады. Осы себептен көп адам күнәні ойланбай істейді. Бірақ басқа бір күнәға тап болса, одан жеркенеді. Мәселен арақ ішетін адамға доңыз етін ұсынса, ол одан жеркенуі мүмкін. Алайда арақ ішу де, доңыз етін жеу де ауыр күнә. Дәл осы тәрізді Рамазаннан тыс уақытта жүрек күнә істеу себебінен қараяды. Нәтижеде мұндай адам Рамазан айында күнә істеуі үшін шайтанның да керегі болмай қалады. Демек, егер хадисте барлық шайтанның кісенделуі жайында айтылса, бұл айтылған Рамазан айында күнә істелу мәселесіне қайшы емес. Ал егер хадисте «ерекше бүлікші» шайтандар жайында айтылған болса, бұл жағдайда хадистің растығы мүлдем күмән тудырмайды.

[27] Рамазан түндерінің төресі Қадір түні болуы себебінен сахабалар (родиял-лаһу ъанһум) мұндай мол игілік тек сол түні болуы мүмкін деп ойлады. Алайда Қадір түнінің құндылығы бөлек. Қадір түніне қатысты мәселені «Қадір түннің артықшылығы» тақырыбынан қараңыз.

[28]«Мажмаъуз-Зауаид», «Муснадүл-Имами Ахмад», «Фадаил-аъмәл»  және «Канзүл-Ъүммәл».

[29] Хақ Тағалаға ерекше жақын болған Жәбрәил (ғ.с.) тәрізді періштенің теріс батасы аз нәрсе емес. бұл пенде Аллаһ Тағаланың кешірімі мен рахметі нөсерлеп жауған берекелі Рамазан айын селқостық және күнә істеумен өткізді деген сөз. Рамазан айын осылай өткізу себебінен Хақ Тағаланың кешірімінен мақрұм болған жан басқа уақытта қалай кешіріледі. Әрі ол опатқа ұшырауына қандай күмән болуы мүмкін. Ал Рамазан айында кешірімге лайық болудың жолы – орындалуы міндетті болған амалдарды, яғни ауыз бекіту мен тарауих намазын ықыласпен орындап, істеген күнәсі үшін шын жүректен тәубеге келіп, сол үшін көп кешірім сұрау.

[30] Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) өзі оның айтқанын растағаннан ол қаншалықты ауыр дұға екені байқалып тұр. Хақ Тағала бізді осы үш нәрседен сақтап, олардың жаманшылығынан аман етсін! Болмаса опат болуымызда ешбір күмән жоқ. «Дурру Мансурда» келтірілген хадистерден Жәбрәилдің (ғ.с.) өзі Расулуллаһқа (с.ғ.с.): «Әмин!»,-деп айтуды бұйырғаны анықталды. Осы себептен Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) өзі: «Әмин!»,-деп айтуы бұл мәселеде мұқият болуымызды талап етеді.

[31] бұл мәселе көптеген хадисте баян етілген. Кейбір ғалымдардың пікірінше, Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) жайында айтылып жатқан уақытта оған салауат айту – уәжіп, яғни міндетті. Расулуллаһқа (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) салауат айтуда сараңдық еткенге қатысты көптеген ескертулер бар. Кейбір хадисте салауат айтпаған адам бақытсыз және сараң делінсе, бір хадистерде қатыгез және жәннатқа баратын жолдан адасқан болып сипаттаған. Сонымен қатар, кейбір хадисте ондай адамды жаһаннамға кіруші және күнәһар деп айтқан. Бір руаятта ол тіпті Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) жүзін көре алмайды деген. Осыдан Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) салауат айтпағандарға қатысты ескертулері қаншалықты қатаң, әрі ауыр екені байқалады. Неге олай болмасқа?! Расулуллаһқа (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бір рет салауат айтқан адамға Аллаһ Тағала он рет рахметін жолдайды. Періштелер дұға етіп, күнәлары кешірілуін, дәрежесі өсуін, Ухуд тауындай (Ухуд – Мадинаның жанындағы таудың атауы) сауап алуын, Расулуллаһтың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) шапағаты оған міндетті түрде нәсіп болуын т.с.с. тілейді. Пендеге осыдан басқа не керек?! Бұл айтылғаннан тыс салауатты белгілі мәрте айтудың Хақ Тағаланың разылы мен рахметі нәсіп болуы, Қияметтің қайғы қасіретінен аман болу, жантәсілім сәтте жәннаттағы орынын көру т.б. құндылықтары бар. Оған қоса салауаттың себебінен пенде кедейліктен аман болып, Хақ Тағала мен Оның Елшісіне (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ерекше жақын болады. Дін заңгерлері салауатты өмірінде бір мәрте айту – парыз деген. Төрт мазһабтың имамдары бұл мәселеде бірауыздан келіскен. Сонымен қатар, имамдар Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) жайында айтылған сәтте, әрбір айтылғанда салауат айту керек пе, әлде жоқ па деген мәселеде түрлі көзқарасты ұстанып, ғалымдардың бір тобы Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) жайында әрбір айтылған сайын салауат айту уәжіп десе, екінші тобы мустахаб деген.

[32] ғалымдар шариғат талап еткен нәрседе ата-анаға итағат ету жайында айтқан. Сонымен қатар, оларға құрметсіздік етпеу, олар тіпті мушрик (Аллаһ Тағалаға серік қосушы) болса да, олармен қарым-қатынаста тәкаппарланбау, оларға дауыс көтермеу, оларды атын атап шақырмау, бір істе оларға басшылық етпеу, оларды жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю ісінде ілтипатты болу, айтқанды қабыл етпесе де оларға рақымдылық ету, Аллаһ Тағаладан олар үшін һидаят, яғни дұрыс жолға салуын тілеу жайында да айтқан. Бір хадисте: «Жәннаттың ең абзал есігі – әке. Қаласаң – оны сақта. Қаласаң – одан мақрұм бол»,-делінген. Бір сахаба Расулуллаһтан (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) ата-ананың ақысы жайында сұрағанда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Олар сенің жәннатың, болмаса тозағың»,-деп жауап берген. Яғни ата-ананың разылығы – жәннат, наразылығы – тозақ. Хадистің бірінде Жаратушы Ие ата-анаға бойсұнбаудың жазасын осы дүниеде-ақ жантәсілім сәтте беретіні жайында айтылған. Бір сахаба (родиял-лаһу ъанһу) Расулуллаһқа (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) келіп жиһадқа баруды қалайтынын айтқанда, Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сенің анаң тірі ма?»,-деді. Сахаба (родиял-лаһу ъанһу): «Иә, тірі»,-деді. Сонда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Онда соған қызмет ет! Жәннат анаңның аяғынын астында»,-деп бұйырды. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін олар үшін көп дұға ету және истиғфар айту пендені ата-анасының разылығын алғандардың қатарына қосады.

[33]«Әт-Тарғиб», «Әш-Шәъб», «Әл-Мирқат», «Тухфатүл-Ахуази», «Фадаил-аъмәл» және «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

Бөлісу: