18 маусым. АСТАНА. Ummet.kz – «Нұр Астана» орталық мешітінде Астана қаласындағы мешіттерінің іріктелген шәкірттері арасында «ИМАНИ ЖАЗ – 2018» жазғы діни сауат ашу курсында ұйымдастырылған «Кел, балалар, оқылық!» атты білім сайысы өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігіне қарасты мешіттерде мектеп оқушыларына арналған «Имани жаз-2018» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті. Аталмыш курс бойынша, «Нұр Астана» орталық мешітінде 500-ге жуық шәкірт білім алса, өкілдікке қарасты мешіттерді қосқанда 1500-ге жуық бала тәлім алды. Осы уақыт ішінде 6-15 жас аралығындағы жас балалар имандылық пен тәлім-тәрбиені мүмкіндігінше бойына сіңіре білді деген үміттеміз.
Курста «ҚМДБ 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын» (тұжырымдаманың 5.1-тарауы) негізге ала отырып, жас балаларға имандылық, тәртіп пен тәлім-тәрбие беру, отансүйгіштікке баулу мақсатында арнайы дәрістер жүргізілді. Онда оқушыларға діннің негіздері қысқаша әрі нақты түсіндірілумен қатар аталы сөздер, мақал-мәтелдер, ғибратты әңгімелер мен ғалымдарымыздың (Абай, Шәкәрім, Әл-фараби тб) еңбектерінен дәрістер жүргізілді.
Курс соңында ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен «Кел, Балалар, Оқылық!» атты білім жарысы өтті. Бұл додаға әр мешіттен «жүзден жүйрік» бір шәкірттен қатысып, бақ сынасты. «Құран және тәжуид», «Үй тапсырмасы», «Жүзден жүйрік» атты айналым бойынша білім бәсекесіне түсті.
Сайысқа «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы, ҚМДБ-ның Пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов, «Астана» медресесі директорының орынбасары Қанат Қалымбетов, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Нариман Исенов қатарлы білікті дін мамандары төрелік етті.
Білім сайысының нәтижесінде І орын «Нұр Астана» орталық мешітінің шәкірті Тілеумұрат Әділет, ІІ орын «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің шәкірті Сәулетхан Айбота, ІІІ орынды «Ырыскелді қажы» мешітінің шәкірті Арман Малика иеленді. «Төлебай» мешітінен келген Башар Әли есімді 5 жасар шәкірт Алланың 99 көркем есімін еш шатаспай, әрі нөмірімен сұрағанда айтып бере алғанына көрермендер тәнті болды.
Бас жүлдеге Велосипед, 2,3-орындарға да бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге, ай бойы өткізілген тоғызқұмалақ, шахмат, асық ойындарынан (ханталапай, бес асық) жүлделі болған 18 шәкіртке сыйлықтар табысталды. Қатысушыларға да ынталандыру ретінде ойыншықтар мен ұлттық нақыштағы сый-сыяпаттар таратылды. Сонымен бірге, шәкірттер арасында жүргізілген «Менің көрікті мешітім» атты сурет байқауының нәтижесі жарияланып, көрермен көзайымына айналған қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілді.
Іс-шараның соңында балаларды ақ дастарханға шақырып, жеміс-жидек, тәттілер, сусындар мен дәмділер берілді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
"Сәдуақас қажы Ғылмани" мешіті:
"Әл-Ғани" мешіті:
"Шейх Кунта қажы" мешіті:
"Ырыскелді қажы" мешіті: