1 ақпан. АСТАНА. Ummet.kz – Мешіт жанынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал-Даму» ЖШС-ның стандарттары бойынша сертификатталған адал өнімдерді сатумен айналысатын арнайы дүкен ашылды, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Дінімізде адал астың маңызы айырықша. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабылдамайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Ей, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят) десе, мүміндерге: «Ей, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деп әмір еткен» деді әңгімесін жалғастырып: «Қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы кір, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға ететін бір кісі туралы: «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?» деді» (Мүсілім, «Зекет», 65).
Міне, сондықтан да бүгінгі таңда халық арасында адал ризықтың мәні мен маңызын түсінген жұртшылықтың «халал» стандартына сай өміндерге деген сұраныстың артып келе жатқаны көңіл қуантады.
Осы сұранысты ескере отырып, мешіт жанынан «Safua» деп аталатын адал азық-түлік дүкені өз жұмысын бастады. Дүкенде күнделікті тұтынуға арналған ет, сүт өнімдері мен азық-түлік сатылуда. Айталық дүкенде жылқы, сиыр, қой, тауық еттері, фарш, шұжықтар мен сүт өнімдері мен сусындар сатылумен қатар мешітке келушілер үшін тандыр самса, ыстық шай, т.б. азық-түлік өнімдері ұсынылып отыр.
Дүкен таңғы 09:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс жасайды.