27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге бірігіп қарсы тұруға шақырды

Ел іші
Жарнама

Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессия отырысына қатысып, халықаралық терроризмге қарсы тұру туралы пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Айтулы шараға Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті  А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, ҰҚШҰ бас хатшысы Н.Бордюжа, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволары басшылары да қатысты.

Кездесу кезінде өңірдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері және жедел әрекет ететін ұжымдық күштердің оқу-жаттығуын өткізу нәтижелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардың төндіретін ықтимал қатерлері екенін атап өтті.

«Мойындауымыз керек, өкінішке қарай, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары осындай радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына барып жатады. Бұл жайт біздің тарапымыздан қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді шараларын қабылдауды талап етеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ Тәжікстан халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің алдыңғы шебінде екенін алдыға тарта отырып, барлық елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан осы одақтас елге экономикалық көмек көрсетуге тиіс екенін атап айтты. «Қазақстан биыл бауырлас елге 2,7 миллион доллардың азық-түлігі мен құрылыс материалдарын жіберді» деді  Мемлекет басшысы. 

ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: