25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Салауатты жамағат» атты VI қалалық спорттық ойындар сайысы өтті

«Салауатты жамағат» атты VI қалалық спорттық ойындар сайысы өтті

Ел іші
Жарнама

27 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz – Астана қаласы мешіттерінің жамағаты арасындағы «Салауатты жамағат» атты дәстүрлі қалалық спорттық ойындар өткізілді, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен қала мешіттері жамағаты арасындағы бірлікті, бауырмашылдық пен салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, жалпы адами құндылықтарды, гуманизмді және толеранттылықты қалыптастыру мақсатында өтетін қалалық спорттық ойындар осымен VI рет ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның ашылуына қатысқан ҚМДБ Жастар ісі секторының меңгерушісі Көпен Әділет:

«Қалалық спорт ойындарына қош келіпсіздер! Ислам дінінде денсаулыққа көңіл бөлініп, салауатты өмірдің маңызы өте жоғары бағаланады. Жастық шақтағы қадірі білінбес уақыт пен денсаулық нығметін бағалауға бағытталған іс-шараның берері зор», - дей келіп, спорттық додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осы шараға арнайы қатысқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің І наиб имамы Қанат Қыдырмин, ҚМДБ-ның  І наиб мүфтиі, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сонымен бірге іс-шараның мақсаты жайында тоқталды.

«Жарыстағы мақсат – жамағат арасындағы бірлік. Ендеше, жарыс барысында қандай тартыстар болатын болса, бұл күш арасындағы тартыс. Алайда, жүрегіміз бір болуы тиіс. Алла Тағала ісімізді оңғарып, ризалығына бөлесін», - деп жүрекжарды лебізін білдірді Қ. Қыдырмин.

Сонымен қатар, шараның ашылу салтанатына қатысқан арнайы қонағы Астана қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Жапал Долиев спорттық ойындардың маңызына тоқталды.

«Мұндай іс-шараның Астана қаласындағы мұсылман жамағаты үшін берері мол. Түпкілікті мақсаты – бірлік пен ынтымаққа шақыру. Шын мәнінде бірлік пен ынтымақ болған жерде жетістік пен биік белесті бағындырудың жолы ашық болары анық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауға бағытталған көптеген шаралар атқарылып жатыр. Осындай спорттық шараларды дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігіне Астана қаласы әкімдігінің атынан алғысымызды білдіреміз», - деді Ж. Долиев мырза.

Жарыс ережесі бойынша, 16-35 жас аралығындағы 5 адамнан құралған мешіт командалары  «Асық ату», «Арқан тарту», «Гір тасын көтеру», «Қол күресі»,  «Өгіз тартыс» қатарлы аталымдар бойынша сайысқа түсті. Сонымен бірге, қызықты өткен «Сәлемдесу», «Үй тапсырмасы» қатарлы айналымдарда қатысушылар өздерінің ұлттық өнерлері мен спорттық ерекшеліктерін көрсетті.

Тартысты спорт додасы бес сағатқа созылды. Қазылар алқасы балдық жүйемен топтың белсенділігін бағалап, шын жүйрікті анықтауға ден қойды. Әділ қазылардың ортақ ұйғарымымен үздік деп танылған мына командалар жүлделі орындармен марапатталды.

І орын «Әлжан ана» командасы («Әлжан ана» мешіті)

ІІ орын – «Қыран» командасы («Нұр Астана» мешіті)

ІІІ орын – «Сұлтан» командасы («Әзірет Сұлтан» мешіті)

Сондай-ақ, спорттық ойындар сайысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншылар жеке-жеке марапатталды. Жарысқа қатысып, белсенділік танытқан өзге топтарға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.

Байрақты бәсеке Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратындағы спорт залда  өтті.

 {gallery}2019/02/27022019/Spartakiada/{/gallery}

Бөлісу: