26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бас мүфти: ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ел іші
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі отандастар, ардақты қазақ жұрты!

Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке – Құрбан айт мейрамы айрықша аталып келеді. Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам – Құрбан айт құтты болсын!

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады.

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу – пенденің иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған. 

Мүбәрак мейрамның құрметі үшін барша жамағатты, азаматтарды мүгедектер, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни 

басқармасының төрағасы, бас мүфти 

Бөлісу: