25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бас қалада «Құнанбай» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

Ел іші
Жарнама

Елордада режиссер Досхан Жолжақсынов жетекшілігімен түсірілген «Құнанбай» толықметражды көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл жайында E-ISLAM порталы хабарлады.

Көркем туынды хәкім Абайдың әкесі, кемеңгер Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды.

Ел билеу ісі мен ағайын арасын жарастыру, руаларық татулықты сақтап тұру секілді қиын да жауапты қызметте Құнанбай қажы қашан да әділдікке жүгініп отырған. Елінің жанашыр перзенті болып жаратылған ол бұқараның алдындағы парызы мен қарызын терең ұғына білген жан. Фильмде Құнанбайдың көрегендігі, данышпандығы, әділдігі, дәстүрді құрметтейтіндігі анық көрсетіледі.

Режиссер кинокартинада Құнанбайдың тек жеке басы ғана емес, сонымен қатар, XIXғасырдағы қазақ қоғамының шынайы келбетін көрсетуге тырысыпты.

«Бұл тың шешімдерге толы туындыда қазақтың өткен ескі өмірін де көруге болады. Фильмде жалпы Құнанбайдың өзге де қырларын ашқымыз келді. Құнанбай – аса күрделі тұлға, билік тізгінін ұстаған кезіндегі қайраткерлігі қарама-қайшылықтарға толы. Ол би, болыс, аға сұлтан болып биліктің үш тұтқасын қатар ұстап, шариат жолына тура көзқараспен қараған ұлы адам. Құнекеңнің осындай ерекше қырларын бір фильмге сыйдыруға тырыстық. Фильм Абай ауданы, Қарауыл ауылында түсірілді. Түсірілім жұмыстары 1 ай 18 күнде бітті. Ал, дайындыққа тура бес жылдай уақыт жұмсадық. Киноны Хадиша Бөкеева апамыздан, кеше дүниеден озған Әшірбек Сығай ағамыздан дәріс алған менің үзеңгілес достарымның басын қосып түсірдім. Түсірілім барысында бес жүздей киіз үй тіктік. Тіпті, қара дауыл соғып, 200-ге жуық киіз үйді жел көтеріп кеткен кездер де болды. Тамашалаған көрермен қауымның қазақтың ескі өміріне саяхаттап қайтқандай әсер алатынына сенімім мол» деді Д.Жолжақсынов.

Көркем фильмнің сценариін Досхан Жолжақсыновпен бірге кеше ғана дүниеден өткен алаш ардақтысы, жазушы Таласбек Әсемқұлов жазды. Ал, музыка авторы - белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов. Фильмге түсуге елімізге танымал актерлармен бірге Семейдегі Абай атындағы және Достоевский атындағы театрлардың актерлары да тартылған.

Айта кетейік, фильм жалпыұлттық прокат көрсетілімге 25-ші мамырдан бастап шығады. 

ummet.kz-ақпарат 

Бөлісу: