26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтады

Ел іші
Жарнама

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсіміне қатысты. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы айтулы шарада монумент тұғырына гүл қойып, барша халықты осынау мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

«Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады.

Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Керей мен Жәнібек ту көтергенде, тарихта «Қазақ хандығы» құрылды. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыз біздің тарихымыз терең екенін білуі керек. Елордамыз Астанадан басталып 2000 жылдық тарихы бар Таразда жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін өте керек. Тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін осы мерекені өткізіп отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы қазақтың тарих қойнауынан өсіп келе жатқан ел екенін көрсетеді Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын!» деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті. «Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын» деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент қаланың батыс бөлігінде, «Тараз-Арена» спорт сарайына қарама-қарсы орналасқан. Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған. 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: