26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әйел адамдардың мешітке бару әдебі

Әйел адамдардың мешітке бару әдебі

Намаз

Әйел адамдардың мешітке баруына шариғатымызда тыйым салынбаған. Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінің бірінде: «Егер әйелдерің мешітке баруға рұқсат сұраса, оған тыйым салмаңдар», - делінген.

Әйел адамдар мешітке барғанда зейнетін жауып барумен қатар тағы мынадай әдептерге көңіл бөлгені жөн:

Бірінші: Мешітке барарда әтір себінбеу.

Абдулла ибн Масғудтың жұбайы Зейнеп: «Алла Елшісі (с.ғ.с) бізге: «Егер біреулерің мешітке барсаңдар әтір себінбесін», - деді», - деген хадисті жеткізеді.

Екінші: Хайыз және нифас халінде мешітке бармау.

«Хайыз» дегеніміз – әйел кісінің жатырынан ай сайын қайталанып бөлінетін қан. «Нифас» сөзінің тілдік мағынасы – босану. Ал шариғат тұрғыдан қаралатын нифас дегеніміз – әйел кісінің жатырынан босанған соң бөлінетін қан. Жүніп болу да осылардың үкіміне кіреді. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Сондай-ақ, жүніп күйінде шомылмайынша, (бой дәретсіз намаз оқымаңдар)». хайыз бен нифас халіндегі әйелдердің мешітке кіруге болмайтынына тағы бір дәлел мысал Айша анамыздан жеткен мына хадис: «Маған Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мешіттен жайнамазды алып берші», - деді. Мен болсам: «Мен хайыз халіндемін», - дедім. Сол кезде Ол (с.ғ.с): «Ақиқатында сенің хайызың қолыңда емес», - деді». Хадистегі Айша анамыздың (с.ғ.с) «Мен хайыз халіндемін», - деген сөзінен әйел адамның хайыз кезінде мешітке кіруге болмайтынын аңғарамыз. Умму Салама анамыз Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай дегенін жеткізді: «Расында жүніп және етеккір күйдегі адамға мешітке кіруге болмайды».

Үшінші: Намаз оқығанда ер адамдармен араласып тұрмау.

Әйел адамдардың сапы ер адамдардың сапының артында болады. Әйел адам намаз барысында ер адамнан қаншалықты алыс тұрса, соншалықты абзал әрі хайырлы. «Ер кісілердің саптарының хайырлысы – алдыңғысы, ал нашары – соңғысы. Әйелдердің саптарының хайырлысы – соңғысы, ал нашары - алдыңғысы» (Муслим). Осы тұста айта кететін жайт, егер әйелдердің намазханасы еркектердікінен бөлек орналасқан болса, онда әйелдерің де саптарының жақсысы әуелгісі, ал нашары соңғысы болады. Өйткені, хадистегі «Әйелдердің саптарының хайырлысы – соңғысы, ал нашары - алдыңғысы», - деудегі басты себеп – олардың ер адамдардан барынша алыс тұруы. Ал олардың намазханасы бөлек болған жағдайда, бұл себеп түскендіктен үкім де жойылады.

материал «Ислам әдептерінің энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: