16 шілде. АСТАНА. Ummet.kz – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, Астана мешіттерінің қызметкерлері мен жамағаттарынан құралған командалар арасында футболдан жарыс өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Астана қаласы Теміржолшылар кенті «әс-Сәлам» мешіті жанындағы спорт алаңында «Ел жүрегі – Астана» атты футбол жарысына өкілдікке қарасты мешіт имамдары, мешіт жамағатынан құралған 9 команда қатысты.
Мерекелік жарысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі Жастар бөлімінің қолдауымен «Сәдуақас қажы Ғылмани» және «әс-Сәлам» мешіттері ұйымдастырды.
Жарыс нәтижесінде І орынды «Шейх Кунта қажы» мешітінің «Арландар» командасы иеленді. Ал, ІІ орынды «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің «Сарыарқа» командасы, ІІІ орынды «әл-Ғани» мешітінен жасақталған «әл-Ғани» командасы жеңіп алды. І орынға 50,000 тг және кубок табыс етілді. ІІ, ІІІ орынға бағалы бұйымдар сыйлыққа берілді.
Сондай-ақ, үздік шабуылшы Аймақанов Нұрлан («Әзірет Сұлтан» мешіті), үздік қорғаушы Әлмен Нұрсұлтан («әс-Сәлам» мешіті), үздік қақпашы Досмағамбетов Нариман («Ырыскелді қажы» мешіті) қатарлы ойыншылар арнайы дипломдармен марапатталды.