8 қазан. АСТАНА. Ummet.kz – Астана Техника-экономикалық колледжінің спорт кешенінде Бас мүфти Cерікбай қажы Сатыбалдыұлының жүлдесі үшін қазақша күрестен V Республикалық турниріне іріктеу сайысы өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілдігі, «Нұр Астана» орталық мешітінің және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жаны саудың тәні сау» жобасы аясында доцент, ф.ғ.к. Мухитдинов Рашид Сражұлының жетекшілігімен Исламтану мамандығы бойынша магистранты Байзақ Мақсаттың ұйымдастыруымен өткен спорт додасына қала мешіттерінің жамағатынан іріктелген 14 палуан қатысты.
Турнир талаптарына сәйкес іріктеу сайысында 18 жастан асқан, салмағы 74 кг-нан жоғары, кәсіпқой спорт саласынан тыс әуесқой палуандар күш сынасты.
Іріктеу сайысының ашылу салтанатында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов шараның маңызы мен мақсаты жайында айтып өтті.
Білекті палуандар арасында өткен белдесу нәтижесі төмендегідей болды. Қазылардың орта ұйғарымымен үшінші орынға «Әс-Сәлам» мешітінің палуаны Төле Аманжол ие болса, 2 орынды «Әзірет Сұлтан» мешітінің палуаны Айсағалиев Нұрдәулет еншіледі. Ал бірінші орынға «Төлебай» мешітінің палуаны Жұмағали Алмаз лайық деп танылып, Республикалық V турнирдің жолдамасын ұтып алды.
Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақы табысталды.